22 Қараша, 2021 Әлем
Фото: Ашық дереккөз
1961 жылы Берлинде бір түнде өмір өзгерді. 1961 жылы 13 тамызда Берлин қабырғасы соғылды. Бір түнде берлиндіктер ғана емес, бүкіл неміс халқы екі бөлінді. Мыңдаған, миллиондаған отбасы екі жақта қалды. Берлин қабырғасы неміс отбасыларын 28 жыл бөліп тұрды.
(Батыс Берлин тұрғындары балаларын қаланың шығыс жағында тұратын ата-әжесіне көрсетуде, 9 мамыр, 1961 жыл. )
Бір түнде көшелер, метро желілері, автобустар, трамвайлар, каналдар мен өзендер бөлінді. Отбасы мүшелері, достар, ғашықтар, сыныптастар, жұмыстағы әріптестер және басқалар таң атқанда екі жақта қалғанын білді. Кейбір жағдайларда шекараның арғы жағындағы ата-әжелеріне қонаққа барған балалар кенеттен ата-анасынан айырылып қалған.
Берлин қабырғасы коммунистік Кеңес одағы мен демократиялық батыс елдерінің арасындағы қырғи-қабақ соғыс пен темір шекараның символы болды.
1989 жылы 9 қарашада Берлин қабырғасы құлаған кезде оны бүкіл әлем атап өтті.
(Батыс берлиндіктер 1989 жылы 11 қарашада Берлин қабырғасының алдына жиналды. Шығыс Германия шекарашылары Потсдамер алаңының жанындағы қабырғаны бөліп жатқанда арғы жағынан батыс немістерін көрді.)
Адамзат тарихы үшін сабақ болатын Берлин қабырғасының тарихы қалай болды?
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында одақтас державалар Германияны жеңген соң, олар неміс елін төрт аймаққа бөлді. Потсдам конференциясында келісілгендей, Германияны АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Кеңес Одағы бөліп алып басқарды.
Германияның астанасы Берлинде де солай болды.
Алайда, Кеңес Одағы мен басқа үш одақтас держава (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) арасындағы қарым-қатынас тез арада ушығып кетті.
Арадағы қатынас шиеленіскен соң 1949 жылы ресми Батыс Германия және Шығыс Германия құрылады да, немістерді ресми екіге бөлу процессі басталады.
Дегенмен, соғыстан кейінгі қысқа мерзім ішінде Батыс Германия мен Шығыс Германияның өмір сүру жағдайлары мүлде басқаша болды.
Батыс Германия АҚШ, Ұлыбритания, Францияның көмегімен және қолдауымен капиталистік қоғам құрды. Батыс Германияда экономиканың тез өскені сонша, ол "экономикалық ғажайып" деген атқа ие болды. Батыс Германияда тұратын адамдар жақсы өмір сүре алды, гаджеттер мен тұрмыстық техника сатып алды және қалағанша саяхаттады.
Шығыс Германияда мүлде керісінше болды. Кеңес Одағы Шығыс немістерді соғыстан түскен олжа ретінде қарастырды. Олар Шығыс Германиядан зауыт жабдықтары мен басқа да құнды заттарды ұрлап, Кеңес Одағына жөнелтті.
Шығыс Германия Кеңес Одағының тікелей ықпалында болды, коммунистік қоғам орнады. Шығыс Германияның экономикасы артта қалып, халықтың жеке бас бостандығы қатты шектелді.
1950 жылдардың аяғында Шығыс Берлинде тұратын көптеген адамдар репрессиялық өмір жағдайына шыдамай, Батыс Берлинге қашып өте бастады. Сол кездерде жүз мыңдаған адам шекарадан қашып өтті.
Батыс Германияға табысты қашып өткен босқындар алдымен қоймаларға орналастырылды, содан кейін Батыс Германияға қабылданып отырды. Қашып кеткендердің көбі жас, білікті мамандар. 1960 жылдардың басында Шығыс Германия жұмыс күшін де, халқын да тез жоғалтты.
1949 және 1961 жылдар аралығында Шығыс Германиядан 2,7 миллионға жуық адам қашып өткен. Бұл бүкіл Шығыс Германия халқының шамамен 20% құрады. Олардың дені кәсіби мамандар, инженерлер, техниктер, дәрігерлер, мұғалімдер, заңгерлер және білікті жұмысшылар болды. Үкімет бұл жаппай көшуді тоқтатуға тырысты. Шығыс немістер Батыс Берлинге кете берген соң, Кеңес Одағының қолдауымен Батыс Берлинді басып алуға бірнеше әрекет жасалды.
Осы мәселеге байланысты Кеңес Одағы тіпті АҚШ-қа ядролық қаруды қолданатынын айтып сес көрсетті. Америка Құрама Штаттары мен басқа да Батыс елдері Батыс Берлинді қорғауды міндет деп шешті. Берлинде Кеңес одағы мен Батыс елдердің танктері үш күн бойы бетпе-бет тұрды. Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі туды.
Немістер батысқа қаша берген соң, өз азаматтарын сақтап қалуға тырысқан Шығыс Германия бірдеңе істеу керек екенін білді. 1961 жылдың келесі екі айында 20 000-ға жуық адам Батысқа қашты.
Шығыс пен Батыс Берлиннің шекарасын қатайту үшін бірдеңе болуы мүмкін деген қауесет немістер арасында тарады. Берлин қабырғасының жылдамдығын да, абсолюттілігін де ешкім күткен жоқ. 1961 жылы 12 тамыздан 13 тамызға қараған түні түн ортасында Шығыс Берлинде солдаттар мен құрылысшылар мінген жүк көліктері гүрілдеп қалада көбейе түсті.
Берлиндіктер ұйықтап жатқанда, олар Батыс Берлинге кіретін көшелерді бұза бастады. Олар Шығыс пен Батыс Берлиннің шекарасына бетон тіректерді орнату үшін шұңқырлар қазып, тікенек сымдарды бекітті. Шығыс пен Батыс Берлин арасындағы телефон сымдары да үзіліп, теміржол желілері жабылды.
Берлиндіктер таңертең оянғанда шошып кетті. Бір кездері ашық шекара енді мүлде жабық. Енді шығыс берлиндіктер опера, спектакль, футбол ойындары немесе кез келген басқа іс-шаралар үшін шекарадан өте алмайды.
60 000-ға жуық жолаушы бұдан былай Батыс Берлинге жақсы жалақы алатын жұмысқа бара алмайды. Енді жақындарымен кездесу үшін отбасылар, достар мен ғашықтар шекарадан өте алмайды. 12 тамызға қараған түні шекараның қай жағында қонуға барса, олар ондаған жылдар бойы сол жақта қалып қойды.
Берлин қабырғасының жалпы ұзындығы 155 шақырым болды. Қабырғаның 28 жылдық тарихында төрт негізгі өзгеріс болды. Ол бетон тіректері бар тікенді сым қоршаудан басталды.
Бірнеше күннен кейін яғни 15 тамызда берік, сым қоршаулар тұрақты құрылымға ауыстырылды: бетон блоктардан жасалған және тікенді сыммен жабылды.
Қабырға 1965 жылы үшінші рет беріктеле түсті. Ол болат арқалықтармен бекітілген бетон қабырғадан тұрды. 1975 жылдан 1980 жылға дейін салынған Берлин қабырғасының төртінші нұсқасы ең күрделі болды. Адам ғана емес, ұшқан құс, жүгірген аң өтуге де тыйым салынды.
Шекарада иттерін ерткен солдаттар жүрді. Шығыс немістер сонымен қатар көлікке қарсы траншеяларды, электр қоршауларын, үлкен жарық жүйелерін, 302 бақылау мұнарасын, 20 бункерді, тіпті миналанған алаңдарды орнатты.
Шығыс Германия үкіметінің пропагандасы жылдар бойы "Шығыс Германия халқы қабырғаны қуана қарсы алды" деп айтатын еді.
Берлин қабырғасы салынған соң да Шығыс Германиядан Батыс Германияға қашатындар тоқтамады. Арқанмен асып, автобуспен, көліктермен соғып немесе жерден тунель қазып өткендер болды, биіктен құлап өлгендер де, Шығыс Германия солдаттары жағынан атылып өлгендер де өте көп болды.
Шығыс Германия 1960 жылы қашып кетуге тырысқан кез келген адамды атып тастау туралы бұйрық шығарды. Бірінші жылдың ішінде жиырма тоғыз адам атылған. Берлин қабырғасы күшейіп, ұлғайған сайын қашу әрекеттері мұқият жоспарланды.
Кейбір адамдар Шығыс Берлиндегі ғимараттардың жертөлелерінен, Берлин қабырғасының астынан және Батыс Берлинге туннель қазды. Тағы бір топ ауа шарын жасап, қабырғаның үстінен ұшып өтті.
Өкінішке орай, барлық қашу әрекеттері сәтті болмады. Шығыс неміс гвардиясының бақылауындағы қабырғаға жақындаған кез келген адамды ескертусіз атуға рұқсат етілгендіктен, кез келген қашу жоспарларында әрқашан өлу қаупі болды. Берлин қабырғасында шамамен 239 дейін адам қаза тапты деп есептеледі.
Сәтсіз қашу операцияларының ең қорқынышты жағдайларының бірі 1962 жылы 17 тамызда болды. Сол күні түстен кейін 18 жастағы екі жігіт қабырғаға қарай жүгірді. Оған бірінші жеткен жігіт сәтті қашып өтті. Өкініштісі, Питер Фехтер деген екінші неміс жігітінің әрекеті олай болмады.
Ол қабырғаға шықпақ болған кезде шекарашы оқ жаудырды. Фехтер қабырғаға өрмелеуді жалғастырды, бірақ қабырғаның төбесіне жеткенде әлі құрыды. Содан кейін ол қабырғаның Шығыс Германия жағына құлады. Ең аяныштысы, Фехтер сол жерде қалды. Шығыс неміс гвардиясы оны қайтадан атпады, көмекке де бармады.
Фехтер бір сағатқа жуық азаптана айқайлады. Ол қансырап өлгеннен кейін шығыс неміс сақшылары оның денесін алып кетті.
Фехтер Берлин қабырғасында қаза тапқан 50-ші адам және бостандық үшін күрестің мәңгілік символы болды.
(1962 жылғы 17 тамыз. Батыс Германияға қашып өтпек болғанда атылған Питер Фехтердің денесін шығыс неміс шекарашылары алып кетіп барады. Фехтер ауруханаға жеткізілгенге дейін 50 минут бойы жерде жатты. Ол ауруханаға жеткізілгеннен кейін көп ұзамай көз жұмды.)
Берлин қабырғасының құлауы оның салынуы сияқты кенеттен болды. 20 ғасырдың соңына қарай коммунистік Кеңес одағы әлсірей бастады, бірақ Шығыс Германия коммунистік жетекшілері Шығыс Германияға түбегейлі төңкеріс емес, қалыпты өзгеріс қажет деп сендірді. Шығыс Германия азаматтары келіспеді.
Михаил Горбачев (1985–1991) кезінде коммунистік Кеңес одағы әлсіреді. 1988 және 1989 жылдары Польшада, Венгрияда және Чехословакияда коммунизм құлдырай бастады. Сол кезде Батыс Германияға қашқысы келген шығыс немістер үшін жаңа қоныс аудару орындары ашылды.
Шығыс Германияда коммунистік басшы Эрих Хонеккердің зорлық-зомбылық саясаттарына қарсы наразылықтар болды. 1989 жылы қазанда Хонеккер Горбачевтің қолдауынан айырылып, отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Оның орнына Эгон Кренц келді, ол зорлық-зомбылық елдің проблемаларын шешпейді деп білді. Кренц сонымен қатар Шығыс Германиядан сыртқа саяхаттау шектеулерін алып тастады.
Кенеттен, 1989 жылы 9 қарашада кешке Шығыс Германия үкіметінің қызметкері Гюнтер Шабовский мәлімдемеде жасады: "Шығыс Германиядан Батыс Германияға тұрақты қоныс аудару барлық шекаралық бақылау бекеттері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін" деді ол.
"Шекара шынымен ашылды ма?" деп адамдар есеңгіреп қалды. Шығыс немістер шекараға жақындап, шекарашылардың адамдарды өткізіп жатқанын көрді.
(Шығыс және Батыс берлиндіктер 1989 жылы 10 қарашада Бранденбург қақпасы жанында бір-біріне көмектесіп, қолдарын созуда.)
Өте аз уақыттың ішінде Берлин қабырғасына екі жақтан да қарақұрым халық жиналды.
Кейбіреулер Берлин қабырғасын балғамен және қашаумен қирата бастады.
Берлин қабырғасының бойында адамдар құшақтасып, сүйісіп, ән айтып, қуанып, жылап жатты, жаппай мереке болды.
Берлин қабырғасы құлағаннан кейін Шығыс және Батыс Германия 1990 жылы 3 қазанда біртұтас неміс мемлекетіне қайта біріктірілді.
(1989 жылы 10 қараша. Шығыс және Батыс берлиндіктер Шығыс Берлин аумағындағы бақылау станциясының алдында мерекеледі)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір