• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 19:12:19
Алматы
+12°

Әлеуметтік желі мен онлайн өмір күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған бүгінде балаларға қатысты зорлықтың жаңа түрі – кибербуллинг (онлайн қорлау, қысым көрсету – ред) өткір мәселе болып отыр. Мамандар кибербуллингке әсіресе балалар жиі ұшырайтынын айтады. Қамшы тілшісі зорлық-зомбылықтың жаңа түрінен балаларды қорғаудың жолдарын сарапшылардан сұрап көрді.

Кибербуллинг деген не?

"Жасұлан" балалар мен жасөспірімдер ұйымындағы "Кибербуллингтің алдын алу" жобасының жетекшісі Бағлан Серік "кибербуллингтің алдын алу" жобасын 2021  жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Ол кибербуллингтің белгілері қандай болатынын түсіндіріп берді.

Qamshy

 

– Кибербулингтің ешқандай жасырын белгілері жоқ. Ол көзге көрініп тұрады. Кибербиллингтің белгілеріне бір адам екінші адамды әлеуметтік желі арқылы ренжіту, көңіліне тиетін хаттар жазу, белгілі бір адам хақында жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желілерде оның атынан парақша ашып, ерсі суреттерін жариялау, әдепсіз сөздер жазу немесе қоқан-лоққы көрсететін пікірлер қалдыруды жатқызамыз, – дейді ол.

 

Бағлан Серік кибербуллингтің алты түрін атап көрсетті. 

Флейминг – дөрекі түрдегі ескертулер мен көңілге тиетін хабарламалар.

Троллинг  жәбірленушінің ашуына тиетін әдейі арандату хабарламалары.

Хейтинг – адамды ашық түрде қудалау. Мысалы, ортақ чаттардан келетін пікірлер мен хабарламаларды айтуға болады.

Диссинг – жала жабу арқылы беделге нұқсан келтіру, қауесет тарату, өсек айту.

Фрейпинг – аккаунтты жасырын және әдейі бұзып жағымсыз контент жариялау.

Кетфшинг – фейк парақша ашып әртүрлі ақпарат тарату.

Маманның айтуынша кибербуллингке көбіне танымал тұлғалар, жазушылар, блогерлер мен мектеп оқушылары ұшырайды.

– Мектеп оқушылары арасындағы буллингті (бір адамның бір адамды қорқытып-үркіткенін, қудалауы – ред) табу оңай болып келеді. Өйткені буллингті жасаған адамды тауып, онымен сөйлесуге болады. Ал кибербуллингтік шабуыл интернет арқылы жасалатын болғандықтан, әлеуметтік желіде фейк парақша ашқан адамды табу қиынға соғады. Оқушылар өзінің сыныптастары немесе басқа да адамдар тарапынан кибербуллинг шабуылдарына жиі ұшырайды. Адамға жағымсыз пікір жазу мен басқа адамның сол пікірге лүпіл (лайк) басуы да  "кибербуллинг" болып саналады.

Кибербуллингтен қорғанудың бір жолы – желі арқылы жасалған кибершабуылды елемеу. Өйткені жабуыл жасаушы адамға жауап беру жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Дұрысы, ең алдымен ол адамды әлеуметтік желіде бұғаттау керек. Содан кейін әлеуметтік желі әкімшісіне оның үстінен шағым түсіу қажет. Дәлел ретінде ол адамның жазған хабарламларының скриншотын пайдалануға болады. Сол дәлелдермен полицияға  жүгінуге де мүмкіндік бар, – дейді маман.

Бағлан Серік кибербуллингтің алдын алу бойынша жасалып жатқан шаралар туралы да айта кетті.

– Қазір біз "Жасұлан" балалар мен жасөспірімдер ұйымы кибербуллингтің алдын алуға арналған жобасы жасап жатырмыз. Жоба аясында мамыр айында интернетті пайдалану этикасын дамытуға байланысты балаларға онлайн курстар өткіздік. Ол жерде оқушылар мен жастарға кибербуллингтің не екені, оның алдын алу шаралары мен себеп-салдары түсіндірілді. Курста халықаралық IT университетінің мамандары дәріс берді. Сонымен қатар әр өңірде кибербуллингтің алдын алу мақсатында Telegram топтар құрылды. Қазір ол топтар кибербуллингке ұшырағандарға көмектесумен айналысады. Біз кибербуллингке қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Алдағы уақытта өкілетті органдарға ұсынатын боламыз. Елімізде кибербуллингке ұшыраған кезде адамдар не істеу қажеттігін білмейтіндіктен мұндай заңдық өзгеріс аса қажет.

Кибербуллингке қандай адам жиі ұшырайды?

Психолог Балабек Кеніштайұлы "кибершабуылға" тап болған адамға қолдау көрсету өте маңызды екенін айтады. Мәселен, мұндай жағдайға балалар тап болса,  ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізіп, олармен тең дәрежеде сөйлесуі қажет.

Qamshy

 

– Кибербуллингке көбіне 14-17 жас арасындағы балалар ұшырайды. Өйткені бұл уақытта балалар интернеттен түрлі видеолар қарап, соларға әуестенеді. Адамдармен интернет арқылы сөзге келіп, түсініспеушілік туындайды. Бұл уақыттарда балалардың бойында "өзіндік мені" жоғары дамиды да сол арқылы өздерінің ішіндегі агрессиялық негативті мінез-құлықты шығаруға ұмытылады. Жалпы кибербуллингке өз-өзіне сенімділігі төмен, басқалардың ықпалымен жүретін, ақыл санасы жоғары деңгейде дамымыған, айтқан сөзіне жауап бере алмайтын балалар жиі ұшырайды, – дейді ол.

Кибербуллингтен қорғанудың жолы қандай?

Балабек Кеніштайұлының сөзінше, кибербуллинге ұшыраған балалардың мінез-құлықында өзгеріс пайда болып, күйзеліске жиі ұшырайды. Ондай балалар өзін-өзі бағаламайды, өзгелердің жанында өзін төмен түсіреді, тұйықталады. Мұндайда балалар ешкіммен араласқысы келмейді.

– Ата-аналар балаларға кибербуллингтың виртуалды түрде жүретінін айтып ескерту керек. Үлкендер балаларына үнемі қамқорлық жасап, қасында болып, оларға әр уақытта көмектесендіктерін олардың санасына сіңіріп отырған жөн.

Бала өмірге келгеннен кейін оған ата-анасы жауапты, баланың өмірі қалай өтіп жатқанын, немен айналысып жүргенін үнемі қадағалау қажет. Балаға телефонды сабақ оқығанда ғана ұстатып, олардың бойындағы кез-келген ерекшелік пен өзгеріске бірден мән берген жөн. Ата-аналар мүмкіндігінше күніне немесе аптасына бір рет өзінің баласымен еркін тақырыпта әңгімелескені дұрыс. Баламен тең дәрежеде сөйлесіп, оларға ақыл беріп, пікірлерімен санасу керек.

Мұнымен кибершабуылдың құрбанына тек балалар ғана ұшырайды деп айтпаймын. Мұндай жайттар ересектердің де басында болады. Ол кезде олардың тамаққа тәбеті болмай, ұйқысы бұзылады. Сыртқа көп шыққысы келмейді, – дейді Балабек Кеніштайұлы.

Кибербуллингтен заң қорғай ала ма?

Заңгер Абзал Құспан Қазақстанда кибербуллинге қатысты арнайы заңнама болмағанымен, әлеуметтік желіде шабул жасағандарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатынын жеткізді.

Qamshy

– Елімізде кибербуллингке байланысты арнайы заңнама жоқ. Тіпті кибершабулдашыларға қатысты сот жағдайындағы процестер де жоқ деп айтсам да болады. Алайда өз басым Еуропа елдеріндегідей кибербуллингке қатысты бөлек заңнама біздің елде де қарастырылуы қажет деп санаймын. Егер тұлғаға қарата қорқыту, үркіту немесе сексуалдық бағыттағы сөздер айтылса, кибершабуылдаушыларды қазіргі қолданыстағы заңнамаға сай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады.

Кейде кибершабуылға ұшыраушылар менен ақыл-кеңес сұрап жатады. Қазақ тілді ортаның бір ерекшелігі бұндай жағдайға кіжініп-кіжініп "қырамыз, жоямыз, соттатамыз" дейді де, одан әріге бармайды. Азаматтар мұндай жағдайларды заң арқылы реттеуге болатынын белгені жөн, – дейді Абзал Құспан.

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Кибербуллинг

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір