• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:44:20
Алматы
+12°

Жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ ата-аналар баласын орыс сыныбына, орысша білім беретін мектепке беріп жатқаны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде жиілей бастады. Әңгімені статистикалық деректер де растап тұр. Соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан. Қамшы тілшісі мұндай үрдістің себебіне үңіліп көруге тырысты.

2020 жылғы дерек бойынша Қазақстанда жалпы білім беретін 7440 мектеп бар. Оның ішінде 3809 мектеп қазақ тілінде, 1287 мектеп орыс тілінде білім береді. 2319 мектеп – араластілді. 

7440 мектепте 3 млн 481 мың 347 оқушы оқиды. 1 млн 519 мың 786 оқушы қазақ мектепте, 412 мың 216 оқушы орыс мектепте білім алады. 1 млн 535 мың 750 оқушы аралас мектепте оқиды. Оның 755 мың 345-і қазақ сыныбының оқушысы болса, 685 мың 891-і орыс сыныбына барады.

Ал 2016 жылы 2 млн 930 мың 583 оқушының 1 млн 275 мың 662-сі қазақ мектебінде, 381 мың 30-ы орыс мектебінде оқыған. Аралас мектепте білім алған 1 млн 253 мың 247 баланың 640 мың 148-і қазақша, 530 мың 559-ы орысша оқыған.

Осылайша, оқушы санының өсу динамикасы 5 жылда орысша білім алатын оқушылар санының өсу динамикасы 2 пайызға жоғары екенін көрсетіп тұр.

Қамшы тілшісімен сөйлескен Алматының Ұлжан ықшамауданындағы №152, Думан ықшамауданындағы №172 мектеп-гимназияның, Жас Қанат ықшамауданындағы жалпы білім беретін №198 мектептің қызметкерлері орыс мектептеріне ауысып жатқан оқушылар жоқ екенін айтса, Алмалы, Бостандық ауданында орналасқан мектептердің басшылығы мұндай деректердің болғанын жоққа шығармайды. Тек ашық түрде пікір білдіріп, аты-жөндерін, мектептің атын жариялағысы келмейді. "Басшылыққа жақпайтын сөз айтып қойып, ротацияға ілініп кетіп жүрсек" деп үрейленеді. 

Алматыдағы №146 мектеп-лицейдің мұғалімі Жанбыгүл Әділханқызы немерелерінің орыс мектебіне баратыны жүрегін ауыртатынын айтады. Тәжірибелі ұстаз "баланың тілі қай тілде шығып, қалыптасса, басқа тілде білім алуы қиынға соғатынына көз жеткіздім" деп отыр. 

– Балам мен келінім бізден бөлек тұрады. Келінім орыстілді. Үйде бәрі орысша сөйлеседі. Немеремнің тілі қазақшаға бұрылсын деп қазақ балабақшаға беріп едік, таңертеңгіліктен басқасының бәрі негізінен орысша өтеді екен. Тек бірді-екілі сөздерді ғана қазақша айтады. Кейін орыс мектебіне бара бастады. Мен тағы шырылдап жүріп қазақ мектебіне ауыстыртып едім, бірақ бала әбден қиналып кетсен соң амалсыз қайтадан орыс мектебіне бердік. Баланың тілі ана тілінде шығып, ана тілінде ойлана алмаса кейін қиын болады екен. Өзім ұстаз болғандықтан, қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс мектептерінен әлдеқашан озып кеткенін білемін. Сондықтан "орыс мектебіне ол жақта білім сапасы жоғары болғаны үшін береді" деген әңгіме сылтау ғана. Басты себеп – өздері орысша сөйлеген соң орысша мектепке береді, – дейді Жанбыгүл Әділханқызы. 

Асқарбек Құсайынов

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, профессор Асқарбек Құсайыновтың айтқандары қазақ мектептеріндегі білім сапасының өзге мектептерге қарағанда жоғары болуының сырын түсіндіргендей.

– Үш жылда бір өтетін халықаралық PISA зерттеуінің соңғы алтауының нәтижелеріне талдау жасау барысында үздік ондыққа үнемі белгілі бір елдердің оқушылары енетіні анықталды. Олардың қатарында Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Гонконг, Тайвань секілді елдер бар. Олардың білім беру жүйелерін саралағанда, бұл елдер орта білім беру жүйесінде ұлттық-рухани тәрбие мәселесіне баса назар аударатынына көз жетті. Осы анализдің өзінен-ақ қай ел өз баласына ұлттық-рухани тәрбие беріп отыр, сол елдің білім сапасы жоғарыдан көрінетіні айқындалады. Демек, қазақ баласы қазақ тілінде оқығанда рухани-адамгершілік тәрбие алуына кеңінен жол ашылады. Сәйкесінше, білім сапасы жоғары болады, – дейді ғалым.

Руслан Түсіпбеков

Осы орайда қоғам белсендісі, Ресей халықтар достығы университеті мен Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған құқықтанушы Руслан Түсіпбеков Қазақстанда оқушыларды мемлекеттік мектептерде тегін негізде тек қазақ тілінде оқытатын кез келді деп санайды.

– Бүгінде мемлекетті құраушы қазақ халқы жалпы халықтың 70 пайызынан асты. Екіншіден, былтыр беби-бум болғанын білесіз, 425 мың бала дүниеге келді. Соның 80 пайызы қазақ балалары, орыстардың үлесі 7,3 пайыз, өзбектердікі – 4 пайыз. Қазақстанда қазақ тілінен басқа айрықша статусқа ие тіл жоқ. Орыс тілі ресми тіл де, ұлтаралық қатынас тілі де емес. Швейцариядағыдай бірнеше мемлекеттік тіліміз жоқ. Мұны не үшін айтып отырмын. Әлемде 200-ден астам тәуелсіз ел болса, солардың ішінде өз балаларын өзге елдің тіліне бюджет қаржысы есебінен, яғни халық салығынан жиналған қаржыға оқытып отырған Қазақстаннан басқа бірде-бір ел жоқ. Сондықтан өз басым бюджет тарапынан қаржыландырылатын мектептер баланы тек қазақ тілінде оқытуы керек әрі қазақтар балаларын тегін мектепке бергісі келсе, онда тек қазақша білім алуға тиіс деген заң қабылдау қажет деп есептеймін. Орыс балаларына қазақша бірден үйреніп кету қиындау ғой, сол себепті бастапқыда олар үшін орыс мектептерін қалдыра тұруға болады. Бірақ ол жерге қазақ балалары қабылданбауы керек. Ал егер қазақ ата-ана баласын орысша немесе басқа тілде оқытқысы келсе, онда баласын жекеменшік мектепке берсін. Мұны біреулер адам құқығына қайшы нәрсе деуі мүмкін. Бұл – мүлде қайшы емес. Мәселен, өзім талай жыл тұрған Ресейде мемлекеттік мектептерде балаларды татарша немесе шешенше оқытып жатқанын көрмеппін. Германия немісше, Франция французша оқытады. Біздікі де солай болуға тиіс. Осы уақытқа дейін орысша оқып, Ресей саясатын жүргізуге тырысатындардың қаншасын өсіріп шығардық. Осымен жетер, – дейді Руслан Түсіпбеков.

 

"БИЛІК ҚОЛДАНБАҒАН ТІЛДІ ҚАРАША ҚАЙДАН ҚОЛДАНАДЫ..."

 

Балаларын орыс мектебіне беретін ата-аналар арасында қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтын, "қазақ тілі тұрмыс тілі деңгейінде қалып қоюуы мүмкін" деп ойлайтын ата-аналар аз емес. Екі бала тәрбиелеп отырған Аида Жексембай "қайда барсаң да орыс тілі алдыңнан шығады, біз сияқты орысшадан қиналмас үшін балаларымды орыс мектебіне бергім келеді" дейді. Айтуынша, Қазақстанда орысша білмейтін адамға көп жерде карьера жасау қиын.

 

Қарағанды облысында тұратын азаматтық белсенді Жексен Әбдірахманов осындай ахуалдың қалыптасқанына билікті кінәлайды.

– Билік қолданбаған тілді қараша қайдан қолданады... Президент Тоқаевтың өзі қазақша жазылғанды әрең оқитынын көріп жүрміз. Ол күнделікті өмірде қазақ тілін қолданады дегенге сену қиын. Ақордадағылар бастан-аяқ мәңгүрт. Билік бас болып бірдеңе істемесе, кеткеніміз кеткен. Азаматтар ештеңе істей алмайды. Істейтіндей қоғамдық сана бізде жоқ. Ал мұндай ұлтты заңмен, басқамен мәжбүрлеу керек, болғаны сол ғана, – дейді азаматтық белсенді.

Қазақстанда бірнеше рет мемлекеттік тілге қатысты заң қабылдауға талпыныс жасалып, билік тарапынан қолдау таппаған. Қазіргі қолданыстағы "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңы 1997 жылы қабылданған.

Талай жылдан бері тіл мәселесімен айналысып келе жатқан маман Дос Көшім бұл заң 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған Қазақ КСР-інің "Тіл туралы" заңынан айырмашылығы аз деген пікірде. Ол "қазақ тілінің мәселесін тек билік шеше алады, ал оған билік құлықсыз" деп санайды.

 Дос Көшім– Биліктегілердің бәрі қазақ тіліне қарсы. Әрине теледидардан тіл туралы тебіреніп тұрып айтады. Бірде Тоқаев мемлекеттік тілді білмейтін мемлекет қызметкерлері анахронизм ("уақыттан қалып қойған", "ескіліктің сарқыншағы" дегенге мазмұндас – ред) болуы керек" деп айтты. Соны айтқаннан кейін қазақ тілін дым қақпайтын мен білетін кемі 3 шенеунікті тағайындады. Бізде айтқанда қатырып айтады. Кезінде Назарбаев та сөйткен. Олар айтпауы керек, олардың қолында заң күші бар, олар соны қолдануы керек. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдасын. Біз оны осыдан 10 жыл бұрын дайындап бердік. Ол заң қазір парламентте жатыр. Сондықтан әңгіме екіжүзділікте. Айтады, бірақ оның бәрі ойын, екіжүзділік. Бұлай жалғасып жатқанда ата-аналарға "балаңды неге қазақ мектебіне бермейсің" деп қалай ренжисің. Тілге қажеттілік жасалмай, мұндай жағдай бола береді. Ата-аналар шенеуніктердің қазақ тілін білмей-ақ министр, әкім, сенатор болып жатқанын көреді де "қазақ тілінің қажеті қанша" деп ойлайды. Ал мұны билік өздері үшін арнайы жасап отыр, – дейді саясаттанушы.

Бесінші шақырылымдағы мәжіліс депутаты, бірнеше жыл елорданың Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болған Оразгүл Асанғазының пікірі де "Мемлекеттік тіл туралы" заң қабылдау керек дегенге саяды.

 Оразкүл Асанғазы– Тәуелсіздікке ие болған 30 жыл ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Егер қаласақ Тіл туралы қолданыстағы заңмен-ақ Балтық жағалауы елдері, Кеңес үкіметінің құрсауынан шыққан өзге де елдер сияқты мемлекеттік тілдің басымдылығын арттыруымызға болушы еді. Қазақстанда бәсекеге қабілетті тіл, жұмыс тілі бұрынғыша орыс тілі болып қалды. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін орыс тілін шектеп, Қазақстан аумағында мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек еді. Бірақ басымдық берілген жоқ.  "Ең үздік үлгі – жеке бастың үлгісі" деген бар. Ал бүгінде биліктің үш тармағы да мемлекеттік тілді насихаттауда үлгі бола алмай отыр. Кезінде премьер-министр, мемлекеттік хатшы жанынан құрылған мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуді қадағалайтын мемлекеттік комиссия болған. Соңғы жылдары оның барлығы тоқтап қалды. Соны қайта қолға алу керек. Биліктің өзі "үңгір ішінен шығып", халық қалаған қазақ тілінде қызмет етуі керек. Біз барлығын Ресейден үйренеміз ғой. Ресейдің өзінде мемлекеттік – орыс тілі туралы заң бар. Ресейде үлкен лауазымды қызметтер атқарған Виктор Черномырдин "орыс тілі – Ресей ұлттық қауіпсіздігінің негізі" деген. Біздің басшылар да осыны айтуы керек. Өйткені әлемдік тәжірибе ұлтты сақтаудың кепілі – тілді сақтау екенін көрсетіп берген. Сондықтан алдымен "Мемлекеттік тіл туралы" заң керек, ол жерде мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білмейтіндер алынбайды деп анық жазылуы керек. "Тілдер туралы заң" қабылданғанда демографиямыз бір тілге басымдық беруге жетпеген болса, қазір 70 пайыздан астық. Сондықтан қорықпастан бір тілге мәртебе беру керек. Екі тіл қосарланған кезде қазақ тілі жұмыс тілі ретінде бәсекеге қабілетті болмағанын 30 жыл дәлелдеді. Қажет емес тілді ешкім де үйренбейді, – дейді экс-депутат.

Кәрім Мәсімов үкіметті басқарып тұрған тұста көрнекті заңгер Мақсұт Нәрікбаевтың жетекшілігімен Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ мемлекеттік заң университетінің заңгерлері "Мемлекеттік тіл туралы" заң жобасын жасап, үкіметке ұсынған. Ол жерде мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті деген бап болған. Бірақ сол кездегі үкімет жобаны парламентке ұсынбай қойған.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжан да баласын орыс мектебіне беріп жатқан ата-ананы жазғырудан аулақ.

Аятжан Ахметжан– Елдегі мемлекеттік тілдің нашар ахуалына билік кінәлі. Билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын "үңгірдегі ұлтшылдар" деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейді. Егер билік қазақ тіліне екінші сортты тіл деп қарамаса, мемлекеттік тіл мемлекетте екінші сортты тіл болмаса, онда мектептегі екінші сортты тіл болмайды. Екіншіден, бұрынғы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің үш тілділікке бағыттап кеткен саясаты орыс мектептерін тірілтуге қызмет етіп кетті. Үшіншіден, қазіргі ата-аналар тәуелсіздік жылдары өзін-өзі жоғалтқан буын. Олар не қазақ емес, не орыс емес. Олар баласының болашағын өз ойы мен санасының деңгейімен өлшейді. Бірақ тарих дегенін жасайды. Демографиялық, тарихи жағдай соған әкеледі, – дейді Аятжан Ахметжан.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір