12 Шілде, 2019 Денсаулық
Аяқ-қол өсіп шықпайды: Мүгедектікті растаудағы бассыздықтар
Мәселенің көтеріліп келе жатқаны бүгін де емес, кеше де емес.
Мүгедектікті растау төңірегіндегі бассыздықтар әлі де тыйылар емес деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Депутаттардың әрдайым сауал жолдап отырғанын да ешкім пысқырып жатқан жоқ. Саладағы шектен шыққан бюрократия қашан тоқтайды?
Аяғы жоқ адам оның қайта өсіп шықпағанын жыл сайын дәлелдемеуі керек.
Лунара Рыспайқызы бұлшық ет дистрофиясы дертіне шалдыққан жан. Сүйегі морт сынғыш келеді. Арбаға таңылған. Арбаны да өз ақшасына алған. Тұқым қуалайтын дерттің шипасын табу мүмкін емес. Алайда, 20 жыл бойы Лунара мүгедектігін дәлелдеумен жүр. Өмір бойы осылай жүремін бе деп қапаланады. Жамбылдағы әпкесінде де тура сол ауру екен. Бірақ оның өмір бойы мүгедек деген статусы бар, ал Лунарада жоқ.
"Өмір бақиға әлі бермей жатыр. 1-топты екі жыл бұрын берді. Енді 7 жыл деген. Әлі менің 4-5 жылым бар. Бірақ, менікі тұқым қуалайтын ауру. Дәрігерлер бұл аурудың қандай екенін жақсы біледі", - дейді 1-топтағы мүгедек Лунара Рыспайқызы.
Мәселенің көтеріліп келе жатқаны бүгін де емес, кеше де емес. Ондаған жыл болды. Естіп жатқан ешкім жоқ. Жақында сенаторлар тағы бір мәрте сауал жолдап көрді.
"Мысалы, ақтөбелік азамат бір жылдан астам уақыт мүгедектігін рәсімдей алмаған. Аяғынан айырылған ол құжатына бір жыл дегенде әупірімдеп қол жеткізді. Бірақ бір жарым айдан соң көз жұмды. Мүгедектікті растау мен қайта рәсімдеу ісінде жемқорлық қаупі жоғары. Заң нормалары аяғы не бүйрегі сияқты органынан айырылған адамдарға өмір бойғы мүгедектік алуға мүмкіндік береді. Алайда, іс жүзінде ол орындалмайды", - дейді ҚР Парламент сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.
Ашық дереккөздерде бар ақпараттар бойынша елімізде 670 мың мүгедек бар. Мәселенің ауқымын осыдан-ақ бағамдауға болады. Мадина Әбілқасымованы алмастырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев есеп беру жиынын өткізіп еді. Позициясын анық білдірді.
"Ол деген енді болмайды. Қолы жоқ болса, бір жылдан кейін қайтіп қол пайда болмайды ғой. Сондықтан ол болмайды. Біз оны...ол өмір бақи тиісті жәрдемақысын алып тұру керек", - деді ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.
Мәселенің шешілер күні алыс емес, дейді министр. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында ақпараттық платформалар бар. Бірақ, электронды жүйелер әлі бір-бірімен ақпарат алмаса алмай жүрген көрінеді. Тек 7 өңірде тәжірибе жұмыстары енді жүріп жатыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір