04 Сәуір, 2024 Барлық аймақтар
Ұялы байланыс тарифтерінің бағасы жыл санап емес, ай санап өсіп жатыр - Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс операторларының тариф бағасын негізсіз қымбаттатып, халықтың қалтасын қағып отырғанын айтып, мәселе көтерді.
Фото: ашық дереккөзден
Мәжілісмен байланыс қызметі тарифінің күннен күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып бара жатқанын айтты.
“Тарифтер жыл санап емес, ай санап өсуде. Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспары 2023 жылы 57%-ке дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37% дейін болған. Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсім – 39%) қымбаттатты, Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Атап айтқанда, «Реальный безлимит» (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсуі 29 %), «Просто супер» (теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті”, – деді Бейсенбаев.
Депутат Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін үстінен тағы 990 теңге қосып отырғанын айтты. Сонда бар-жоғы 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни 59% қымбаттаған.
Оған қоса депутат байланыстың бағасы қымбат болса да, сапасы сын көтермейтінін атап өтті.
“Байланыс өте әлсіз және интернет жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67 орында тұр. Сонымен қатар, елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 6 290 ауыл болса, соның шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар. Демек, тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ. Содан кейін «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, операторлар өзі қалаған бағаны қоймай қайтсін”, – деп нақтылады депутат.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір