• USD 468.98

  • EUR 493.74

  • RUB 7.59

  • CNY 66.79

04 Желтоқсан, 09:10:02
Алматы
-6°
Қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша айыпталып, соты өтіп жатқан оппозиция саясаткері, тіркелмеген Демократиялық партияның лидері Жанболат Мамайдың қылмыстық істі доғару туралы өтініші жарияланды. Белсенді мәлімдемесі төменде толығымен ұсынылып отыр.
 
Құрметті сот!
Қазір менің үстімнен ҚР Қылмыстық Кодексінің үш бабына сәйкес іс ашып отыр. Тағылған айыптардың бір де бірі бойынша өзімді кінәлі санамайтынымды ашық мәлімдемекшімін. Бұл қылмыстық қудалаудың ешқандай да заңды мазмұны, менің тарабымнан ешқандай да қылмыстың жоқ екенін, тек мені Қазақстанның саяси қайраткері ретіндеқудалаудың саяси мағынасы ғана бар екенін тағы да қайталап айтамын.
 
Алдымен мені ұстап, соңынан, 2022 жылдың 12 наурызы күні, екі ай қамауда қалдыру туралы санкция берілді. Маған қылмыстық Кодекстің 274 бабының 2 және 3-тармағы мен 378 бабының 2-тармағы бойынша айып тағылды. Сіз бұл баптардың біріншісі орташа қылмыстық, ал екіншісі қылмыстық теріс қылық болып саналатынын ескерсеңіз деймін. Өйткені, менің ісіммен байланыстыруға келмейтін кейбір мәселелерді есептемегенде, қылмыстық процесуалдық Кодекс орташа қылмыс бойынша күдіктіні қамауға алуға тиым салады. Алайда, заңның бұл тармағы тергеуші үшін де, прокурор мен тергеу соты үшін де менің бостандығымды шектейтін ең қатал шешім шығаруға еш бөгет болған жоқ. Құрметті сот, Сіз бұл қылмыстық істі қабылдай салып, мені дереу үйқамаққа ауыстырдыңыз. Сондай шешім қабылдай отырып, сотқа дейінгі тергеуші органның маған қатысты шығарған шешімінің еш негізсіз екенін мойындадыңыз.
 
Енді өзіме тағылған айыптың мәнісі туралы.
 
Біріншіден, мені полиция қызметкеріне тіл тигізді деп айыптап отыр. Айыптаушы істе: «өз міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне тіл тигізгенін түсіне отырып, полиция қызметкерлері туралы жағымсыз пікір қалыптастыру мақсатында, қасақана, елдің алдында мынандай сөздер айтты: «Мына полиция қызметкерлері, бұлар ұлттың сатқындары, нағыз халқына опасыздық жасағандар, мына маска тағып алған қарабеттер барлығы, мына сияқты сүмірейген сүмелектер, бұлар отанынаопасыздық жасайтындар». Ал, бұл сөзді мен қашан айтқан едім?
 
Былтыр 18 қыркүйек күні біз Абай ескерткішінің алдында митингке шықтық. Мәшинеден шыққаным сол еді, есімдерін атамаған полиция қызметкерлері тарпа бас салып, жерге жықты да, еш негізсіз күш көрсетіп, үстімдегі киімімді жыртты. Олардың арасында құқық қорғаушы органдардың форма кимеген қызметкерлері де, СОБР сарбаздары да болды. Мен жаңағы сөзді осы оқиғадан кейін айтқан болатынмын. Айыптаушы істе мен ол сөзімді қайдағы бір Тоқсанбаев, Болатбаев дегендерге қаратып айттым деп көрсеткен. Алайда, мен олардың кім екенін білмеймін де, Тіпті, неге бұл адамдардың, осы іс бойынша, өздерін жәбірленуші санайтыны да түсініксіз. Сол күні ол жерде тұрған оншақты полиция қызметкерінің ішінен тек осы екеуінің ғана «жәбір» көргені мен үшін жұмбақ. Мен ешкімнің де атын атағам жоқ, нақты бір полиция қызметкеріне қаратып сөз айтқам жоқ. Мен «қарабет» деп, бейбіт демонстранттардың конституциялық құқын бұза отырып, оларға қарсы дөрекі күш қолданған полиция қызметкерлерін атадым. Менің ол сөздерім нақты бір адамдарға тіл тигізгенім емес, бейбіт митинг өткізуге жол бермейтін бүкіл құқық қорғаушы жүйеге қарата айтқан сыным болатын. Олардың ондай әрекетінің нәтижесі неге алып келгенін биылғы қаңтарда көрдік.
 
Ең алдымен, бұл сөзге арқау болған полицияның авторитарлы режімнің жазалаушы органы ретінде қалыптасып қалған образы. Назарбаев режімі күштік құрылымдарды азаматтардың құқы мен мүддесін қорғау үшін емес, бейбіт митингке шыққандарға қарсы байлаулы итіндей қолданды. Біз, бірқатар саяси талаптарымызды көтеріп, бейбіт мақсатта жиналған сол күні де, билік құқық қорғаушы органдарға митинг өтетін жерге бізді жібермеу туралы бұйрық бергеніне еш күмәнім жоқ. Заң мен хақ үстемдік құрған қоғамда полицей қылмысты бұйрықты орындауға міндетті емес. Ол заң сөзі мен конституцияға бағынуға тиіс. Митинг барысында полицейлерге қарата жаңағы сөзімді айта тұрып, мен оларды дәл осы заңсыз әрекеттері үшін сынаған болатынмын. Мен, бүгін Назарбаевтың жемқор жүйесін қорғап жүрген полицейлер, ертең, құдай оның бетін ары қылсын, қытай экспансиясы бола қалса, еш икембестен қытай режіміне де қызмет ететінін айттым. Өз ұстанымы жоқ полицейлер нан табу үшін кімге болса да қызмет етеді. Олар, бастықтарының айтқанынан шығу үшін, қандай да болмасын қылмысты бұйрықты орындайды. Қаңтар оқиғасы оны айқын көрсетіп берді. Бейбіт митингке шыққандарға оқ атқан, он екі жасар баланы, төрт жасар Айкөркемді өлтірген құқық қорғаушы органдардың қызметкерлері жәй қарабет қана емес, жәй сатқын да емес, нағыз қанішерлер мен жауыздар. Мен дәл қазір, осы орында отырып, қаңтар қасіреті кезінде бейбіт азаматтарды қазаға ұшыратқан полицейлер, сендер баскесер жендетсіңдер, өз халқыңды жазалаушысыңдар! Тозақтың отында жанасыңдар!
 
Ұсталғандарды азаптаған, қинап, мазақ қылған полицейлер тек сынға ғана емес, елдің лағынетіне, қарғысына лайық. Әлеуметтік желілердегі комментарийлерді оқып шығыңызшы, олар туралы жүздеген мың адамның не ойлайтынын өзіңіз де көресіз. Менің айтқандарым полиция қызметкерлерінің намысына тиген болса, онда олардың жұмысына шынымен көңілі толмайтын миллиондаған азаматтарды не істейміз? Міне, мәселенің мәні қайда жатыр! Істегі бұл эпизодқа қатысты ешқандйа да қылмыс жасамағанымды, ал, ол күнгі сөздерім, өзімнің конституциялық құқымды бұзған, полицейлердің қызметіне таққан ауыр сыным екенін мәлімдеймін. Сондықтан, соттан қылмыстық Кодекстің осы бабы бойынша маған тағылған айыпты алып тастауды өтінемін.
 
274 баптың 2-тармағы бойынша қарастырылған қылмыстық іске, яғни, қасақана жалған ақпарат тарату туралы іске келер болсақ, ол таза сандырақ. Біріншіден, менің кредит амнистиясына қатысты айтқан барлық сөздерімнің бейне жазбасы бар. Мен ешқашан да мемлекет несие рақымшылығы туралы жариялады, бәрінің қарызын кешіреді деп айтқан емеспін. Мен тек Агенттіктің, ипотекалық несиені қаржы жағынан реттеу үшін қабылдаған, бағдарламасын елге түсіндіруге тырыстым. Мен өзімнің бейне жазбамда сол туралы айтамын. Екіншіден, маған әлеуметтік желідегі сөзімнен кейін, Агенттікке түрлі өтініш-арызымен 21 мыңнан астам қазақстандық шағымданды деген айып тағып отыр. Сондай-ақ, айыптаушы істе Агенттіктің Алматыдағы ғимаратына 300-ге жуық адам келді деп көрсетілген. Осы тұста, мемлекеттік органдарға мынандай сұрақ қойғым келеді: ел-жұрттың өздеріңе арыз-шағым жазғанының несі қылмыс? Олар, шынымен де, түрлі себептермен мойнындағы борыштарын өтей алмай, қаржыдан қиналып отырған азаматтар ғой. Оның үстіне, қаржы нарығын реттеу жөніндегі Агенттік кредитін төлеу мерзімін созып алған ел-жұрттың тікелей екінші деңгейдегі банктерге, немесе Агенттікке шағымдануына болатынын мәлімдеген болатын. Сотқа дейінгі тергеу органдарының мен жасады-мыс қылмысқа келтірген аргументінің бірі – қаржы нарығын реттеу Агенттігінің алдында жүздеген азаматтың жиналғаны. Бірақ олар ешқандай да қоғамдық тәртіпті бұзған жоқ қой. Агенттік те, басқа да бір мемлекеттік орган ешқандай да зардап шеккен жоқ. Осыған орай тағы бір мысал келтіре кетейін. Путин ішінара мобилизация туралы жариялаған соң, жүздеген мың ресейлік Қазақстанға қарай ағылды. Олар есеп-шот ашып, жеке идентификациялық нөмір алуға ұмтылған кезде, халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында нөпір пайда болды. Тіркелу үшін мыңдаған адам кезекте тұрды. Мемлекеттік орган қызметкерлері оларға сусын, тамақ тасып, асты-үстіне түсті. Ал, біздің өз азаматтарымыз, борыштары жөнінде арыздарын тапсыру үшін, қаржы Агентігіне барған кезде неге сондай жағдай жасалмады? Жұрт бір мезгілде жиналып, өз проблемалары туралы арыз жазғанның несі қылмыс?
 
Үшіншіден, тұрғындарға несиесі бойынша рақымшылық жасау керек екені ертеден-ақ пәісіп-жетілген мәселе болатын. Тіпті, ол проблеманы Тоқаев та мойындап, жуырда, кредиттің кесірінен қиын жағдайда қалған азаматтарға қалай көмектесу туралы, жоспарын ұсынатынын жариялады. Біз бұл мәселені сонау 2020 жылы-ақ көтеріп, азаматтарға кредиттік амнистия жариялау үшін қол жинаған едік. Бізді қолдаған жұрттың саны 100 мыңға жуықтаған. Несие рақымшылығын қолдағандардың тізімін президент әкімшілігіне жөнелтіп, олар оны ресми түрде қабылдап алған болатын. Ол турады БАҚ-тарда жазылды, мемлекеттік органдардан ресми жауап та алғанбыз.
 
Төртіншіден, 2021 жылдың 15 қарашасында-ақ, біз, борыш проблемасы бар бір топ азматпен бірге, Қаржы гарығын реттейтін Агенттік басшылығымен, дәлірек айтсам, Терентьев мырзамен кездескен болатынбыз. Оның сол жолы айтқаны біздің аккаунтарымыздағы тікелей эфирде көрсетілді. Ол біздің Агенттікке арыз-шағым жазуымызға қарсы болған жоқ, керісінше, петицияны қарастыруға екі апта қажет болатынын айтқан.
 
Сонда, бұдан қандай қылмыстық құқық бұзушылық көріп тұрсыздар? Тергеу органдары қылмыстық Кодекстің нормалары бұзылғанын қалай анықтады?
 
Сондай-ақ, соттың назарын сотқа дейінгі тергеу барысында жіберілген заң бұзушылыққа аударғым келеді. 2021 жылдың желтоқсанында, Қазақстан Республиксының отыз жылдығына орай амнистия жариялау туралы заң қабылданды. Қылмыстық кодекстің маған жапқан екі бабы да осы заң нормасына сай болатын. Осыған орай, мен сотқа дейінгі тергеу органдарына өзіме қатысты қылмыстық істі доғару туралы арыз жаздым. Алайда, ол арызымды қанағаттандырмады. Тіпті, маған, 274 баптың 2-тармағы бойынша, 2,5 млн теңге шығынды өтеуді міндеттеп отырғанын естіген жұртшылық ол соманы дереу жауып тастады. Бірақ, сотқа дейінгі тергеу органы оны да елемеді.
 
Осы іс бойынша тергеу кезінде, маған 272 баптың 1-ші тармағы мен 274 баптың 4-ші тармағы бойынша тағы екі айып тағылды. Дегенмен де, қылмысым жоқ болған соң, доғарылды. Осының бәрі маған қатысты қылмыстық істің саяси астары бар екенін анық көрсетіп берді. Менің әрекеттерімде ешқандай да қылмыстық құқық бұзушылық жоқ, тек Қазақстанның саяси билігінің мені түрмеге отырғызып, қоғамнан аластау, журналистік, қоғамдық қызметіме тұсау салу ойы ғана бар. Қаңтардағы тәртіпсіздіктер бабы бойынша қылмыстық қудалаудың жасандылығына, ол айыптың Европа Кеңесінің презиленті Шарль Мишельдің Қазақстанға келері алдында, сондай-ақ ағылшын парламентінің лорды, Ұлыбританияның бұрынғы Бас прокуроры Макдональд мырзаның ҚР Лондондағы елшісімен кездесуінен кейін, 24 қазан күні алынып тасталғаны дәлел. Мен Америка сенаторлары Рубио мен Дурбиннің, менің мәселем бойынша, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігімен де кездескенін де білемін. Сонымен бірге, жаппай тәртіпсіздік бойынша қозғалған іс құқық қорғаушы Евгений Жовтис пен менің жұбайым Инга Иманбайдың Европа парламентінің кіші комитетінде сөз сөйлерінен бір тәулік бұрын өзгергеніне де назар аудартқым келеді. Егер де мен бір нәрсеге кінәлі болсам, ол қылмыстарға менің қатысым бар екенін дәлелдейтін фактілер неге көрсетілмейді? Егер бұл істің саяси астары болмаса, неге маған мұндай айыптар тағылып, сонан соң, ауыр айып алынып тасталды? ҚР ҚК-інің 400-бабы бойынша бірдеңе айтудың қажеті де шамалы сияқты. Ол күндері бүкіл Қазақстан наразылық танытты. Ол наразылықтар тек бейбіт түрде өтіп жатты. 4 қаңтар күні Алматыда полициямен ешқандай да қақтығыс болған жоқ. Оны құқық қорғаушы органдардың қызметкерлері де мойындап, бейбіт демонстранттар да дәлелдеді.
 
Бүкіл ел бойынша халық наразылық акциясына шығып, газдың, азық-түліктің қымбаттығына, жалпы Қазақстандағы әділетсіздікке келіспейтіндерін білдіріп жатқанда, мен үйде жәйбарақат отыра алмадым. Бұл бейбіт демонстрация мен митинг болатын. Бұл конституция мен, Қазақстан қол қойған, халықаралық пактілер кепілдік беретін біздің азаматтық құқымыз. Оның несі қылмыс?
 
Осы айтқандарымды екскеріп, соттан өзімді толық ақтап шығуды және тағылған барлық айыпты алып тастауды сұраймын.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жанболат Мамай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір