Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері атыс қаруын жеткізудің заңсыз халықаралық арнасының жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК-нің сайты хабарлады.
Заңсыз айналымнан 3 "Калашников" автоматы, 3 гранатаатқыш, 2 жауынгерлік граната, 14 пистолет, 1700-ден аcа патрон мен қарудың керек-жарақтары алынды.
Осы іске айыпты ретінде Алматы қаласы мен Алматы облысының 10 тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ішкі істер органдары қызметкерінің қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу фактісі анықталды. Лауазымды адам ҚР ІІМ теңгерімінде тұрған оқ-дәрілерді ұрлауды жүзеге асырған. Сонымен қатар, қару құрастыру бойынша жасырын шеберхананың әрекеті тоқтатылды", - делінген комитеттің сайтында.
27 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен сотталушылар әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды.
Пікір қалдыру
пікір