12 Қазан, 2023 Барлық аймақтар
Министр сөзіне түзету жасалды
Аида Балаева хиджабқа қатысты даулы мәселеге тағы да пікір білдірді. «Қоғамдық орында хиджаб киюге тыйым салу керек» деп бұған дейін жасаған мәлімдемесінің мәнін түсіндіріп, орамалды емес бетті тұмшалауды меңзегенін жеткізді.
Фото: ашық дерек көзінен алынған
Министр заң органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарына бұндай жаңалықтарды абайлап тарату керек екенін ескертіп өтті. Себебі баяндамада хиджаб деген сөз айтылмағанын, бетті тұмшалау деп никаб пен паранжаны меңзегеніне сендіруге тырысты.
– Бетті жабу азаматтың түр-тұлғасын анықтауға қиындық келтіреді. Бұл ең бірінші кезекте бізге қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Өркениетті елдердің барлығында осы шектеу бар. Мемлекет ешқашан зайырлылықтан, діни сенім бостандығынан таймайды. Өйткені бұл Ата заңда жазылып тұр,– деді министр.
Жаңа заң үкіміне алаңдаған халық министрлікке ресми жолдау жасап, петиция жазып үлгерген. Бұның бәрі де тиісті уәкілетті органдарда қаралмақ.
– Министрлікте қоғамдық, сараптамалық кеңестер бар. Заңнамалық өзгерістерді талап ететін барлық мәселелер алдымен сарапшылар мен қоғам арасында талданады, содан кейін ғана нақты шаралар қолға алынады. Одан басқа, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажетті шараларды қабылдау – уақыт талабы. Біздің басты мақсатымыз ел бірлігі мен тұрақты даму. Ел қауіпсіздігіне мемлекет қана емес, әрбір адам жауапты екенін түсінуі тиіс. Бұның ішінде ақпаратты дұрыс тарату мәселесі де кіреді, – деді Аида Балаева.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда хиджаб пен басқа да діни киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынғаны айтылған еді. Бұл терминді шатастырып айтқан министрдің қателігі әлде БАҚ бетінде онсыз да қоғамда өршіп тұрған діни мәселені қиындатуға жасалған әрекет болды.
Қалай болғанда да дәстүрлі бағыттағы орамал тағатын қыздарымызға кесірі тиіп кетпеуі керек. Көпшілік екі тараптың айырмашылығын сырттай ұғына алмайды. Заңды жүзеге асырамын деп «шаш ал десе, бас алатындар» табылып қоғамда тәртіп орнатушылар да табылмасына кім кепіл? Діни жағдай асқынған шет елдерде қыз балалар көшеде еркін жүре алмайтын деңгейге жеткен.
Жалпы «хиджаб» деген сөз қазақта жоқ, орамал бар. Бірінші кезекте осы терминнің өзін қолданыстан шығаруымыз керек. «Мен хиджаб киемін» деп алып, «Үстіңдегі арабтың киімі» дегенге неге ренжиді?! Намаздың атауын да ақшам, құптан деп қазақшаладық, бірақ наразылық тудырып жүрген осы сөз бен киімнің мағынасын, талабын ұғынбай еш нәтижеге жете алмаймыз, содан даудың үстінен дау туады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір