• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:39:28
Алматы
+12°

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауы барысында Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас пен тіл мәселесі туралы айта келіп, "орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл" деп сөзден сүрінді.

Ол елдегі ұлтаралық келісімді сақтау маңызды екенін жеткізіп, ұлтаралық үйлесімділікті дамыту елдің басты бағыттарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді.

– Бұны қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біз конституция бойынша біртұтас елміз. Пікір әруалдығын қолдаймыз. Бірақ радикализмнің кез келген түрін қатаң айыптаймыз. Адамды тіліне, нәсіліне қарап кемсітуге жол бермейміз. Қазақ тілінің өрісі шектеліп отыр дегенге негіз жоқ. Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ал орыс тілі ресми тіл статусына ие. Заң бойынша оған шектеу қоюға болмайды, – деген ол жастар орыс тілін үйренсе, ұтылмайтынын жеткізді.

 

Президент айтқандай, конституция бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Ал орыс тіліне байланысты конституциядағы 7-баптың 2-тармағында "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" делінген. Алайда бұл орыс тілі Қазақстанда ресми тіл дегенді білдірмейді.

 

Соңғы уақытта тіл мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Жуырда "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты.

Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.

Артынша Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді бірер күн бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. Ол қазір Украина астанасы Киевте.

Сондай-ақ Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ ата-аналар баласын орыс сыныбына, орысша білім беретін мектепке беріп жатқаны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде жиілеген. Әңгімені статистикалық деректер де растаған. Соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан.

Бірнеше сарапшы мұның себебін "билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын "үңгірдегі ұлтшылдар" деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейтінімен байланыстырады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жолдау тіл мәселесі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір