12 Тамыз, 2019 Әлеумет
Орыстар Қазақстаннан неге кетіп жатыр?
20 жылдан кейін қазақтар жалпы халық санының 90 пайызын, орыстар 5-7 пайызын құрауы мүмкін.
Жыл басынан бергі алты айда елден 22 мыңнан астам адамның біржола кеткені анықталды. Оның ішінде 19 650 адам Ресейге қоныс аударған. Өзге елдің паспортын алғандардың дені шығыс және солтүстік аймақтардың тұрғындары. Қазақстаннан көшіп жатқандардың көбі орыс халқының өкілдері екенін аңғару қиын емес.
Қазақстандағы орыс халқының жай-күйі отандық баспасөзден гөрі, ресейлік ақпарат айдынында жиі көтерілетінін байқаймыз. Арагідік батыстық журналистер де бұл тақырыптарға қалам тербеп тұрады. 2015 жылы британиялық "The Guardian" басылымы "Назарбаев кеткен соң Қазақстанды Ресей аннекциясы тосып тұр" деп жазғаны бар. Мақалада Ресейдің империалистік пиғылына Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы орыстардың басымдығы дәйек етіп алынған.
Қалай болғанда да Қазақстандағы орыстар мемлекет тарапынан ұлттық сипатта қандайда бір қысым көрсе, Кремльдің бұған бейжай қарамасы хақ. Ал ондай қысым бар ма? Әлбетте жоқ. Расында да елде ұлтаралық жағдай тұрақты. Жекелеген шағын оқиғалар болмаса, күллі елді дүрліктірген этносаралық қақтығыстар болған емес. Алайда "елдегі барлық этносқа мамыражай өмір сыйлап отырған Назарбаев биліктен кеткен соң ұлттық мәселе қалай реттеледі", "одан кейін келген адам ұлтшыл болып шықпай ма" деген сұрақтар орыс халқының мазасын көптен қашырып келеді. Тақырып орыс диаспорасы арасында да, ресейлік баспасөзде де жиі көтеріліп жүр. Елбасы үлкен саясаттан кетпегендіктен әлі де өзекті. Осыған алаңдайтындар ертеден қамданып, шекара асып жатыр. Бұл этникалық орыстардың елден көшуінің әмбеге аян басты себебі.
Ресейлік журналист Ирина Джорбенадзе "Росболт" порталына жазған мақаласында Қазақстандағы этникалық орыстарды ұлттық-патриоттық көңіл-күй, түрлі формадағы "қазақтану" үрдісі қорқытатынын жазған. Эмиграцияның себептерінің қатарына ол: орыс тілінің әлсіреуін, қазақ тілінің латын тіліне көшуін, фамилиядағы "ов", "ев" сынды жалғаулардың алынып тасталуын жатқызады.
Ал "Лад" республикалық славян қозғалысының төрағасы Максим Крамаренко camonitor.kz сайтына берген сұқбатында айтқанындай, Нұрсұлтан Назарбаев кеткен соң этносаралық қарым-қатынас шиеленіседі деген негативті болжамдар ақталмаған. Оның үстіне жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі этностың мүдделері ескерілетініне бірнеше рет белгі берген. Мектепте алдымен қазақ және орыс тілдерінде, сосын барып ағылшын тілінде білім беру керектігін айтуы соның мысалы бола алады. "Сондықтан билік транзиті елдегі этникалық орыстардың көңіл-күйіне теріс әсерін тигізген жоқ" деген пікірде ұйым төрағасы.
Ресейге кеткісі келетіндердің ішінде қоғамдық қозғалысқа жүгінгендердің көбі елден кету шешіміне балаларының болашағына деген алаңдаушылық түрткі болғанын айтқан. Өйткені "Қазақстанда сапалы білім жоқ, әлеуметтік жағдайды жақсарту қиын" дейді олар. Жоғары білім бағасының қымбаттығы, орыс тілділерге гранттың аздығы да негізгі себептердің бірі.
Максим Крамаренко орыс халқының өкілдерін Қазақстандағы ұлттық тенденцияның күшеюі де абыржытатынын жоққа шығармайды. Айталық өткен ғасырдың 30 жылдарындағы тарихи оқиғаларды (ашаршылық - ред.) түрліше насихаттау, қазақтардың кеткен есесін қайтарғандай елдімекендер мен көшелердің атауын өзгерту орыстардың этнопсихологиясына әсер етеді екен.
Жоғарыда аталған сайтқа пікір білдірген саясаттанушы Замир Қаражанов миграциялық нөпірдің әлеуметтік-экономикалық астары басым деген ойда.
"Біріншіден, Қазақстанның даму қарқыны ТМД елдері арасында жоғары болғанымен, халық өмірдің жақсарып жатқанын сезбейді. Екіншіден, қоғамымызда әлеуметтік және кәсіби лифт шектеулі. Елдер карьералық өсім, әлеуметтік мәртебе мен материалдық жағдайдың жақсаратынын көре алмағандықтан тұрғылықты жерді ауыстыру туралы ойлана бастайды" дейді ол.
Оның пікірінше, миграциялық жылыстау әрдайым ұлтаралық қатынас жағдайының көрінісі бола алмайды. Басты себеп – әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы өзгерісте. Қазақстаннан кетушілердің саны 2014 жылдан бастап артқаны байқалады. Ол кезде мұнай бағасы құлап, елдің ЖІӨ 1 пайызға дейін түсіп кеткен болатын.
Анықтама
Бұл күндері Қазақстандағы этникалық орыстардың жалпы халық санындағы үлесі 19 пайыздан сәл асады. Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында орыстар халықтың басым көпшілігін құрайды. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды Ақмола облыстары мен Алматы қаласында орыстардың үлесі 25 пайыздың о жақ, бұ жағында. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, демограф-ғалым Александр Алексеенконың айтуынша, елдегі орыстардың дені 40 жастан асқандар. Сондықтан туу көрсеткішін саны басым – қазақтар анықтайды. Бұл тенденция сақталған жағдайда 20 жылдан кейін қазақтар жалпы халық санының 90 пайызын, орыстар 5-7 пайызын құрауы мүмкін.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір