• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 02:51:31
+12°

"Время" газетінің журналисі Михаил Козачков елорда әкімі Алтай Көлгінов командасындағы адамдары арқылы жеке пиармен айналысып отырғаны туралы хабарлады. Пиар схемасының бір ұшы Көлгіновтың бұрынғы баспасөз хатшысы, кеңесшісі, Elorda Aqparat  ЖШС басшысы Жарқын Түсіпбекұлы Жұмаділовқа қатысы бары анықталып, ол өз еркімен қызметінен кетті.

Журналист Оралдан келген жігіттер "сарапшылар көмегімен Көлгіновты үкіметке "тықпалағысы" келіп отыр деп санайды.

"Кеше ватсапта үкіметтегі ықтимал ауыс-түйіс туралы хабарлама жүрді. "Интернет Имидж" деп аталатын әлдебір қор парламент сайлауынан кейін кім, қандай лауазымға баратыны туралы болжам жариялады. Қор Алтай Сейдірұлын вице-прьемер позициясына жайғастырып қойыпты. Ақпаратты тексеріп көрмек болып едім, әлдекім қордың сайтын жауып тастаған. Қор артында кім тұрғанын қазбаласақ, "Интернет Имидж" Алтын Зайнуллина деген Оралдан астанаға (қандай кездейсоқтық) қоныс аударған адамға тіркелгенін көреміз. Фейсбукт профиліндегі аватаркада күйеуімен түскен суреті тұр (айтпақшы, профиль жасырылып үлгерген). Есесіне ВК аккаунты ашық. Ол жерде балаларымен, құрбы және күйеуімен түскен суреттер көп. Ең қызығы осы жерде басталады. Оның күйеуі кім деп ойлайсыз? Күйеуі тағы бір оралдық – Жарқын Жұмаділов. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы және кеңесшісі болған. Бүгінде Жұмаділов астаналық әкімшілікке қарасты Elorda Aqparat ЖШС-ны басқарады. Қаладағы барлық БАҚ ішінара немесе толықтай осы фирма арқылы қаржыландырылады. Компания мемлекеттік тапсырыстың үлкен бөлігін алады. Ішкі саясат басқармасының өзімен ғана 290 миллион теңгеге жуық сомаға шарт жасасқан. Жұмаділовтың жүріс-тұрысына қарағанда, ол Көлгіновтың жақын адамы.

Әкімдік қаржыландыратын кеңсе бар. Оны әкім адамы басқарады. Ол адамның әйелі әкімді түсініксіз рейтингте бірінші орынға қойып, жем жейтін пабликтерге орналастырумен шұғылданатын қорға басшылық етеді. Енді әкім вице-прьемер болады деп сәуегейлікпен айналысып отыр. Оралдықтарға салсаң, Көлгіновты президенттікке дейін жеткізетін ойлары бар. Бұның барлығы қымбатты салық төлеушілер есебінен жүзеге асады. Бұл нағыз апат" деп жазды журналист телеграм каналында айтқандарын негіздейтін дәлелдерді келдіріп.

"Интернет Имидж" қорының басшысы Алтын Зайнуллинаның күйеуі Жарқын Жұмаділов қор қаржылық операцияларға қатыспағанын, өзінің де болжаммен байланысы жоғын айта келіп, қызметінен өз еркімен кетіп жатқанын хабарлады.

"Құрметті әріптестер!
Телеграм каналдардағы маған қатысты дүниеге түсінік беріп өтейін.
Біріншіден, жеке қор құруға әркімнің құқығы бар. Және ол қордың жұмысына араласқан емеспін.
Екіншіден, талқыға салынып отырған жеке қордың қандай да бір қаржылық операцияға қатысы жоқ. Жақында ғана құрылды, еш жерден қаржыландырылған жоқ.
Үшіншіден, болжамдар қай кезде де жасалып келген. Бұл болжамға менің де, "Elorda aqparat" компаниясының да еш қатысы жоқ.
Ішкі саясат басқармасына қарасты "Elorda aqparat" ЖШС жұмысымен және әкімдікпен жеке қордың жұмысын еш байланыстырудың қажеті жоқ. Ол зерттеуді саясиландырмауды сұраймын.
Сондықтан бүгіннен бастап, ішкі саясатқа қарасты "Elorda aqparat" ЖШС директоры лауазымынан өз еркіммен кету туралы шешім қабылдадым.
Қолдап жатқан достарымның бәріне рахмет айтамын!" делінген Жұмаділов  жазбасында.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алтай Көлгінов пиар

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір