• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Шілде, 01:47:31
Алматы
+35°

Жетпіске жақындап қалған Алмас Тілепов пен Қалимаш Тойшыбекованың өмірі соңғы бір жылда мүлде өзгерген. Екі бірдей экстремистік бап бойынша сотталып жатқан ұлдары, тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді көру үшін апта сайын жүздеген шақырым жол жүреді. Сот үрдісіне қатысты күрделі терминдер мен ұғымдарды, саяси процестерді түсінуге тырысады. Жиі-жиі журналистерге сұхбат береді. Туған туыс, дос-жараннан жырақтап, белсенділермен көбірек араласатын болған. Зейнетақыларының әр тиынын санап, әупірімдеп айдан-айға жеткізеді. Жаңа киім алмағалы да жылдан асқан. Қамшы тілшісі күрескер ата-ананы кезекті жолға әзірлік кезінде әңгімеге тартып, бір күнін көрсетуге тырысты.

200 теңге

Фото: Қамшы

Алмас аға мен Қалимаш апай азық-түлікті өздері тұратын Іле ауданы Түймебаев ауылындағы Скидочка дүкенінен алады. Мұнда сәл арзанырақ деген олар жазып алған тізіміне қайта-қайта қарап, себетке кәмпит, бірнеше қорап печенье салды. 1 блок Сарыағаш, азын-аулақ жеміс-жидек, көкөніс ала шықты. Мұның бәрі бірдей ұлдарына емес. Аштық жариялап жатқан Думан тек су, арасында нәрі бар “Пико” шырынын ғана ішеді. Ал кәмпит, печенье Думанды қолдап келетін белсенділерге жүрек жалғау үшін. Нан, кейде бауырсақ пісіріп, ет ала барады. Сот отырыстарына қолдап белсенділер елдің түпкір-түпкірінен келеді. Қал-қадірінше көмек көрсетіп, Алмас ағаның шотына ақша аударады. Жуырда бір кісі бір бөлке нанға болсын жаратарсыз деп 200 теңге салып жіберіпті. Қарт кісілер кез-келген қолдауға шын риза.

Құса

Фото: Қамшы

Дүкеннен шығып, қызыл түсті үйге келдік. Қоршау мен шатырды күн жеп, ақшыл тарта бастапты. Есіктің алды тап-тұйнақтай, жап-жасыл, жайқалған гүл, жайнаған бау-бақша. Қарт ата-ана көңілдегі кірбіңді, кеудедегі қайғы мен шерді осы бау-бақшаны айналдырып, уақытша ұмытуға тырысатындай. Күндіз жыбыр-жыбырмен уақыт өтеді. Ал түнді өткізу бір азап. Мүлгіген тыныштықта еріксіз ойға шомады. Алаңсыз ұйықтаған кездері есінде жоқ. Көз ілу қиын. Дөңбеңшіп ары-бері жатып, әйтеуір бір уақытта кірпік айқасады. Бірақ таң бозарып атысымен 5-тен қайта оянып алады. Күнде осылай.

Фото: Қамшы

Азалы ата-ана Думан қамауда болғалы бірде-бір рет тойға бармаған. Жарқырап жүрген күндердің ізі де жоқ. Баратын көпшілік орта тек өлім-жітім. Онда да тез қайтуға асығады. Сот процесі басталғалы тіптен құса болып кеткен. Көп ешкіммен сөйлеспейді. Алмас аға іштен тынып жүрсе, жылай-жылай жасы суалған Қалимаш апай “Ұлымды қатты ойлағанда бар өшімді бақшадағы арамшөптен алам” дейді.

Фото: Қамшы

“Менің қаруым – тілім”

Думан Мұхаммедкәрім үйдегі екі баланың үлкені. Артынан ерген қарындасы бар. Бұрынғы дәстүрмен ата-әжесінің қолында өскен “шалдың баласы”. Атасы коммунист болыпты. "Совхозда екі қой өлсе екі, үш қой өлсе үш деп жазатын адал еді" дейді Алмас аға әкесі жайлы.

Фото: Қамшы

“Думан осы атасына тартқан. Ақты ақ, қараны қара деп айтады. Жасынан сотқар, төбелескіш, бірдеңеге ұрынатындай тентек емес-ті. Тек өзінің көзі жетіп, дұрыс санаған нәрсесінен қайтару қиын. Талай жыл мемлекеттік арнада журналист болып істеді. Бірге Астанада тұрдық. Одан Ресейге кетті. Есімде Жаңаөзен оқиғасынан кейін іштей өзімен көп арпалысты. Сендер шындықты көрсетпейсіңдер деп көппен бірге елден боқтық та естіді. Жаңаөзенде түсіріп, экранға шықпай қалған видеоларды маған көрсететін. Кейін Байқоңырда протон жарылғанда біраз ащы нәрселер айтып, қарсылығын сыртқа шығарып жүрді. Артынша радиода істеп, тура айтамын деп әлдекімдерге жақпай, 4-5 жылдың жүзі болды тәуелсіз журналистикаға бет бұрды. Думанда белсенді, оппозиция болу деген жоспар ешқашан болмаған. Оны белсенді, оппозиция қылған биліктің өзі. Оның бар ойы сүйікті ісімен шұғылдану еді. Және біреудің сойылын соғу, я біреуді қаралауды ойламады. Тек шынайы ақпарат таратуды көздеді. Қазір ғой билік Думанды өзіне жау санайды. Әйтпесе Думан оппозицияда жүрген талай адамға тұтқиылдан сұрақ қойып, талайын титықтатқан. “Билікті сынайсыңдар, өздеріңнің не ұсынарларың бар, бастарың неге бірікпейді” деп оларға қарата айтқан сөздері ютубта әлі күнге дейін тұр. Шетелде жүрген Ержан Тұрғымбаевпен сұхбаттасып, оның бетпердесін сыпырған. Марқұм Балташ Тұрсымбаймен әңгімелесу барысында ыңғайсыз сұрақтар қойып, шекісіп, кейін тіл табысқан кездері болған. Думан қылмыскер емес, еш сүйенері, қалталы қолдаушысы, ақшасы жоқ жәй журналист. Бірде ұстаған кезінде, полицейлер қару бар ма деп сұрапты, сонда Думан “менің қаруым – тілім” деп тілін көрсеткен. Оның бар кінәсі шындықты айтқаны, журналист ретінде алғаш болып Тоқаевты сынап, Әблязовтан алғаш қазақша сұхбат алғаны. Бұл – билікке жақпады. Басқа түк те жоқ. Әйтпесе Әблязовтан сұхбат алған жалғыз Думан ғана ма”.

Қисық жүйе

Қалимаш апаның шәй қайнады, үйге кіріңдер деп үшінші мәрте шақыруынан кейін қалған әңгіме дастархан басында жалғасты. Арасында “жаңа есіміз шығып су алуды ұмытып кетіппіз ғой, мына жақтың суы тұзды. Іше алмайсың. Үйдегі бар сумен қайнаттым” деп саяжай мәселесін де қозғай кетті.

Фото: Қамшы

Думан алғаш әкімшілік іс бойынша қамалып шыққанда ата-анасы онымен жылап көріскен. Елге қалай қараймыз деп уайымдап, бойын үрей билеген. Қылмыстық іс бойынша қамауға алынғанда анасы ұлын кешірім сұрап, босап шығуға көндірмек те болған. Алайда ұлының “Мама, сен Тоқаевтың адамысың ба? Кешірім сұрайтындай еш кінәм жоқ, ешкімнің алдында иілмеймін” деген сөзінен кейін “ақырына дейін күресуге, кез келген нәтижеге дайын болуға бекініп отырмыз” дейді.

Қазір ойы ұлдарынікімен үндес, ұстанымын, таңдауын толық қолдайды. Тек тілеуін тілеп қана қоймай, шама-шарқынша шапқылап жүр. Еңкейген шақтарында заң, құқық, саясат саласы бойынша біраз сауаттанған. Құқыққорғаушылармен кеңесіп, әр қадамын ақылдасып отырады. Жуырда қатарында “әуежай ісі” бойынша сотталған журналист Айгерім Тілеужанның анасы бар бір топ белсенді болып Астанада АҚШ елшілігінің адамдарымен, Ермұрат Бапи, Мақсат Толықбай сынды парламент депутаттарымен кездесіп қайтқан.

Қалимаш Рымбекқызы ұлын қамау туралы бұйрық берген “жоғарыдағы адамның” аты-жөнін білгісі келетінін айтады.

“Бірталай орган қызметкерлері, прокурор, генералдармен сөйлестік. Бәрі бірдей жаман деуден аулақпын. Адамша сөйлесіп, түсіндіретіндер, жөнін айтатындар бар. Біздікі тек жоғарыдан келген бұйрықты орындау деп ақталады. Сол жоғарыдағы адамның кім екенін білгім келеді. Тоқаев дейміз, мүмкін ол кісі емес шығар. Мүмкін ол кісіні әдейі қаралау, жексұрын көрсету үшін өзге біреулер қасақана жасап отырған шығар. Білмейміз ғой. Ашынғаннан кейде қатты да кетіп жатамыз…”

Алмас аға да тергеу органдарында өздерімен адамша сөйлесетіндер барын, олар жүйенің құрбаны болып отырғанын айта кетті.

“Айдауылдар, жалпы орган қызметкерлерінің ішінде адамдығын жоғалтпағандар аз емес. Бірақ Назарбаев құрып кеткен жүйенің мызғымастығы сондай одан маса өте алмайды екен. Полицейлер көбіне қызметтен кетсек, жан баға алмай қаламыз деп ойлайды. Өйткені олардың құлағына “органнан кетсең ешкімге керек емессің, халық бетіңе түкіреді” деп құйып тастаған. Бірі кредитке үй, бірі көлік алған. Бала-шағасы бар. Жұмыстан кетсе, бәрінің қолынан бірдей кәсіп келе бермейді. Не істейді басқа, еріксіз жүреді, бұйрықты орындайды. Бұл жерде жүйе қисық болып тұр ғой”.

“Қонаевта Думанды мақтамен бауыздап отыр”

Қарт кісілер бастапқыда Думанның соты Қонаевта болатынына қуанған. Өйткені Талдықорғанға қатынау қиын. Қыста ақтүтек боран, жазда шіліңгір ыстықтың талай азабын тартқан. Екі күн жүрсе, үшінші күні бұзылатын көлікпен жолға шығуға сеніңкіремейді де. Сынып қалғанда ұят та болса белсенділер чатына жазып, ақшалай көмек сұрайды. Салқындатқышы жоқ көліктің іші қазіргідей жазда тіптен қайнайды. Жемсаумен ауырып, мүгедектік алған Қалимаш апайдың ыстықтан тынысы тарылады. Бірақ баласы үшін оған да көніп келеді. Көнбеске шара жоқ. Өздерін ұмытқалы қашан…

Бірақ Думанның Қонаевқа ауыстырылғаны жолды қысқартқанымен, көп қуаныш сыйлай қоймаған. Наразылық ретінде шашын тақырлап, аштық жариялаған Думан бүгінде 50-ақ келі болып қалды дейді Қалимаш апа көзінің жазын сүртіп.

Фото: Қамшы

“Думанның денсаулығы әбден құрып бітті. Қос бүйрегінен отыра, жүре алмайды, Таяққа сүйеніп қалған. Үй қамаққа ауыстыру туралы талабымызды қанағаттандырмай отыр. Не өздері медициналық көмек көрсетпейді. Тек екі уақыт ауырсынуды басатын дәрі беріп қойған. Бүйрегі ауыратын адамға ол болмайды ғой. Ол аздай өткенде тыңдап жүрген радиосын алып қойып, терезесі жоқ, сыз тартқан бетон бөлмеде қамалып отырған ұлымды әлемнен оқшаулап тастады. Осылай бұлар Думанның да, біздің де жүйкемізді жұқартып, мақтамен бауыздап отыр” дейді зарлы ана.

Фото: Қамшы

Шәйден соң үйдедегілер бірден жолға шықты. Сағат 1-ге дейін Қонаевта болып үлгеруі керек. Алда 50 шақырымдық жол. Күн ыстық. Көліктің кондері жоқ. Терезеден ыстық ауа соғады.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Думан Мұхаммедкәрім

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір