• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:02:24
Алматы
+12°

«Зығырданды қайнататын тірлік қой, мынау! «Айтсам тілім күйеді, айтпасам ділім күйеді» демекші, бетін тіліп, айтып-айтып тастамаса болар емес қой, жүдә. Бір емес, екі емес, немене әйтпесе? Сыйласып жүрген соң үндемей-ақ, келдім. Шыдамның да шегі бар, шегінер жол қалмады. «Артымда Мәскеу». Дегенге көнсе көнді, көнбесе езуіне еңіретіп, үш саусақты иіскетіп жіберейін».

Жаңағы бір ауыз сөз іштегі жайтастың білтесіне от тигізіп, алай-дүлей етсін. Тау қопаратын екпінмен далаға атып шықтым.

...Біздің мекемеде бір қора адам кіріп-шығып, айлық алып жүретін. Ен жайлау болмаса да, емін-еркін өрісі бар бұл мекемені де нарық дейтін жарықтық тары қуырғандай қуырып, қусырып-ақ келеді. Анда-санда келіп, есінеп қайтып жүргендердің көпшілігі «штат қысқартудан» ықшамдалып, бебеулеп без теріп кеткелі қаш-шан! Мекеме өрдегілердің ойындағынша, оңтайланып-ақ қалды-ау. Бірінің түсін, бірінің есімін еске түсір алмай алжасатын көп кісіден саусақпен санарлық қызметкер қалды қазір. Бастық, оның орынбасары – мен, есепші келіншек, шопыр, үй сыпырушы. Болды. Әзірге қалқайып жүргеніміз осы бесеу. «Ағайынды алтау едік, өле-өле жетеу болдықтың» кері ме?

Обалы не керек, бастықтың мен дегенде ықыласы тәуір-тін. Үнемі жылы сөйлеп, ілтипат білдіріп жүреді. Кейде мадақтап, сыйлық беріп қоятыны да бар. «Рахмет» деймін де, бергенін қалтама сала салып, риза болып, құнтиып жүре беретінмін. Бұл мекемеде ең стажы көп мен. Штат қысқартудың «оғына» ілінбей жүргенімде соның арқасы болар.

Бірақ соңғы кезде бастықтың маған деген көзқарасында кілтипан бар секілді. Бұрынғыдай көп іздемейді, олай-бұлай жұмсай да бермейді. Бар-жоғым көк тиын секілді. Тіпті әнеугүні өзі:

– Әупей, жұмысқа күнде келіп, әуре болмай-ақ, тек дүйсенбіде хабарласып тұрсаң болды. «Срочно» қажет болсаң, шақыртармын, – деген.

–Е, – дедім де онша мән бермедім.

Ілгеріде жаз болса болды, сандалып, далада түнейтінбіз. Құрт-құмырсқа, шегіртке-пегірткемен күресетін өсімдік қорғаудың аудандық бөлімшесінің көктемде күн күркірегеннен, күзгі салқын жаңбыр сіркірегенге дейін айдалада уралап уымызды шашып, үстіміз лақ-текедей сасып, егістіктердегі зиянкестерді қырып-жойып, босып жүретінбіз. Біз жүрген жерде майда-шүйде жәндік атаулы жүрмейтін. Шыңғырып қашатын. Ол да болса құдайдың берген абыройы екен-ау, шіркін. Қайран, сағым жылдар!

Соңғы бірер жылда құрт-құмырсқа азайды ма, әлде оларды құрту жолын өздері тауып алды ма, ешкім келе ғой деп жалынбайды. «Жау қайда?» деп қылышты жалаңдатуға өзіміздің де құлқымыз жоқ. Себебі, қаржы жоқ, дәрі жоқ, май жоқ, жоқ, жоқ...Әйтеуір өзіміз бармыз. Бармыз деп таңдайымызды тақылдата алмаймыз. Көз тиейін деп тұр-ау, шамасы. Бастық бір сөзінде: «Әлі де ықшамдалыңдар» деген тапсырма бар деп қалған. Содан алдын ала сақтанып, жұмысқа күнде екі мезгіл келемін де тұрамын. Бірақ істейтін жұмыс жоқ, мәнісін жоғарыда айттым ғой.

Кеше де басекең жылы шыраймен: – Ай сайын беріп жатқан айлығымыз жоқ, сендерден де ұятты болдым. Күнде кел деп қинамаймын. Жұрт секілді сауда-пауда жасап, әрекет ете беріңдер. Керек кезде шақыртамын. Біз Қызғалдақ екеуіміз (есепші келіншек) есептерді реттеп, кеңседе болармыз, – деп қамқорсыған. Осы сөзінен секем алып қалдым. Бастық біткеннің «Жұмыстан кешіктің, неге келмедің?» деп зіркілдейтін әдеті емес пе? Бұл кісінің мұнысы несі? «Батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық». Жылжытып, жылжымалатып, суындырып, сыртқа итере салар. Бір күні «штатың қысқарды» дей салмақшы ма? Менің көкейімнің қалтарысындағы ұры ой осы. Әншейінде жұмысқа кешігіп келетін басым, қазір жарты сағат бұрын кеңсенің алдында қауынның қарақшысындай қаздиып тұрамын. Кешке зорға дегенде кетемін. Істейтін ісің болмаған соң да қиын екен, ескі-құсқы газет-жорналды жиып әкеліп, оқимын да отырамын. Бастық пен есепші екеуі бірдеңе-сірдеңені қайта-қайта есептеп, бірінің кабинетіне бірі кіріп-шығып, қапылысып жүреді, әйтеуір. Не істейтіндерін итім біліп пе.

«Көп іздемеймін» дегені көңілімді көктеп, шалқамнан түсіп шалжиып жатсам, бастықтың шофері келіп, бүгін келмей-ақ қойсын деген хабарды тағы да айтты. Осыдан соң ғой, біз тыққандай шошып түскенім. Секемшіл көңілімнің түкпіріндегі бұғып жатқан ашудың бәрі атойлап, қойқаптың аузына келді. Жылы-жылы сөйлеп жүріп, жылп еткізейін деген екен, оңбаған! Не пәле әйтпесе?!  Келмей-ақ қой дегені аздай, енді үйге хабар жіберіпті. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», «қараңды батыр» дегенді бопсалағаны ғой бұл, намыстан жарылып өліп барамын,. Қорлық қой мынау! Талай жыл «социалистік жарыс жеңімпазы» болған адамның еститін сөзі осы ма? «Быламық ішем деген асым ба еді!» Ойбай-ай! Сұмдық, масқара!

Кеңсеге қарай шуылдап, ұштым содан. Аяғым  әр жерден бір тиеді. Бара бастықтың жағасынан ала кетпесем...

Қыстақ шетіне орналасқан мекеменің есігін салдыр-сұлдыр еткізіп, ішке кіріп бардым. Мәссаған, тым-тырыс ешкім жоқ қой мұнда. Сол екпінмен  бастықтың кабинетінің есік тұтқасына жармастым. Дегенмен, аптығым басылып қалыпты. Сұсы бар. «Әулие қолдамаса есек делдал болмайды». оңай адам бастық бола ма? Сонда да кері шегінбей, есікті еңіретіп тартып кеп қалайын... Тартып қалдым да, қалшиып қатып қалдым. Я әрі, я бері кете алмай, арбалаған албастыдай болғанымды қарашы. Не көріп тұрмын, айран асырмын. Көзің болған  соң көреді екенсің. Диван үстінде басекең есепші келіншекті тас қып құшақтап, аузына аузын салып жатыр екен. Ұят-ай! Өлдім-ау! Сілейіп я ары, я бері кете алмай тұрып қалыппын. Әйтеуір бір кезде сасқалақтап:  – Сәлеметсіз бе? – деппін ғой. Ұмар-жұмар екеуі тоқ ұрғандай селк етісті де апыр-топыр атып тұрысты. Беттері – қасапшының итінің аузы-басындай қып қызыл. Ұяттың өрті шығар, кім білсін. Менің де жетісіп тұрғаным шамалы, осы екеуінің бірі өзге емес, өзім секілді өртеніп барамын.

Есін тез жинаған басекең мені сыртқа итере-митере шығарып, есікті тарс жапты. – Тапқан екенсің сәлемдесетін жерді, – деді ышқырын ұстап, ырсылдап тұрып. – Келмей-ақ қойсын! – деген хабар жібердім ғой, сен сүмелекке. Не іздеп жүрсің, бұл жерден, итің лақты ма?! Ертеңнен бастап көзіңе көк шыбын үймелетермін, оңбаған! Шаруаларын бітіріп алсын деп жеңілдік жасасам. – Сәлеметсіз бе? – деп ербиіп жетіп келіпсің, сәплак!

Мәністі енді түсінген мен сүмпиіп тұрып: – Кешіріңізші, басеке! – деп қыңсылағандай болдым-ау, нем бар еді?!

Нұрмахан Елтай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір