• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 18:21:35
Алматы
+12°

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Сейсмологтар таяу жылдары Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайтындығын айтады. Бірақ бұл болжамдар тек 70 пайызға ғана кепілдік береді. Өйткені сейсмикалық аймақта бой көтерген қалаға қауіп қашан да жоғары және шаһардың бірнеше алапат зілзаланы бастан кешкені тарихтан мәлім. Мамандардың сөзінше сан ғасырды бастан өткерген алып шаһар соңғы 130 жылда ғана екі рет толықтай қирап, қайта тұрғызылған. Төменде Алматы тарихындағы жойқын зілзалалар жылнамасы ұсынылған.

Алматыдағы жойқын жер сілкінісі алғаш рет 1887 жылы қала Верный аталған тұста 9 маусымда тіркелді. Таңғы 5-тер шамасында, жұрт шырт ұйқыда жатқанда қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезіледі. Эпицентрдегі максималды күші – 9,10 балды құраған. Кіндік тереңдігі 20 шақырым. Ол жылдары шаһарда шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзаладан 332 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі балалар екен. Кейбір деректер бойынша бұл Вернендік апат деп аталады.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Қираған татар мешіті / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Жер асты серпілістері күні бойы жалғасқан. Зілзала кезінде саз балшықтан, тастан және кірпіштен салынған 1798 үй толығымен қирап қалды. Ағаштан тұрғызылған тамдар аздап зардап шекті. Бұл апаттан кейін қалада сәулетші Андрей Зенковтың басшылығымен сейсмикалық және метеорологиялық станция ұйымдастырылды. Әрі ғимараттарды салу кезінде сейсмикалық есепке алу жүйесі әзірленді.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Қалада бүлінген ғимараттар үйіндіге айналды / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Жер сілкінісінен кейін қала құрылысы үшін негізінен ағаш қолданыла бастады. Осылайша қаланың ірі ғимараттары ағаштан салына бастады. Сол кезеңдегі кейбір құрылыстар әлі күнге дейңн сақталған және мемлекет қорғауында.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Губернатор үйі / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Сол жылдары Жетісу облысы әскери губернаторы болған Алексей Фриде Дала өлкесі генерал-губернаторы Герасим Колпаковскийге былай деп шұғыл телеграмма жібереді.

"Таңғы бестен өте күшті жер сілкінісі Верныйдағы көптеген ғимараттарды қиратты. Шіркеулер, гимназиялар, губернаторлық үй, госпиталь толығымен құлап, үлкен зақым келді. Төрт әскериді басып қалған лагерь маңынан қайғырып жылаған адамдардың дауысы естіледі. Әр жерде қаза тапқан адамдар бар. Көптеген зардап шеккен және қорқып қалған тұрғындар көшеде жүр. Қажетті шаралар қолданылуда және қарауылдау үшін әскер шақырылды. Сағат 11-де белгілі болғаны, 112 адам қайтыс болған, олардың көбісі балалар. Мәлімет әлі толық емес. Әлсіз жер сілкіністері тоқтар емес. Қала жоқ. Халықты қоныстандыру және аспен қамтамасыз ету шығындарына қаражат сұраймын..."

Бұл оқиғадан кейін жер сілкіністері жиі болды. 1887 жылдан 1890 жылға дейінгі екі жыл ішінде 600-ден астам жер асты дүмпулері тіркелді.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Үлкен станица ауданында орналасқан (Көк базар артындағы) Никольск шіркеуі / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Алматы тарихындағы екінші жойқын жер сілкінісі 1910 жылы 22 желтоқсанда тіркелді. Ол күні магнитудасы – 8,2 баллды құраған 9 балдық жер сілкінісі болды. Апат салдарынан 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Опырылған жер тамдар / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Апаттың күштілігіне орай оған "Кеминдік" деген атау берілген. Себебі жер тербелісінен соң, қала ішіндегі көшелер қақ айырылып, адам бойымен бірдей жырықтар пайда болған. Ошақ тереңдігі – 25 шақырым.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Жер сілкінісінің салдарынан пайда болған жырықтар / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Бұл зілзалада 776 үй қирады деген мәлімет бар. Ал үйінді астында қалған 200-ге жуық адам жарақат алған болса, оның 18-і ауыр. Қираған үйлер санын есептей отырып, қалалық дума зардап шеккендер мен көмекке мұқтаждардың жалпы саны 3 500-4 000 адамды құрағанын анықтады. Жер сілкінісінен зардап шеккендерді тамақтандыру үшін тегін асханалар ұйымдастырылып, жағдайы нашар отбасыларға жылы киім және отын тегін таратылды.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Жойқын зілзала адамдардың зәре-құтын қашырды / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

1870 жылы Верный басшылары халыққа үй тұрғызуда ағаш емес, қолдан жасалған сазды кірпішті қолдануға рұқсат берген. Ондағы мақсат – қаланың сыртындағы жасыл желектерді зақымдамай, экологияны сақтау еді. Бірақ, сабан мен саз балшықтан тұрғызылған ғимарат, баспаналардың барлығы қос зілзала кезінде жермен-жексен болған. Осыдан соң қалада үйлерді кірпіштен тұрғызуға тыйым салынған.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Саз балшықтан салынған баспана / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Осы жер сілкіністерінен соң алғашқы ғылыми жұмыстар жүргізіле бастаған. Дерек көздеріне сүйенсек, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Верныйда алғашқы сейсмикалық станциялар пайда болған.

ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Кеминдік зілзала салдары / ҚР Орталық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба мұрағатының суреті

Тарихи деректерге сүйенсек, 1910 жылғы Алматыдағы жер сілкінісінің дүмпулері Екатеринбург, Бомбей және Калькутта сияқты көптеген қалалардың сейсмостансаларында да тіркелген деген мәлімет бар. Екі алапат зілзаладан қирап қалған Алматы қайта тұрғызылып, бүгінде шаһарда 2 миллионнан астам адам тұрып жатыр. Ал биік ғимараттардың санында есеп жоқ.

Дереккөз: informburo.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір