• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 13:02:23
Алматы
+12°

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауы барысында "орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл" дегенді айтты. Елдегі басты заң – конституция бойынша орыс тілінде мұндай статус жоқ. Белгілі заңгер, тіл мәселесі бойынша көптеген істерге қатысқан құқыққорғаушы Абзал Құспан президент мәлімдемесі Қазақстанда құқықтық нигилизмнің асқынып тұрғанын білдіретінін айтады.

Сөзіншеорыс тілін Қазақстандағы ресми тіл дейтіндей заңдық негіз жоқ.

– Конституцияның кепілі болып есептелетін президенттің өзі заңда жазылған нәрсені бір басқа, саясатты бір басқа жүргізетіні – құқықтық нигилизмнің ең өршіген, асқынған түрін білдіреді. Құқықтық нигилизм деп біздегідей заң мен тәжірибедегі жағдайдың сәйкес келмеуін айтамыз. Бұл – бара-бара азаматтардың заңға деген құрметсіздігін, сенбеуін тудырады. Құқықтық нигилизмнің ең ақырғы шегі мемлекеттің құлауына әкеліп соғады, – дейді заңгер.

Абзал Құспан президент мәлімдемесі қазақтілді орта мен орыстілді ортада екі түрлі реакция тудырады деген пікірде.

– Президент мәлімдемесі орыс тілді ортада "әне, президенттің өзі осылай деді" деп қазақ тілін менсінбеу, үйренуге тырыспау әрекетін үдетуі ықтимал. Ал қазақтілді ортада Тоқаев сөздері жаппай наразылыққа ұшырайтынын белгілі. Тіпті жалпыхалықтық қарсылыққа ұласуы мүмкін. Егер олай болып жатса, бүгін осылай деген президент ертең үлкен толқудың алдын алу үшін басқа нәрсе айтатынына, "қазақ тілін дамыту керек" деп шығатынына сенімдімін. Ал бұл алдау, арбау 30 жылдан бері жалғасып келеді. Жалғаса береді де. Өйткені қазақ тілінің қажетін түсінетін адам билікте аз. Мен орталарында жүрмін ғой, оларда қазақтілді ортаны сауатсыз, қараңғы деп ойлайтындар, "қазақтілді ортаның басы қосылмайды, олармен сөйлесіп те керек емес" дейтіндер көп, – дейді ол.

Заңгер президент мәлімдемесі бүгінгі биліктің Ресейге қаншалықты кіріптар екенін айқын аңғартып тұрғанын айтады.

– Біздің билік бір нәрсені түсінуі қажет. Он жылдан кейін немесе жиырма жылдан кейін Ресей бір жаққа көшіп кетейін деп жатса, онда олардың қас-қабағына қарай тұру керек дегенмен келісер едім. Бірақ Ресей бүгін-ертең құрып кеткелі тұрған ел емес қой. Олармен өмірбақи көрші боламыз. Сондықтан ұлттық мәселемізді шешудің уақыты келді. Иә, президент осылай деуге мәжбүр болып отыр. Бірақ қашанға дейін мәжбүрлікпен жүрік, қашанға дейін Ресейдің қас-қабағын аңдимыз... 30 жыл күттік, енді неше жыл күтуіміз керек... Билік қаз-қалпында отырса, отыра берсін. Енді ел болып, жұрт болып азаматтар мәселені өз қолына алуы керек. Тіл мәселесі Қуат Ахметовтың, Тіл майданы қозғалысының немесе менің жеке басымның мәселесі емес. Ұлттық мәселе, – дейді заңгер.

Соңғы уақытта тіл мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Жуырда "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты.

Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.

Артынша Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді бірер күн бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. Ол қазір Украина астанасы Киевте.

Сондай-ақ Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ ата-аналар баласын орыс сыныбына, орысша білім беретін мектепке беріп жатқаны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде жиілеген. Әңгімені статистикалық деректер де растаған. Соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан.

Бірнеше сарапшы мұның себебін "билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын "үңгірдегі ұлтшылдар" деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейтінімен байланыстырады.

Оқи отырыңыз:

♦ Тоқаев сөзден сүрінді. Президент тіл жанашырларын Ресейге жығып берді ме?

♦ Баласын орыс мектебіне беретін қазақтар неге көбейіп жатыр?

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір