25 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар
Кедейлік пен жемқорлық апатқа әкеле бастады
Бұл әлі басы сияқты.
Фото: ашық дерек көздерінен алынған
Алматының кептелісінде қырқысып, сабылып жүретін халық. Ақыры өлімге де жетті. Алматы мен ондағы күн санап көбейіп жатқан халықтың басына бұл зауал түскелі қай заман. Бұл мәселелерді шешуге үкімет құлықсыз. Үш адамның өлімі мен жолға 100 теңге төлеуге аянған басбұзарды қоса есепке алғанда, төрт шаңырақ жапа шекті.
Сырт қарағанда, жол апатына бір ғана адам кінәлі. Анығында бұған көптеген фактор себепкер. Автобуста жүргізушіні жұдырық ала жүгіретін жолаушыдан қорғайтын қоршау жоқ. Ондай тек троллейбуста бар. Кешкі қарбалас кезінде Алматы автобустарына сығылысып кірсеңіз, шынайы Қазақстанға тап боласыз. Жүргізуші мен жолаушы жанжалы бірінші рет орын алып отырған жоқ. Кептелісте халық бір-бірімен ұрысып үйреніп алған.
Екінші мәселе, аялдамада халықтың құмырсқадай құжынап тұруының себебі, автобус тапшылығы. Жұмыс пен үйінің арасында шапқылаған адамдар көлік күтіп ентелеп, жолға шығып алады. Автобус келіп соққанда жолда тұрғандар ес жиып та үлгермеді.
Қоғамдық көлікпен жүретін адам саны азаймайды, тек көбейе береді. Әкімдік бұл мәселені шешу үшін жаңа көліктер алдырды. Бірақ одан автобус саны пәлендей көбейе түспеді, тек ескі деп танылғандардың орнын алмастырды. «Автобус зиратында» 800-ден астам автобус тұр. Ең ескісі 2010 жылы, жаңалары 2018 жылы әкелінген. Не деген сапасыз техника десеңізші. Бұл автобустар жүруге жарамсыз және жөндеуге келмейді екен.
Қызық, жыл сайын автобус сатып алудан жалықпайды, бірақ сонда да қашан қарасаң автобус тапшы. Саясаткер Санжар Боқаев мұны жүйелі жемқорлық деп бағалайды:
– Бауыржан Байбек Алматыға әкім болған кезде автобус және троллейбус автопаркін «Green bus сompany» атты шымкенттік күмәнді бір компанияға табыстаған. Кейін трамвай жолын жойып, 1113 жаңа автобусты жоғары бағамен сатып алды. Құны 83 400 доллар сұратын көліктің бағасы бізге келгенде белгісіз себеппен 164 000 доллар болып кетеді. Солай 200 автобус екі есе қымбат бағаға сатып алынды. 2019 жылы бұлар есептен шығарылып, сол жылы қайтадан алдыртады. Сол жап-жаңа автобустар да екі жылдан кейін жарамсыз деп табылған. Компания кейін банкрот деп танылып, үкіметке бір тиын да қайтармады. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бір автобус кемінде 7 жыл қызмет етуге жарайды. Ал бізде жөндеуге берілмей, тікелей тұраққа жіберіледі, дейді ол.
Ең ауыр мәселе, Қазақстандағы халықтың кедейлігі. Аш адам ашуланшақ болмағанда қайтеді. Халықтың 84 пайызының басында қарызы бар!
Қазақтың әйелі отбасын асыраймын деп автобус жүргізіп жүр. Қанша жұмыс істесе де, жағдайы бір жақсармай-ақ қойған, жалыққан, әбден тарыққан, қалаға келіп, өлместің күніне тап болған кедей қазақ. Бұл өзі қашанға созылады екен?
Билік халықтың шынайы жағдайына назар аударуы үшін әлі қанша адам құрбан болуы керек?
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір