13 Желтоқсан, 2019 Саясат
Тоқаев таратқан мемлекеттік стипендияның «шикілігі» айтыла бастады
Аудиттік тексеру кезінде заңсыз жалақы, ғылыми дәреже үшін екі жерден үстеме ақша алған адам мемлекеттік стипендия иегері атанған.
psichiatria.org
Бұл туралы Риза Алмуханова есімді желі қолданушысы мәлім етті. Ол журналист Ермұрат Бапидың «фейсбук» желісінде жарияланған «ҮШ ЛАУРЕАТ неге тізімде жоқ?» деген мақаласына байланысты пікір білдірген болатын. Қаз-қалпында беріп отырмыз.
«Аудиттік тексеру кезінде заңсыз жалақы, ғылыми дәреже үшін екі жерден үстеме ақша алған М.Ж. осы Президенттік стипендия алатын тiзiмде жүр. Әлгінде Ақорданың фб-да парағына комментарий ретінде жазба қалдырып едім. Президентке тiзiм дайындап, қол қоюға дайындайтын бip адам бар, соның "жұмысы" сияқты» , – дейді желі қолданушы Р. Алмуханова.
«Бір адамды» айтпақшы, наразы жұрттың пікірі бір адамның жырымен шектелмеуде. Бірі: «неге жоқ екені белгілі, биліктің сөзін сөйлемей, халықтың сөзін сөйлеп жүрген азаматтар. Ұйымдасып наразылығымызды білдірсек болар еді. Ешкім үндемеген соң ары қарай да білгендерін жасай береді» десе, келесі бірі: «мұндай мәселелер ыммен шешіледі» деп кейіген.
Әрине, дәл осындай еркін пікір алаңында: «өмірлік ұстанымына сүйеніп өздері бас тартқан болар?!» немесе «бұл ағаларымыз кезінде марапатталды. Енді баска да лайыкты азаматтарға берген шығар» деумен шектелген оқырмандар да бар бұл қатарда.
Осы ретте, желіде қызу талқыға түскен мақала авторы Ермұрат Бапидың жазбасынан да үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік.
«Бұл тізімге ілінген ірілерге айтар алабөтен сөз жоқ – шетінен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік ордендер иегерлері. Елге еселі еңбегі сіңген танымал тұлғалар, даңқты дарындар.
Бірақ осы 29 ақын-жазушының арасында Темірхан Медетбек, Дулат Исабеков және Бексұлтан Нұржекеұлы жоқ. Бұл санатта былтыр да болмаған бұл үшеуі де Мемлекеттік сыйлық пен бірнеше мемлекеттік орденнің иегері еді. Басқадай алған атақ-дәрежелері – бірнеше төбе. Бұлар елге 29-дан кем еңбек етті деп айтуға ауыз бармайды. Ендеше стипендия бұйырған бұл тізімде Темірхан ақын, жазушылар – Дулат пен Бексұлтан неге жоқ? Былтырғысы – былтырғы дейік: бұлар Назарбаевты жер-көкке сыйғызбай насихаттау науқанында «көштен қалып», оны пайғамбарға теңеу, Құдайдың қасына «апарып қою» жарысында «жаңылған» шығар. Ал биылғы «алапестік ауруды» қалай түсінуге болады: стипендия тағайындау жөніндегі өкімге президент Тоқаев қол қойған жоқ па еді? Әлде ресми атауы «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы» деп аталатын шүлен таратуға конституциялық президент қол қойып, рәсімдеуші ғана болғаны ма?», – дейді журналшы.
Айта кетейік, күні кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындаған болатын. Стипендия жалпы жиыны 75 адамға тағайындалған екен. Оның 29-ы – ақын-жазушылар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір