• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:16:19
Алматы
+12°

19 Тамыз, 2019 Дін

Биылғы жылдың Құрбан айт мерекесі де өтіп кетті. Жағдайы бары Меккеге сапар шекті, өзгесі құрбандық шалды, енді бірі барымен дастарқанын жайып, айттап келушілерді күтіп алып, шығарып салды. Ал өзгелер үшін әдеттегі күндердің біріндей өтіп кетті.

Бүгінгі күннің ораза айтының да, құрбан айтының да келбеті өзгеше. Бұрын қандай еді? Бұрын дегенім, біздің бала кезде. Біз қашан бала болдық? Шамамен, осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдайды айтсам...

"Бүгін ешкімдікіне айттамай қоя тұрайық. Біреу-міреу кеп қалар үйге" деп бәріміз үйден шықпай отырамыз бірінші күні. Екінші күні айттауға енді шығайын деп жатқанда үйінен сенен ертерек шыққан біреулер кеп қалады. Сөйтіп жалғаса береді... Бұрын солай еді. Ал, бүгінде, байқасам, онша айттамайды ешкім. Бәрі жұмысбасты ма, әлде зауқы жоқ па... Тіпті көршілерге де кірмейді. Бұрынғыдай ма деп бір көршіме "айт қабыл болсын" айтып кіріп ем, тіпті дастарханы да жайылмаған. Өзім ыңғайсыздандым. Нан ауыз тиіп, кетіп қалдым.

Ал, бұрын ше? Дастархан жайылған, шәй бұрқылдап қайнап тұрады. Қыс болса пеште шәугім қайнап, басқа мезгілде тоқ шәугімді қайта-қайта қайнатып, айтшыларды күтіп отырушы ек. Анау көрші келді, мынау көрші келмеді. Сол келуі керек деп күтесің. Күткендерің келеді. Анау көршіге бардым, мынауы қалды деп жоспардағы тындыру керек ісіңдей міндет болып тұратын мойныңда. Рас. Бұрын солай еді. Ол кезде бала ем. Ата-анам осылай істейтін. Ал, біз, балалар жиналып алып бірге кіріп шығатынбыз үйді-үйге. Ес білген шақта үйде айттап келушілерді күтіп қалатынбыз. Біз қызық көріп, қыдыруды, кәмпит жеуді, ананың үйінен мынаны жедім, ананы жедім деп айту үшін ғана айттайтынбыз. Ал, ата-анамыз барған үйіне ақ тілектерін жаудырып келетін. Үйге келген айттаушылар да құры бос келмей ақ тілектерін бірге ала келетін. Ата-анамның сол әдеттерін көріп өскеннен кейін өзің де солай жасағың келеді екен.

Алайда, "сен тимесең мен тиме бадырақ көз" деп, өзі ешкімдікіне айттамайтын болған соң үйіне де ешкім келмейтініне сенімді түрде дастарқан жаймайтындар да баршылық. Кейбіреуі әйтеуір ел пісіріп жатыр деп арапада пісірген санаулы түйір бауырсағын ешкім келмейтініне сенімді болса да "біреу келсе" деп сақтап қойып отыратын да адамдар барына сенімдімін...

Дегенмен де, кейбір ауылды жерлерде әлі де менің балалық шағымдағыдай айттау дәстүрі бар екеніне сенемін! Сақтап қалайықшы сол дәстүрді, қазағым, бауырларым! Дәстүрді сақтап, ұрпаққа қалдыратын Сіз без Біз. Бәрін өзімізден бастайық. Биылғы олқылықты келер жылы қайталамайық... Айттайық, ақ тілекті аямайық...

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір