• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Шілде, 00:41:19
Алматы
+35°

09 Шілде, 2024 NEWS

Енді құмар ойын ойнаған шенеуніктер қызметінен босатылады

Мемлекеттік немесе әскери қызметкерлердің құмар ойын ойнағаны белгілі болса, қызметінен босатылады. Бұл туралы Спорт және туризм вице-министрі Мирас Төлебаев айтты.

Көрнекі сурет

«Мемлекеттік немесе әскери қызметкердің құмар ойын ойнағаны туралы факт анықталса, ол бірден қызметінен босатылады. Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты ескерту жасалмайды. Бірден қызметтен босайды», – деді Төлебаев

Сенат Қазақстандағы лудоманияға қарсы күрес жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және 21 жасқа толмаған адамдарға құмар ойын ойнауға тыйым салынады. Құжат сонымен қатар букмекерлік кеңселердегі ставкаларды есепке алу жүйесін реформалап, шотты толтыру және ұтыс алу кезінде биометриялық сәйкестендіруді енгізеді.

«21 жасқа дейінгі азаматтарды, борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған азаматтарды, сондай-ақ, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектелген адамдарды қатысуға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу бойынша түзетулер енгізілді», – деп көрсетілген заң жобасына қорытынды мәтінінде.

Түзетуге сәйкес, электрондық және интернет-казиноларды ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілік болады. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды оңалту және оларға консультациялық бақылау жүргізу тәртібін белгілейді.

Туризм министрлігінің хабарлауынша, жеті мыңнан астам қазақстандық eGov Mobile арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге өз-өзіне шектеу қойды. 

ҚР азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі онлайн қызмет 18 наурызда пилоттық режимде іске қосылған. Бірінші сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, қызметті жеті мыңнан астам адам пайдаланған. Қағаз форматында құмар ойындар мен бәс тігуден үш мыңнан астам адам өздерін шектеген.

Ойын бизнесіне қатысты аппараттық-бағдарламалық кешендерін интеграциялау тәртібі «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарында белгіленген тәртіппен реттеледі.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: құмар ойын

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір