26 Қазан, 2023 NEWS
"Топырақ сала алмағаным үшін кешір": Бергей Рысқалиевтің анасы қайтыс болды
Заман өзгерер, мен де елге келермін...
Фото: Ашық дереккөз
Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің анасы қайтыс болды. Бұл туралы бұрынғы әкімнің өзі фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
"Бүгін өмір сыйлаған, жарық дүниеге әкелген Анамнан айрылдым...
Мерейіміз тасығанда қуанатын, қиыншылығымызда бізден бетер уайымдайтын Анамыз бұл өмірден өтті. Айықпас дерті туралы білген соң «құлындарым, енді сендерді көрмейтін шығармын, қош болыңдар!» деп жақында ғана бізді бір құшағына алып кетіп еді…
«Мені Сәулебайдың қасына қойыңдар» деп көзі тірісінде әкеміздің жанына жерлеуді өсиет етіп кеткен болатын. Соңғы өсиетін орындаймыз. Анамызды Ақтөбе облысында жер қойнына тапсырамыз.
Қош бол, Анашым! Өзім келіп, топырағыңды сала алмағаным үшін кешір… Заман өзгерер, мен де елге келермін, Сізге де, Әкеме де құран оқытармын!
Өмірде тек жақсылық жасап, талай адамға қамқор болған, әулетіміздің ұйытқысына айналған Анамды Алла Тағала панасына алсын", деп жазды Бергей Рысқалиев.
Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған.
- 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған.
- Тергеу бес жылға созылып, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген.
Алайда 2020 жылы жазда Қазақстан соты Бергей Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мүліктің "бір бөлігін" қайтару туралы шешім шығарған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір