• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:08:50
Алматы
+12°

29 Тамыз, 2019 Тәлім мен тәрбие

Қызымыз қандай қуыршақпен ойнап жүр?

Тәрбие – тал бесіктен. Ойлы адамға шыбынның ұшқаны да ой тастар... 

Қуыршаққа қараймын,

Саусақтарын санаймын.

Бар-жоғы тек төрт саусақ,

Анашым, сонда қалай бұл? 

Бәріміз де бала болғанбыз. Әртүрлі ойыншықтармен де ойнадық. Ұлдар асық, машина, құрастырмақ, ал, қыздар кішкене ыдыс-аяқтар, әртүрлі қуыршақтармен, тағысын тағы, қолына ілінген затпен ойнады. Тіпті қасықтар, ыдыстардың қақпақтары, ойыншық деуге келмейтін, миға сыймайтын заттарды ойыншық етіп алатынбыз, қазір де солай. Иә, бұл туралы айтылған, айтыла да береді. Мен де сөз етейін.

Мен де бала болдым. Бірақ өзіммен жасты қыздар сияқты қуыршақ, тағысын тағы ойыншықтармен ойнамадым. Мен көрші үйдің балаларымен асық, футбол ойнап, атқа мініп өстім. Сенсеңіз, тоғызыншы сыныпқа дейін "пістәлөтке" ұқсайтын ағаштарды немесе қатты зат тауып алып, сонымен "тай-тай", яғни, атыспақ ойнап өстім.

Алты не жетінші сыныптар шамасында қыздар ермек қылатын қуыршақпен ойнағым келіп, "шабытым" ашылды. Содан ары кетсе, бірнеше ай соны ермек қылдым. Сондағым мынау: Анамның құрағынан қалған қиындылардан кішкентай ғана барби қуыршағына киімдер тігу. Алғашында бас киім мен шарф тоқып бердім. Сосын бір күні құрақ қиындыларының бірін алып, анамның "тиіспе, бір жеріңді іліп аларсың, инесін сындырасың, бүлдіресің" дегеніне қарамастан, анам сыртқа шыққанда қол машинасына "қол салдым". Құрақтан қалған қиындының бір жақ шетін қол машинаға "зыр" еткізіп алдым. Керемет, ешкімде жоқ көйлек тігіп бердім қуыршағыма! Сондағы "зыр еткізгенім" екі елі матаның бір жақ шетін машинаға жүргізіп алдым. Нәтижесінде бас-аяғы белгісіз, түбі тесік қап секілді екі елі бірдеңе шықты. Енді барбиіме сыйлығымды беруге асығып, желпілдеп барбиімді қолға алсам... болмады. Сыймады! "Асыққан сайтан ісі" немесе "рұқсатсыз тиіспе, анаңның айтқанын тыңда"... Әлгі көйлегім тіпті маңына да жуымады. Тап-тар! Осымен "қуыршақпен достасу" талпынысым су сепкендей басылды.

Бүгінгі айтпағым мынау. Туысымның үйіне бардық. Екі қызы бар. Бірі бірінші сыныпта, екіншісі балабақшада. Өткенде солар "Мақпал тәте, басын, қолын салып беріңізші" деп, бірдеңе алып келді. Қарасам, қуыршақ! Қандай қуыршақ дейсіз ғой! Көре сала, түрін көріп: "Мынадан қорықпайсыңдар ма? Түстеріңе кірмей ме?" – деппін ғой. Түрі сондай қорқынышты. Мультфильм кейіпкері ме, басқа ма білмедім. Сөйтіп, бас-аяғын салып беріп, олар мәз, ойнауға кетті. Ал, мен біртүрлі болып қалдым. Телебағдарламалардың бірінде кішкентайлар ойнайтын қуыршақтарына, ойыншық кейіпкерлеріне еліктейді деп, сол турасында пікірталастырған еді. Егер рас еліктейтін болса, жаңағы қуыршақтарға еліктеген ұрпақ ертең кім боларын білмеймін...

Төменде ғаламтордан "кеңес заманындағы қуыршақтар" деп іздеп, бірнешеуін салдым... Бұлар анағұрлым сүйкімді сияқты, меніңше...

қуыршақ

қуыршақ

Ал, ендігі кезекте қазіргі кездегі барбилердің кейпі... Маған ұнамайды!  Сізге ше? Біз ойнаған барбилер кішкене "ұялшақ" еді...

қуыршақ

Енді көретіндеріңіз сіңлілерімнің мені шошытқан қуыршақтары...

қуыршақ

қуыршақ

қуыршақ

Байқасаңыз, мына соңғы тек басы келтірілген қуыршақтың көздері қисық және кірпіктері шаш секілді шынайы. Ал, тісі ақсиған, жасыл түстісі туралы сөз етудің қажеті жоқ. Бұлар тек қыздардың ойыншықтары. Жүре берсең, көре бересің деп, тіпті аяғы ауыр, ерлі-зайыпты қуыршақтар да бар екен. "Бала туатындары да шыққан" дейді ел. Ұлдардың да осы тектес "ұсқынсыздары" жетіп, артыларына сенімдімін.

Біздің балалық, балалық екен-ау. Қазіргі ойыншық түрі осы болса, келешекте  қандай ойыншық түрлері пайда болатынын тіпті ойлауға қорқасың. Қазіргі ойыншық атаулының ішінде іліп алары ғана бар, шыны керек. Олардың зиянды химиялық қоспалардан әзірленетіні туралы да сөз етілген, әлі де айтылады... Айта берсең, жағың талмас, таусылмайтын тақырып бұл...

Ал ендігі кезек күллі әлем бойынша кең сұранысқа ие болып, кішкентай қыз біткеннің миын жаулап алған бет келбеті миға сыймайтын, көзі ботадай, аузы шүмектей, мұрны бар-жоғы көрінбейтін, білінбейтін, бойы он сантиметрге де жетпейтін, шашы түрлі-түсті – қуыршақ Лол. Біздің де үйдегі кішкентай осы бір қуыршақты көрсе, "алып бер" дейтін болыпты. Құдды, жұқпалы аурудай. "Жарайды" деп, атасы мың теңгеге алып берген бір шар түрін. Ашсаң ішінен тосынсыйы шығады. Тосынсый дегені, алақандай қуыршақ, түсініксіз киімі, қоқысқа кететін жабыстырғыш қағазы, емізігі. Үйге келіп, бізге бір көрсетті, содан кейін қайда жатқанын білмейді. Ойнамайды, қызықсыз.

Ал бағасына келсек, айтып өткендей, мың теңгеден жоғары. Сериялы 82 түрі бар дейді. Соның бәрін жинап боламын дегенше қанша қаражатыңыз кететінін есептей беріңіз. Жастық, ыдыс-аяқ, көйлек, сөмке, торт, кәмпит, тағысын тағы қуыршақ Лолдың жүрмейтін жері жоқ бүгінде. Бұл алақандай қуыршақ қалайша қыздардың жүрегін жаулап, ата-аналардың қалтасына салмақ салып, кішкентайлардың еркелігінің арқасында өндіруші компанияны қалай байлыққа кенелтіп отыр? Ол келесі мақаланың арқауы болсын. 

қуыршақ

Отандық өндірісте қуыршақтар, ойыншықтар бар. Жоқ емес. Бірақ оны қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Әйтпесе, кім баласына сапалы, ұлттық, сенімді өнімді алып беріп, алаңсыз отырмасқа? Қазақ қызы кейпіндегі Қыдырәлі ағамыздың бір қуыршағының бағасына базардан  4-5 қытай қуыршағын алуға болады. Бояуы да, құрамының қоспасы да зиян екенін біле тұра, қытай қуыршағын алып, баламызды Аллаға аманаттап, "мә, ойна" деп беріп қоятынымыз да рас. Басқа амал жоқ. 

Кейде отандық өнімдерді тек шетелдіктер үшін жасай ма деген ой туады...

Осыған дейін айтылғаннан асырып ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ. Тәрбие –тал бесіктен. Ойлы адамға шыбынның ұшқаны да ой тастар... 

 

 

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір