18 Қыркүйек, 2024 NEWS
Фото: almaty.tv сайты
Almaty TV күзгі телемаусым қарсаңында көрермендерге жаңа бағдарламалар, телешоулар мен телехикаялар әзірлеумен қатар, дизайны жеңіл әрі көңілге қонымды – Алматы қаласының символы саналатын алма түріндегі «А» әрпі мен «ТV» деген қысқарған сөзі бар жапырақ бейнеленген жаңа логотипін таныстырды.
Жаңа лого – телеарнада 2022 жылы басталған өзгерістің жалғасы. Ол кезде біртұтас имидждік бағыт-бағдар аясында рестайлинг жүргізіліп, Almaty TV дамуының жаңа сатысын: дәстүрлі эфир мен интернет-орта үйлесімін, сондай-ақ шығарылатын бағдарламалардың экологиялық тазалығын бейнелейтін арна айдентикасы қанық жасыл түске ауыстырылған еді.
Заманға сай тәсіл телеарнаның басты «өнімі» – бұрынғыдан да ширақ әрі ақпараттық сипаты басым бола түскен жаңалықтар өндірісінде де қолданылады. Жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалардың берілу форматы толығымен өзгерді, ол үшін халықаралық тәжірибе негізінде озық телевизиялық құрылғылар қолданылып, жаңа көрсету ережелері әзірленді.
Жалпы, Almaty TV 25 жылдығында көрермендеріне 25 тележоба, оның ішінде өз өндірісінен шыққан 8 жаңа телехикая ұсынды.
Бұдан өзге, телеарна командасы Алматы қаласы мен тұрғындары туралы бағдарламалар топтамасын: бизнес дамуы туралы «Made in Almaty», қаланың өткені мен болашағы жайлы «Алматы көшелері» бағдарламаларын, сондай-ақ қала белсенділерімен бірге жасалатын «Кері байланыс» жобасын шығаруды жоспарлап отыр. Президент Жұмысшы мамандықтары деп жариялаған жыл қарсаңында Almaty TV арнасында өмірін қолөнерге арнаған алматылықтар туралы «Ізгі қала тұрғындары» жобасы жарыққа шығады. Телеарна эфирі сондай-ақ әр жастағы, әртүрлі ұлт өкілдері мен кәсіп иелерінің көңілді сәттерімен безендіріледі.
Осыдан біраз уақыт бұрын Almaty TV республикалық мәртебе алып, ребрендинг жасап, басты студиялық павильонын жаңартып, көрсетілім тұжырымдамасын түбегейлі өзгерткен болатын.
Соның нәтижесінде 2 жылда телеаудитория 70% өсіп, сайт қаралымы 5 есеге – жылына 9-дан 45 млн қолданушыға дейін көбейді. Коммерциялық кіріс 2 есеге өсті. Мемлекеттік тілдегі өзіндік өндіріс үлесі 88%-ға жетті.
Дереккөз: almaty.tv сайты
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір