19 Қыркүйек, 2024 NEWS
"Шығын 650 миллион теңге": Ішкі істер министрлігі іздеуде жүрген алаяқтарды ұстады
Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстады.
Көрнекі сурет
Деректерге сенсек, жәбірленушілерге келтірілген шығын 650 миллион теңгеден асады.
"Қарағанды қаласында 45 жастағы ер адам құрықталды. Ол 2018 жылдың шілдесінде өзі Ақтөбеде бола отырып, елордада жылжымайтын мүлік сатып алып беру сылтауымен 100 миллион теңгені иемденген. Алматыда 44 жастағы әйел ұсталды. Ол көкөністер мен жемістерді жеткізу сылтауымен азаматтарды 516 миллион теңгеден астам сомаға алдаған", – делінген министрлік хабарламасында.
Астанада 60 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол өткен жылдың қыркүйек айында жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй сатып алу сылтауымен 30 миллион теңге жымқырған.
"Сонымен қатар Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында 30 жастағы қазақстандық азамат қолға түсті. Ол да алаяқтық жолмен ондаған миллион теңгені қалтаға басқан", – деді министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Жалпы қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері полиция 1 360 қылмыскерді ұстап, мыңнан астам жоғалған адамның орналасқан жерін анықтады.
Еске салайық, бұған дейін 27 миллион теңге жымқырған қазақстандық әйел Түркиядан экстрадицияланғанын жаздық. Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматыдағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған қаражатты заңсыз иемденген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір