13 Маусым, 2019 Дәстүр
Мемлекеттік қуыршақ театры халықаралық КУКART фестивалінде өнер көрсетеді!
Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры.
Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қара шаңырақ бүгінде бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.
84 жылдық тарихы бар театр таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Жаңашылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы театр өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеруде. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Осы мақсатта театр ұжымы ағымдағы жылдың 22-30 маусым күндері аралығында Ресейдегі XXV Халықаралық КУКART қуыршақ театр фестиваліне қатысады. Аталмыш фестиваль марионет Евгений Деммен атындағы Санкт-Петербург театрының 100 жылдығына арналмақ. Үздіктер бас қосатын өнер ордаларының қатарында Мемлекеттік қуыршақ театрының атынан «АНА ЖҮРЕГІ» (авторы: Е.Ионов, режиссері: А.Зайцев) драмалық қойылымы бақ сынайды. Бұл – біздің ұжым үшін зор жетістік. Спектакльдің тақырыбы мен көрерменге берер ойы, мазмұны мен маңызы ерекше.
Қаншама ғасыр өтсе де, өмірдің кілтін ұстап тұрған «ана» мен «бала» ұғымы ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ана балаға, бала анаға тәуелді. Бірақ, бүгінгі заманда біз бұл түсінікті қалай қабылдаймыз?!. Міне, осы сауалға жауап іздейтін қойылым қуыршақтар бейнесінде тіл қатып, көрерменге ерекше әсер қалдыратыны анық. Қойылымдағы ана ролін актриса Т.Тлеулиева, бала бейнесін Р.Абу сахналайды.
КУКART Халықаралық қуыршақ фестивалі 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайырымдылық бағыттағы коммерциялық емес жалғыз фестиваль. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Европаның Швеция, Испания, Германия, Польша, Бельгия, Болгария және ТМД-дан Беларусь, Қазақстан мемлекеттерінің өнер ошақтары өз қойылымдарын фестиваль қатысушылары мен сарапшыларының назарына ұсынады. Өнер мерекесінің бағдарламасы дәстүрлі үш бағыттан тұрады: негізгі, арнайы және клубтық қойылымдар. Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ана жүрегі» қойылымы негізгі бағдарламаға енген. Спектракль 24 маусым күні Зазеркалье театрының сахнасында қойылады. Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.
Фестиваль аясында негізгі бағдарламадағы 52 қойылымдардың көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. шаралар ұйымдастырылу жоспарлануда.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір