• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 12:56:26
Алматы
+12°

Соңғы жылдары Түркия мен Грузиядан жарыса жылжымайтын мүлік сатып алатын қазақстандықтардың саны күрт артқан. Тіпті, бай-бағыландар мен шоу бизнес өкілдері бірінен соң бірі шетелдегі қымбат апартменттері мен виллаларын көрсетіп, онсызда шабаданын қолына алып, көшуге шақ тұрған  халықтың делебесін қоздыра түсуде.

Статистикаға сенсек, 2019 жылы Түркиядан 700 отандасымыз жылжымайтын мүлік иеленген. Ал карантин кезінде шекара асып кетушілер дүрмегі одан сайын арта түсті. Сарапшылар 2020 жылы Аланияда жылжымайтын мүліктің бағасы 10-15 пайызға өскенін, ал тұрғын үйдің қымбаттай түсуіне жұлдыздардың әсер еткенін жасырмайды. Осы орайда айта кетер жайт, қазір Түркияда тұрып жатқан әнші Қарақат Әбілдина өткен аптада әлеуметтік парақшасында қазақстандықтарға арнап арнайы жазба қалдырды. «Қайырлы күн, қазақ елі! Жұма құтты-берекелі, дұға-тілек қабыл болсын! Осынау бір қасиетті күнде сіздерге бір ой айтсам деймін. Осы кездерде жазып жүрген ойларымның астына жылы жүректі, ақ ниетті көп қауым игі, ізгі сөздер жазады, Алла сізді қуантсын!

Сонымен қатар, салмақты ой, саралы сөздің мән-мағынасын да ұқпай, әй-шәй жоқ киіп кетіп, жеке құқығыңды таптап өте шығып, іріткі салатын «кіл ақылдылар» жазып жататын пікірлер де көзімнен қашпайды.

  1. «Қиындықтан көз ашпай біз жүрміз, сен жатырсың жылы жақта» деп бұлданған бір адам. Отбасым болса мынау, күйеуім — анау, сендер кеттің елден қашып» деген неткен көп кісі. Айналайындар-ау, мен елден қашатындай жау ма едім?! Әлде елім маған жау ма еді?!
  2. «Елдің ішінде неге отырмадың?» дейсіз, қатаң карантин енгізілді дегеннен балаларымды бауырыма қысып, тапжылмай жатқан жоқпыз ба үйден шықпай. Осы тура 9 ай сыртқы есіктен қадам аттап баспай отырдық та қойдық. Не өзгерді?! Менің қолымда тұрған не бар? Батпандап келген дерттен мен кімге араша бола алам?
  3. «Халықтың ақшасына шалқып жүрсің» деп кінәлай ма тағы. Кімнің жолын тосып, кімнің тонын шешіп алдық екен?! Біреудің ақысына кіріп, ала жібін аттаудан Құдай сақтасын! Алла кәсібіміздің берекесінен, балаларымның несібесінен, ерімнің адал еңбек етіп тапқан нәпақасынан айырмасын. Мүлде басқа нәрсені меңзеп тұрған постың астына кеп «ақталып жатырсың баа» дей ме… Неліктен ақталайын?! Кімге барып, не үшін ақталуым керек? Алланың алдында ғана ақталамын. Ал кісі алдында арым да, ақым да ақ! Сөз соңында айтарым: оффлайн өмір болсын, онлайн өмір болсын сөздеріңді саралап, айтарыңды бағамдап алғанға не жетсін! Отыз екі тістен оқтай ұшқан ауыр сөз қайта айналып кеп қақ маңдайдан соққандағы салмағына төтеп бере алар ма екенбіз, соны да ойлап қою керек-ау… «Ләқ» еткізіп айта салған, жаза салған кесірлі сөздің киесі иесіне, не ұрпағына, ұрпағының ұрпағына әсер етпесіне кім кепіл? Өйткені, бұл өмірде бәрі бумеранг заңымен өзімізге қайтып келеді. Жақсы сөз сөйлейік ағайын! Болмаса үндемейік!» дейді әнші.

Расында да, үндемейік Қарақат ханым! ... Онсыз да тарыдай шашылған қазақты бір Қазақияның астына жинай алмай жатқанда соңғы жылдары қазақтардың шетелге жөңкіле көшуі сұмдық ұлттық мәселе емес пе?! Тіпті сол қазақты жинау үшін қанша жыл арнайы қандастарымызға арнап бағдарлама жасап, миллиондаған ақша жұмсаған жоқпыз ба?! Ал бүгінгі күні Қарақаттың 3 млн 700 мың адамы бар парақшасында шекараның арғы бетін жарнамалап отыруы басқаларға қалай әсер ететінін неге ойламайсыз дегіміз келеді?! Елбасының өзі осы мәселеге алаңдап, «шетелдегі өмірді өзімізде жасауға тырысайық» деп жатқанда, Қарақаттың біресе жылжымайтын мүлікті жарнамалап, біресе азық түлігін, енді бірде ауа райын жарнамалауы парақшасындағы миллиондаған халыққа қалай әсер етеді? Сондықтан, үндемеген дұрыс ау!

   Күні кеше әлеуметтік желідегі парақшасында Қарақат ханым базарға барғанын салды. Әуелі көшеде кездесіп қалған қазақстандық әскери адаммен тілдесті. «Көшіп келгеніме екі жылдан асты. Келгелі денсаулығым жақсы, Қазақстанда әскери адам болып неше жыл қызмет еттім, қазір осында қоныс аудардым» деді. Одан соң «көптен ойымда жүр еді» деп, Аланиядағы жеміс-жидек, көкіністердің бағасын айтып, видеоға түсіре бастады. «Құлпынай 550 теңге, апельсин 275, алма 275, мандарин 330 теңге, жүзім 500, картоп 140 теңге, қызанақ 220. Қайта бұл 2-3 күннен бері қымбаттап тұрғаны екен... » деп. Шыны керек, Алтын орданың өзінде картоп 190 теңге, алма 400 теңге, жүзім 800 теңге ал құлпынайды емге таппай тұрғанда Түркиядағы әлгі баға ертегідей көрінетіні рас. Оның үстіне «соңғы кездері қазақстандықтарды жиі көремін Түркиядан, көшеден көріп амандасып жатамын» дегеніне қарап, парақшасындағылар елде жұрттың орнында қалғандай, келешегі жоқ елде өзі ғана қалғандай алаңдайтыны рас. Осы орайда «әлеуметтік желідегі мұндай жарнама қазақстандықтарға қалай әсер етеді»? деген сауалды әлеуметтанушыларға да қойып көрген едік.

Нұрболат Айекешов, әлеуметтанушы:

– Расында да, қазір шетел десе, елеңдеп тұратындар көбейді. Оған Қарақаттай жұлдыздардың желідегі жарнамасы да өз әсерін тигізетіні рас. Пандемия кезінде еліміз медицинасының қауқарсыздығы, тіпті жасанды тыныс алу қондырғысына жарымай, шетелден келетін қондырғыға телміріп қалуымыз, бағаның күн санап аспандауы халықтың қоғамға деген сенімсіздігін қалыптастырды. Елбасы қанша жерден "кетпеңдер" десе де, кетем деушілерді ұстап қалу қиын. Бір қиналатынымыз, бұрын халық ел басына күн туғанда шашырап кетсе, қазір айдың күнінің аманында шетелдегі өмірді аңсап кетіп қалуда. Сондықтан бұл мәселенің астарына үңіліп, мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізілуі керек. Халыққа қоғамның қамқорлығын сезіндіру керек.

Қуаныш Ерсұңқар

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір