• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Қыркүйек, 04:57:43
Алматы
+35°

Қазірде Қазақстан БҰҰ-ның белді мүшесі. Белді дейтін себебіміз, Қазақстан бүгінде осы ұйымның аясында бірқатар жұмыстар істеп, халықаралық деңгейдегі беделін көтеріп отырған ел.

Көпшілік қауым, БҰҰ-ның атымен еліміз Егемендігін алғалы бері ғана таныс. Ал шындап келгенде БҰҰ-ның тарихы тереңде жатыр.

Ұйым және ұйысу

Біле білсек, аталмыш ұйым екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған. Бұл ұйымды 1945 жылы жеңімпаз одақтас мемлекеттер құрды. Ұйымды құрудағы негізгі мақсат: бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау; ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту; экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық проблемаларды шешудегі ынтымақтастықты нығайту еді.

Осы ұйымға Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда мүше болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, 1992 жылдан 2019 жылға дейін БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде 11 рет болып, бірнеше рет БҰҰ Бас ассамблеясының жұмысына қатысты. 2011 жылдың наурызында Қазақстан мен БҰҰ тарихында еліміз үшін тұңғыш рет тарихи оқиға болды. Қазақстаннан ББҰ-ның өкілі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің директоры лауазымына тағайындалды. Ол осы лауазымда 2013 жылдың 16 қазанына дейін қызмет етті және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «БҰҰ-ның Женева кеңсесінің ең сәтті басшысы» ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың іскерлігін мойындады.

Ұйым және ұйысу тұрғысында саясаткерлер қазірде Қазақстанның БҰҰ-дағы рөліне оң бағасын беріп отыр. Олардың пайымынша, бізге мұндай халықаралық дәрежедегі ұйымдарға мүше болу тек жақсы бедел береді.

– Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының дамуындағы маңызды кезеңдер көп болды. Мәселен, біз енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан тұста БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан 2002 жылы Қазақстанға келді.  Пан Ги Мун 2010 жылы елімізде ресми сапармен болды. Ол Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне де қатысты. БҰҰ-на мүше болу барысында Қазақстан халықаралық қатынастарды дамытып қана қоймай, ұйымнан көрнекті орнын иеленді. БҰҰ аясында Қазақстан әр жылдары іске асырылған немесе жүзеге асырылып жатқан бастамаларды алға тартты, – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков.

Мамандар алға тартып отырғандай, Қазақстан БҰҰ аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру; (АӨСШК); АӨСШК – Азия континенті мемлекеттерін біріктіретін халықаралық форум;

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнін жариялау; Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа (CTBT) қол қою тәрізді жұмыстармен ерекшеленді.

Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков:

– Қазақстанның БҰҰ-дағы үлесі зор. БҰҰ ғаламдық мәселелерге үнемі назар аударып отырады. Мәселен, аталмыш ұйымның аясында адам капиталын, оның ішінде адам денсаулығын дамытуға  тікелей қатысы ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қор құрылғанын көпшіліктің бірі білсе, бірі білмейді. Мұндай жайттардың барлығы халықтың денсаулығын жақсартуға, елдегі адам капиталының деңгейін көтеруге бағытталып отыр, – дейді.

Бағыт және бағдарлама айқын

Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, БҰҰ тек біржақты мәселелерді қамтымайды. Мысалы, қазіргі уақытта БҰҰ 18 ұйымнан тұрады:

– БҰҰДБ (БҰҰ Даму бағдарламасы),

– ЮНИСЕФ (БҰҰ Балалар қоры),

– ЮНФПА (Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықтық қоры),

– БҰҰ (БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы),

– БҰҰ БЖКБ (БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Кеңсесі),

– БҰҰ (БҰҰ еріктілері),

– ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы),

– ЮНЕСКО (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет ұйымы),

– ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы),

– ДБ (Дүниежүзілік банк),

– ХВҚ (Халықаралық валюта қоры),

– БҰҰ / СПИД (Біріккен Ұлттар Ұйымының ВИЧ / СПИД мәселелері бойынша бірлескен бағдарламасы),

– DPI (Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілдігі),

– OCHA (БҰҰ гуманитарлық мәселелерді үйлестіру бюросы),

– ЭСКАТО (Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссия),

– БҰҰ ЕЭК (БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы),

– ISDR (Табиғи апаттарды төмендетудің халықаралық стратегиясы),

– БҰҰ-ның әйелдері

Міне, біз атап көрсеткеніміздей, БҰҰ-ның атқаратын шаруалары осылай түзіледі. Бұған қоса, Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық 2016-2020 жылдарға арналған серіктестік негіздемелік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бағдарламаның басымдықтарының бірі: тұрақты даму, қоршаған ортаны сауықтыру, АҚТҚ/ЖҚТБ және туберкулездің алдын алу, гендерлік теңдік, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері.

Бұл ұйымның аясында халықтың қауіпсіздігінен бөлек денсаулығына айрықша көңіл бөлініп отырғанын алға тартқан ұйым тарапынан «Қазақстан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді», делінді.

Бұл ретте медицина ғылымының докторы, профессор Жанәділ Мырзаханов:

– Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы БҰҰ-ның жанынан құрылған. Қазірде ДДСҰ аясында көптеген істер атқарылып жатыр. Жалпы, өз басым Қазақстанның БҰҰ аясында медициналық тұрғыда көптеген істер тындырғанын айта аламын. Абзалында Қазақстанның халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы – елдің сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Осыған байланысты өз басым бұл ұйымның жұмысына толық оң баға бере аламын, – деді.

Жалпы, әлем бойынша 168 мемлекет мүше болатын жаһандық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі мол. Бүгінгі таңда әлемде Қазақстан өзінің бітімгерлік саясатымен барлығына белгілі болып отыр. Сириядағы қақтығыс, Орталық Азиядағы тұрақтандыру мәселесін көтеру. Ауғанстан мәселесі, халықаралық Арал қорының 25 жылдығы, Африка елдерінің өзара ауызбіршілігін нығайту, бейбітшілігін арттыру да – Қазақстан ұсынып отырған жұмыстар БҰҰ-нан қолдау тауып келеді. Еліміз бұдан бөлек Иран мен Палестинадағы жағдайды тұрақтандыру үшін медиаторлық қызметті де өз жауапкершілігіне алды. Бастысы, Қазақстан өзге мемлекеттің ішкі ахуалына араласып, тұтастығын бұзудан аулақ. Қазақ көшбасшысының ұсыныстары әлемдік қауіпсіздікке айрықша әсер еткені анық. Бұған еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы себеп. Оған қоса, Қазақстан бұл кеңеске төрағалық ету мүмкіндігін иеленіп, жер-жаһандағы жағдайды жақсартуға атсалысып келеді, әлі де жұмысын жалғастыра береді.

БҰҰ-на мүше болу еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Осындай жан-жақты ынтымақтастықтың 28 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан мен БҰҰ берік серіктестік орнатты. Біздің мемлекет БҰҰ-ның 100-ден астам келісімдері мен конвенцияларына қосылды, БҰҰ-ның 19 бағдарламасы мен агенттіктерін орналастырды. Ынтымақтастықтың жоғары деңгейі тұңғыш президенттің БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне жасаған 12 сапарында, сонымен қатар, былтырғы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 74 сессиясына қатысуын және БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға жасаған 4 сапарынан көрінеді.

БҰҰ-ның Жарғысына негізделген, ұжымдық шешім қабылдау мен диалогтың күшіне деген шынайы сенімнен туындаған Қазақстанның негізгі бастамалары бірнеше рет ұйымның мінберінен айтылғанын да айта кету керек.

БҰҰ Бас ассамблеясында алғашқы сөз сөйлеу кезінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті өткізуге бастамашы болды. Содан бері АӨСШК қауіпсіздік мәселелерін шешуге ұжымдық көзқарастардың платформасы ретінде өзінің құндылығы мен өміршеңдігін дәлелдеді. Біз АӨСШК-ге 2020 жылы төрағалық етіп отырған уақытта біз оны қайта құру және қауіпсіздік пен даму саласындағы толыққанды аймақтық ұйымға айналдыру үшін бар күшімізді салатынымыз сөзсіз. Қазақстанның Еуропа мен Азия, солтүстік пен оңтүстік арасындағы географиялық және саяси көпір ретіндегі рөлі біздің жаһандық аймақтық процестерге қатысуымызбен ғана емес, сонымен бірге біздің делдал болу және сенім орнату ниетіміз бен қабілетімізбен де айқындалады.

Біздің көпжақты ұстанымымыздың берік жақтаушысы ретіндегі рөліміз БҰҰ жұмысының үш бағытынан көрінеді: бейбітшілік пен қауіпсіздік, даму және адам құқықтары.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір