• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 21:36:34
Алматы
+12°

Фото: drive2.ru

Болат Бопай қазақтың аспан есебіне сай 12 айдағы 24 амалы туралы ақпаратпен бөлісіп, алдағы айға болжам жасады, деп хабарлайды Qamshy.kz.

Этнограф-маман ата-бабамыздың таңның атуына, күннің батуына, құстың қайтуына, оралуына, судың ағысына, бұлттың ауысына, жәндіктердің қимылына, ай, күн, жұлдыздардың орын алмасуына, жел мен боранның соғу бағытына, айдың кірісіне қарап, ауа райын дөп болжағанын айтады.

  1. Наурыз айының 9-24 жұлдызы «Бес қонақ амалы» деп аталса, 18- 21 жұлдызы «Әз амалы» кіреді. Өліарада күн салқындайды. Қарлы бұрқасын болады. 26-28 жұлдызы "Құс қанаты амалы" кіріп, қыпылықтап қар жауады. Осы қармен жыл құсы ілесе келеді. Қазақтың «Құс қанат амалы» деп жүргені осы.
  2. Көкек айының 9-14 жұлдызында «От амалы» кіреді. Жер оты тебіндеп, мал көк ішектей бастайды. 18-19 жұлдызы «Қызыр қамшысы амалы» немесе «Сәуір амалы» кіреді. Бұл амалда күн күркіреп, найзаған жарқылдайды. Соған қарап, бұл амалды кей аймақтарда «Қызыр қамшысы амалы» деп те атап кеткен. Ал бағызаман есепшілері оны «Сәуір амалы» деп атаған. Осы амал кезінде ата-бабамыз жауған жауынға бастарын тосатын ырым жасаған. «Көктемдегі жауын - сауып тұрған сауын» деп бағалаған.
  3. Мамыр айының 9- 14 жұлдызында «Сартан амалы» (кей аймақта мұны «Бүршік амалы», «Қызыл жұмыртқа амалы» десе, басқа өңірлерде «Құралай салқыны» дейді), 19-25 жұлдызында «Зауза амалы» кіреді (бұл күндері Сартан жұлдызынан кейін, Зауза жұлдызы туады). Киіктер құралайын - лағын өргізсе, қаз-үйрек балапанын жұмыртқадан шығарады). Осы амалдардан кейін Үркер шоқ жұлдызы аспаннан ғайып болады. 29- 31 жұлдызы - өліарада «Үркердің батуы амалы» кіріп, көктем амалдары толық аяқталады.
  4. Маусым айының 9-14 жұлдызында «Қыркүйек», 19- 25 жұлдызында «Мырза» амалдары кіреді. Бұл кезде жаздың ақ жауындары басталады.
  5. Шілденің 9-14 жұлдызында «Бас шілде амалы», 19- 25 жұлдызында «Сарша амалы» кіреді. Осылайша шілденің аптап ыстық күндері басталады.
  6. Тамыз айының 9-14 жұлдызында «Үркер толғақ», 19- 25 жұлдызында «Сарша тамыз» амалдары басталады. Осы кезде Үркер аспанға көтеріледі. Артынан Таразы жұлдызы туып, таң мен кеш салқын тартады. Осы амалдар өткенде жаз мезгілі аяқталады.
  7. Қыркүйек айының 9-14 жұлдызында «Масақ», 19-25 жұлдызында «Таразы» амалдары кіреді. Аспанда Сүмбіле жұлдызы туады. Тары бидай піседі. Егінге орақ салынады. Су суиды.
  8. Қазан айының 9-14 жұлдызында «Қаражел», 19-24 жұлдызында «Бұғы мүйіз» амалдары кіреді. Бұл кезде жауған қарға бұғылар мүйізін төсеп, келе жатқан қыстың қырын байқатады. Мүйізі сырқыраса, бұл қыстың қатты, аяздың күшті болатынын сезіп жер аударып кетеді. Ал мүйізі сырқырамаса, жайланып жайылып жүре береді. Сондықтан бұл амалдың атын «Бұғы мүйіз» деп атаған.
  9. Қараша айының 9-14 жұлдызында «Қауыс», 19-25 жұлдызында «Боқырау» амалдары кіреді. «Қауыс кәрі-құтаңды тауыс» деп , қыс қырынан шықпайтын малды сойып не сатып жібереді. Осы амалда күн күрт суып, боққа қырау қатады. Соған қарап оны «Боқырау амалы» деп атаған. Бұл амалдар өткен соң , күз амалдары толықтай аяқталады.
  10. Желтоқсанның 9-14 жұлдызында «Ақырап», 19-25 жұлдызында «Серне» амалдары кіреді (Бұл амалды кей аймақта «Қырбастың қызылы», «Текебұрқылдақ», «Арқаржалақ» деп те атайды). Бұл - аяздың ден алып күшейген кезі.
  11. Қаңтардың 9-14 жұлдызында «Қырықаяқ», 19-25 жұлдызында «Тоқырау» амалдары кіреді. Соңғысында түн ұзарып барып тоқырайды. Бұны «Түннің қысқы тоқырауы» деп атайды. Соған қарап оны «Тоқырау амалы» деп атаған.
  12. Ақпанның 9-14 жұлдызында «Ақпан», 19-25 жұлдызында «Ұт» немесе «Тақпан амалы» кіреді. (Бұл амалда Үркер шоқ жұлдызы тас төбеде тұрады. Күні-түні сақылдаған сары аяз жүреді. Қар омбылап түседі. Осы амалдардан кейін, қыс амалы толық аяқталады.

«Қазақ халқы бір жылдағы 24 амалды дұрыс есептеудің нәтижесінде, қыстауға қай айда көшу, көктеуге қай мезгілде бару, отарға малды қашан айдау, жайлауға қашан қоныстану, жолға қандай сәтті күндері шығу, жұлдызға бағып өткел, суаттарды жаңылмай табудың жолдарын, тәжірибелерін жасаған.

Міне, "Астролог халық" деп ұялмай тұрып, қазақ халқын айтуға болады.

Ал, 2024 жылы Григорян есебі бойынша, қаңтар айы - жаңа жыл. Хижира есебі бойынша, алда Қоян жылының соңғы екі айы әлі бар. Қоян жылы наурыз айының 21 күні аяқталады. Осы негізде есептегенде қаңтардың 1 - 28 жұлдызында «Бөрісырғақ», «Бөріұйық», «Бөрітабан» деген амал кіріп, қалың қар жауып, күн суып, сары аяз болады.

Ақпанның 9-16 жұлдызы «Ақпан амалы» кіреді. 19-27 жұлдызы «Тақпан амалы» кіріп қалың жауып, қатты аяз болады. Сосын ары қарай Ұлу жылы кіріп көктем амалдары кіре бастайды», - дейді Болат Бопайұлы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір