• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Қыркүйек, 05:10:37
Алматы
+35°

XXI ғасыр «ақпараттық ғасыр» деген пікір бүгінгі таңдағы ақпараттық құралдар арқылы әлемнің бір шарындағы ақпарат екінші тараптарға дәл уақытта жететіні анық айғақ болатыны көпшілікке мәлім.

Ақпаратты пайдалану әлемдік рейтингтері бойынша Қазақстанның орны бірқатар алдыға жылжыған. Ғаламтор желісін күнделікті пайдалану көрсеткіштері даму үрдістеріне байланысты деструктивті діни ағымдар да қатардан қалмау тәсілімен ғаламтордағы арбалау шараларын атқаруда. Ғаламтордағы көпшілікке танымал бейнехостингтер, әлеуметтік желілерде, ақпараттық мессенджерлерде деструктивті ағымдар идеологияларын таратуға тырысуда.

Қазақстандағы терроризм мен экстремизмнің ғаламтордағы қауіптілігі туралы басымдықтар реті, мемлекет пен азаматтарды қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламада айқындалған. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада» келесі тұжырымдар ретімен ғаламтор мен әлеуметтік желі пайдаланушыларды қауіпті құбылыстар туралы ақпараттандырылған:

♦ Интернетте орналастырылатын террористік ұйымдардың ақпараттық-насихат материалдарының техникалық, көркемдік және психологиялық мазмұны сапасының артқаны байқалады. Әлеуметтік желілерді пайдалану халықаралық террористік ұйымдардың эмиссарларына өз аудиториясын айтарлықтай кеңейтуге, жүргізілетін үгіт-насихатты жүйелі негізге ауыстыруға мүмкіндік береді.

♦ Интернеттің және әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын терроризмді насихаттау әсерінен оқшаулау мақсатында ақпараттық кеңістікке Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына қатысты мониторинг жүргізіледі.

♦ Интернетте және әлеуметтік желілерде терроризм мен экстремизмді насихаттайтын 620 мыңнан астам материал (2015 – 150 мың, 2016 – 700 мың) бұғатталды.

Деструктивті және радикалды діни ағымдар ғаламтор ресурстары арқылы өздерінің идеологияларын насихаттау үшін бірнеше ақпараттық, психологиялық, контентті ескеріп жастарды арбауға тырысады. Мәселен, «ақпараттық әсер» тәсілімен діни мәтіндердегі «тозақтың оты, күнәхар» деген түсініктерді жазып, жастардың санасында үрей, қорқыныш, фобия сезімдерін қалыптастыруға тырысады. Фобия сезімдерін қалыптастыру тәсілімен, радикалды шараларды қабылдап шетелдегі лаңкестік ұйымдарына баруға үгіттейді.

Ғаламтордағы «психологиялық әсер» тәсілімен лаңкестік ұйымдар әділетті қоғам үшін күрес деген жалған ұрандармен жастарды әлеуметтік желілерде арбауға әрекет орын алған. «ДАИШ» лаңкестік ұйымының мүшелері ғаламторда «ИГИЛ  в кармане» деп аталған мобильді қосымшасын әзірлеп жеке адамдардың ұялы телефонына хабарламалар жібергені анықталған. Деструктивті ағымдардың бір тәсілдерінде жалған контент уағыздарында «араб тіліндегі терминдік мағынадағы» сөздерді пайдаланып, жастарға жағымда кейіптегі уағызшы ретінде өздерін таныстырып жасырын психологиялық «Мимикрия» тәсілімен, жастарға «өздерінің тілінде, менталитеті, танымына» ұқсас жолдармен жасырын әрекеттерін жүргізгені орын алған.

Жастар арасында «шабуылшы», «қатыгездік» секілді мінез-құлықтарды насихаттау үшін «ғаламтордағы ойындардың» бірқатар әсерлері болғаны туралы психолог мамандар жиі пікір білдіруде. Онлайн ойындар барысында жастар осындай ойындардың идеялары бойынша көптеген қару жарақты қолданып адам өлтіру ойындарына қызығушылықтары артып психологиялық әсермен ойнайды. Бұндай ойындарды үнемі ойнайтын жасөспірімдерде психологиялық тәуелділік артып, «онлайн мен оффлайн» айырмашылығана мән бермеуі ықтимал. 

Аталған қауіпті құбылыстардың әсерінен заң бұзушылық орын алған жағдайда, Қазақстанның заңнамасында ғаламтордағы терроризм мен экстремизмнің идеологиясын насихаттау, қатысу, ұйымдастыру әрекеттеріне ҚР Қылмыстық кодексінде түрлі сипаттағы қылмыстық жауапкершіліктер көзделген, террористік қылмыстар – осы Кодекстің 170, 171, 173, 177, 178, 184, 255, 256, 257, 258, 259, 260, 261, 269 және 270-баптарында көзделген іс-әрекеттер.

Мысалы, ҚР «Қылмыстық кодекстің» 172-бапта шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан жағдайда Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы – бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ислам дінінде қоғамда үрей, қорқыту, бүлік шығарудың зияндықтарын Мұхаммед пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Фитна жасау яғни бүлік жасау – адам өлтіргеннен де жаман деп айтқаны» бар. Осы мысал, арқылы адамның бейбітшілік, тұрақтылық пен келісім орнаған қоғамда өмір сүрудің маңыздылығын ескертеді. Қазақ халқының қанатты сөзінің бірінде: «Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді», татутылық пен келісімнің ауадай қажеттігін ұғындырады. Қазақ халқының атақты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бір сөзінде  «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», деген ой-толғамдары арқылы жастарға зиянды құбылыстардан сақтандыру мақсатында пайдалы білім алудың маңыздылығын айқындағаны байқалады.

Қорытындылап айтқанда, ғаламтордағы лаңкестік және экстремистік идеологияның қауіптілігі ақпараттық кеңістікте жастарды сақтандыру шараларын ата-аналар тарапынан, білім беру мекемелерінде, бұқаралық ақпараттық құралдар өкілдері барынша қолға алу керектігі бар.

Ғаламтордағы терроризм мен экстремизмнен жастарды сақтандыру мақсатында медиа-сауаттылықтың бірнеше тетіктерін ескеруді мысалға алуды ұсынамыз:

-  ұялы телефон, гаджет, планшеттерді пайдалануда ресми тіркелген ғаламтор пакеттерін пайдалану керек, «Play market», «Аpp store» мобильді қосымшыларынан діни мазмұнды әдебиеттер, кітапшаларды, аудио, бейне, ойындарды жүктемеуді қадағалау қажет;

- әлеуметтік желідегі, бейнехостингтердегі діни парақшалар мен аккаунтарға тек мемлекеттік органдардың ресми парақшаларынан ақпарат алуды ұсынамыз;

- жасөспірімдер мен студент-жастардың рухани, ақпараттық контентке сұраныстары болған жағдайда барынша толығымен бағыт беру, дәстүрлі танымдағы құндылықтармен қамтамасыз етудің орны үлкен;

Аталған бағыттағы бірқатар ұсыныстар ақпараттық қоғамдағы, зиянды әрекет саналатын лаңкестік, экстремизмнің себептері мен салдарын алдын алуға аздаған фактор болады деп пайымдаймыз.

Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы

ҚР ҒЖБМ ҒК «Философия, саясаттану

және дінтану институты» дінтану орталығының

директоры, Phd докторы, дінтанушы 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір