22 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар
Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады
Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Ашық дереккөз
Құжат Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді. Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова заң жобаларына зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеу үшін бірқатар норма енгізілгенін айтты.
- Біріншіден, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл түріндегі жаза не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу. Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу. Екіншіден, кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптау, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жазаның «бас бостандығын шектеу» балама түрі алынып тасталып, тек бас бостандығынан айыру қарастырылады, - деді ол.
Депутаттың айтуынша, жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасы қолданылады.
- Үшіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты немесе отбасында әкімшілік, қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптар қолданылады. Атап айтқанда, сот шешімі бойынша олардан медициналық ұйымдардан психологиялық көмек талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ зорлық-зомбылық деректерін уақытылы анықтау үшін уәкілетті органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламаларға ден қою мүмкіндігі қарастырылған, - деді ол.
Сондай-ақ суицидке итермелегендер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
- Суицидтің алдын алу мақсатымен өзін-өзі өлтіру немесе оған итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады. Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланы қорқыту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі, - деді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір