Фото: instagram.com/altay_rainman
"Қазгидромет" өзін "Жаңбыр адам" деп атайтын кәсіпкер Алтай Айнабек айтып жүргендей Арал теңізін жауын суымен толтыру мүмкін емес екенін хабарлады.
Мемлекеттік кәсіпорнын мәліметінше, Арал маңы Қазақстан бойынша континенталды климатпен сипатталатын, құрғақ әрі ылғал тапшы аймақ. Аталған аймақта жылдық жауын-шашын мөлшері 100-130 мм шамасында болса, жылдық буланушылық мөлшері одан ондаған есе жоғары, яғни 1250-1450 мм құрайды. Бұл өз кезегінде жауын-шашын есебінен үлкен аумақты су ресурстарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін шектейді.
Сондай-ақ синоптиктер мамыр-шілде айларында Арал маңында жауын-шашынның түсуі болжанған жағдай екенін атап өтті.
"Мамыр айында (04-08, 13-14, 16-22, 24-25 мамыр) Оңтүстік Каспий және Оңтүстік циклондардың Қызылорда облысының аумағынан жиі өтуі нәтижесінде 0,1-ден 12 мм-ге дейін жауын-шашын байқалды, ал 5 мамырда түнде облыстың орталығында 19-27 мм шамасында қарқынды жауын-шашын тіркелді. Маусым айында Оңтүстік және Атлантикалық циклондардың ықпалына байланысты 06-09 және 22-30 маусымда 0,1-ден 4 мм-ге дейін жауын-шашын түсті. Шілде айында (01-22 шілде) облыс аумағы баяу қозғалатын Оңтүстік циклонның ықпалында болды, сонымен 06, 08 және 10-20 шілде күндері 0,1-ден 13 мм-ге дейін жауын-шашын түсті. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласында түскен жауын-шашын табиғи синоптикалық жағдайлармен байланысты болғанын және 10 күнге дейінгі дәлдікпен алдын ала болжанғанын атап өткен жөн. Маусым-шілде айларында түскен жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық норма шамасында немесе одан төмен болды" дейді Қазгидрометтегілер.
Қазгидромет мамандары сондай-ақ бұлттырды жасанды жолмен белгілі бір аймаққа тасымалдау мүмкін емес екенін мәлімдеді.
"Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның арнайы мәлімдемесіне сәйкес, табиғи метеорологиялық жүйелердің энергиялық қоры соншалықты үлкен болғандықтан, жаңбыр жаудыратын бұлт жүйелерін құру, желдің сипатын өзгертіп, белгілі бір аймаққа су буын әкелу немесе қауіпті табиғи құбылыстарды толығымен жою мүмкін емес. Осы тұрғыда бұлттар географиялық бір аймақтан екінші аймаққа тек табиғи жолмен ғана тасымалданатынын немесе құрылатынын хабарлаймыз" делінген мекеме хабарламасында.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір