• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 16:31:11
Алматы
+12°

30 Қазан, 2012 NEWS

Зардыхан Қинаят. Қазақ көшінің бүгіні мен ертеңі

Жақында Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына орай «Этникалық қазақтардың атажұртқа оралуы Қазақ мемлекетінің көші-қон саясатының...

Жақында Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына орай «Этникалық қазақтардың атажұртқа оралуы Қазақ мемлекетінің көші-қон саясатының құрамды бөлігі: Келешегі мен шешілу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Осы конференцияда баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы қазақ көшінің бүгіні мен өткенін саралады.

Қазақстан әлемде тарыдай шашылып жүрген қандастарын атажұртына шақырушы үш мемлекеттің бірі. Әлеуметтік даму тұрғысынан жетекші мемлекеттер қатарына қосылды. Қазақстанға соңғы 20 жылда 1 миллионға жуық оралмандар келді. Олардың Қазақстанның бүгінгі өміріне қосып отырған демографиялық және әлеуметтік, мәдени үлесі ұшан-теңіз. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы мамырда өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында: «Биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге ат басын бұрған Ұлы көшке де 20 жыл толды. Содан бері ұлы көш бір сәт те толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионға жуық қандасымызбен толықты. Және қандай қандастармен деңіз... Олар жат жерде, шет жайлап жүріп, көздерінің қарашығындай сақтап келген қаймағы бұзылмаған қазақылығын, тілін, салтын алып келді. Бүгінде атамекенге оралған ағайынның дені қазақ елінде өз орындарын тауып, әрқайсысы тәуелсіз елдің бір кірпіші болып қаланып үлгерді. Өйткені олар қай қиырда туса да ананың әлдиі, атаның батасымен жөргегінде қазақ қоғамының құрыш кірпіші болып құйылған», – деп толғанған еді. Назарларыңызға ұсынылып отырған мақала осы мәселе тұрғысынан сөз қозғайды. Қауымдастық қазақтың тағдырынан туған тарихи құбылыс болатын. 1990 жылдары атамекеніне ат басын бұрған қазақтарды құшақ жая қарсы алып, ағайынды-ағайынмен қауыштырған алтын көпірі болды. ДЖҚҚ осылайша атажұртын аңсап келген қазақтардың ат байлайтын ақ отауына айналды. Осы құбылыстың ыстығы мен суығын бір кісідей басынан өткерген адам Қалдарбек Найманбаев еді. Ол дүниежүзіне шашырап кеткен қазақтар үшін алысты жақындатып, Алашты бір-бірімен табыстыруға барын салды. Қалдекең көшіп келген ағайындардың мұндағы нағыз жанашыры болатын. Шетелдегі бір қазақтың аты аталса, оның кім екенін жазбай білетін. Әсіресе зиялы қауым өкілдеріне көп көңіл бөлді. «Шетелдегі қазақтар. Қауымдастық кітапханасы» сериясымен көптеген кітаптар басып шығарды. Қазір сол кітаптар адамдар іздеп жүріп оқитын құнды дүниелерге айналып отыр. Бүгінде ДЖҚҚ өз мүмкіндігінше қызмет атқарып, Қалдекеңнің бастаған ісін жалғастырып келеді. Мен бұл туралы мақала жазған едім. Мақала осы конференцияға арналған жинақта басылып шыққан екен. Мен оны қайталап жатпай көші-қон, оның өткені мен келешегіне қатысты кейбір мәселелерге тоқталып көрейін. Халықаралық көш деген мәңгілік жаратылысты құбылыс емес. Ол көбінде дүниежүзін қамтыған әлеуметтік толқыныстар, соғыс, төңкерістер империялардың ыдырауы сияқты саяси-әлеуметтік оқиғалардың әсерінен туындайды. Дүниежүзілік І соғыс салдарынан әлем екіге жарылды. Ресейдегі қазан төңкерісі сол жарылыстың жемісі еді. Салдарынан бұрын Ресейге бодан болған ұлт халықтарының бір тобы атажұртынан ығысуға мәжбүр болды. Дүниежүзілік ІІ соғыс Еуропа мемлекеттерінің шекарасын өзгертті. Сол сияқты қазір Араб елдерінде орын алған диктатураға қарсы халық майданынан қаншама халық жапа шегіп жатыр. Біздің қазақ отаршылдық саясаттан жапа шеккен халықтардың бірі. 1990 жылдары атажұртқа бет бұрған қазақ көші қазақты этнодемографиялық және рухани құлдыраудан құтқару жолында жасалған игі қадамдардың бірі болатын. 1989 жылы Кеңестер Одағы көлемінде жүргізілген жан санағының ресми қорытындысына жүгінсек, қазақтар Республикадағы 16199,2 мың халықтың 40,1% ғана құрайтын. Мысалы, бұл көрсеткіш Целиноградта – 17,7%, Алматыда – 23,8%, Солтүстік Қазақстанда – 22,6%, Ақмола облысында – 25,1% болды. Ұлттық құлдыраудың мұндай көрсет­кіш­тері әлемде соншалықты көп болмаған. Тек Америкаға сырттан қоныс аударған ақ нәсілділердің санының өсімінен ХVІІІ ғ. 70-80 жылдары аборигендік үндістер «қызғылт түсті американдықтарға» айналса, Кеңестер Одағының қиыр шығысындағы жергілікті тунгус және ханты, мансылар ХІХ ғ. 60-70 жылдары этнодемографиялық құлдыраудың салдарынан «қара орыс» болып кеткен тарихты бәріміз білеміз. Гумилевтің айтуынша, мұндай этностың алдында екі түрлі таңдау қалады. Не бөгделерге сіңісіп біржола жұтылып кету, немесе түрен салып, қайта серпіліс күшін (пассионарный толчок) алу. Қазаққа серпіліс күш қосып, ұлтымызды этнодемографиялық құлдыраудан құтқарған факторлардың бірі осы қазақ көші. Өздеріңіз ойланып көріңіздерші! Егер 1955-1962 жылдары ҚХР-нан, қазірде саны 1 млн.-нан асқан 260 мың қазақ келмегенде, желтоқсан көтерілісі болмағанда, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, шет мемлекеттерден 1 млн.-ға жуық қазақ атажұртқа оралмағанда қазақ қандай күйде болар еді? Қазақстан үкіметі және қазақ зиялылары бұл мүмкіндікті дер кезінде дұрыс бағамдап, оны іске асыра алды. Уақыт күттірмей 1991 жылы атажұртқа бет бұрған қазақ көші басталып, бұл құбылыс 20 жылдың ішінде өзінің шарықтау шегінен өтіп, қиын-қыстау (критический) кезеңіне жетіп үлгірді. Оқиғаны дұрыс бағамдау үшін көш процесін төмендегі кезеңдерге бөліп талдап көруге болатын сияқты. 1. Әлемде қалыптасқан жаңа саяси ахуал, бұрынғы Кеңестік мүмкіндіктерге сүйеніп, қазақпен-қазақ іздесіп табысқан алғашқы кезең (1991-1995 жж.). Қазіргі күнге дейін атажұртқа оралған қазақтың 2/3 бөлігіне жуығы осы алғашқы бес жылдың үлесінде. Атажұртқа келгені үшін өмірден ұтқандары да осы топ. Олар қалаған жерлеріне орналасты, келген әрбір отбасы үй-жаймен қамтамасыз етіліп, басқадай түрлі көмектерге ие болды. Бүгінгі күні оралмандар ішінен түтіні көкке ұшып тұрғандар да осы топтан. 2. Республиканы қамтыған экономикалық дағдарыс басталып, көштің қарқыны бәсең тартқан екінші кезең (1995-2000 жж.). Аталған кезеңге қатысты үш түрлі ерекшелікті атап өткен жөн. 1) Республика көлемінде жаппай жекешелендіру науқаны басталды. Науқан жергіліктілер үшін тиімді болды. Ал ҚР азаматтығын алып үлгермеген оралмандар жекешелендіруден шет қалды. 2) «Халықтың көші-қоны туралы Заң» қабылданды. Бұл заңның құқықтық пәрменінен гөрі көші-қонға деген саяси маңызы зор болатын. 3) Жаңадан көшіп келушілердің саны күрт азайғандықтан үкімет қолда бар мүмкіндікті бұрын көшіп келгендердің игілігіне жаратты. 3. Нарықтық экономиканың жаңа мүмкін­діктеріне сүйеніп, көш қайта қарқын алған үшінші кезең (2001-2007/2008 жж.). Шет елдерден келетін инвестиция қарқын алды. Энергияның жаңа көздері ашылды. Жер жеке меншікке айналып, ұлттық капитал иелері пайда болды. 2002 жылы 23-24 қазанда Түркістанда өткен ДЖҚҚ ІІ құрылтайының шешімдері көші-қонға жаңа қарқын әкелді. 4. Әлемдік экономикалық дағдарыс, баға­ның күрт өсуі, көшті басқарудағы жүйелік қателіктер, көшке деген кереғар пікірлер мен насихаттың салдарынан көші-қон тоқырауға ұшыраған (2007-2008 жылдардан басталған) қазіргі кезең. Көштің тоқырауға ұшырауының да өзіндік себептері бар. Қазақ көші қазақ ұлтының демографиялық жағдайын біршама жақсартты. Қазақ ұлтының салмағы соңғы есеп бойынша 63 пайызға жетіп, ұлттық мемлекеттілікке бет бұру мүмкіндігі туды. Бірақ біз бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмадық. Билік маңындағылар ұлттық мемлекеттілік емес, халықаралық интеграцияға бейімделген «Көп ұлтты, мульткультуралды мемлекет» құру бағытын таңдады. Нәтижесінде одақшылдық, көпұлттылық идеологиясы басымдылық алып, ұлттық немқұрайдылық пайда болды. Бұл көші-қон процесіне әсер етпей қоймады. Соңғы жылдары насихат машинасы қазақ көшін қолдау емес, қарсы жұмыс істей бастады. Оны бастаған қарапайым халық, қатардағы журналистер емес, атқа мінерлер, қолында билігі бар шенеуніктердің өздері. «Оралмандар деген дайын асқа тік қасық, жатып ішерлер, сөзқуарлар, Отанына жаны ашымайтындар» деген сияқты түрлі әңгімелер көбейіп, тіптен Жаңаөзен оқиғасы үшін оралмандарды кінәлауға дейін барды. Мұндай әңгімелер қордаланып келіп, үкіметті көші-қонға берілетін квотаны бірер жылға тоқтата тұруға мәжбүр етті. Көші-қонды басқару жүйесі әуел бастан тұ­рақ­сыз болды. Көші-қон комитеті бірнеше рет таратылды. Ақыр соңында көші-қонды басқару ісі Ішкі істер министрлігіне тапсырылды. Полицейлік жүйе қашанда әскери тәртіптегі қатаң құрылым. Ал көші-қон болса адамдардың сан қилы тағдыры тоғысқан нәзік құбылыс. Келіп жатқан ағайындардың көпшілігі орыс тілін, Қазақстанның заңын жетік біле бермейді. Білмегесін қиналады, қиналған адамнан өкпе-наз, қатаң сөз шығады, оны шенеуніктер көтере бермейді. Осындайдан болып пәле, пәледен пара шығады. Кейбір ағайындар Қазақстанды жайлаған парақорлықты пайдаланып, квота сатып алып, келген елдеріне қайтып кетті десіп жүр білетіндер. Нағыз ағайын екеніміз рас болса, шенеуніктер ағайындардың, ағайындар биліктің осал тұсын өйтіп пайдаланбау керек еді. Өткен 20 жылда Қазақстанда да, қазақтар тұрған басқа елдерде де саяси-экономикалық, әлеуметтік, құқықтық жағдай мүлдем өзгерді. Мүлік жекешелендіріліп, байлық, мүлік өз иелерін тапты. Нәтижесінде адамдар қоғамнан алатынын алып, айрылатынынан айрылып, өмір әркімді өз орнына қойды. Бірақ қазақ мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Әлемде ұлттық құрамының 33-34 пайызы жат елдерде қалып отырған мемлекет, ұлт жоқ. Сондықтан қазақ көші үзілмейтініне мен сенемін. Бірақ меніңше «Әлемдегі 5 млн. қазақты түгелімен көшіріп аламыз» деген жалаң ұран ескіргенін мойындауымыз керек сияқты. Егер халықаралық саяси, әлеуметтік оперативтік жағдайлар туып қалмаса, 1990 жылдардағы сияқты дүбірлі көш жуық арада қайталана қоймайды. Ендігі жерде екі жағы да жақсы ойланған, сабасына түскен сабырлы көш, көшті басқаратын мемлекеттік азаматтық икемді жүйе қажет. Мен жүйе мынандай болу керек деп ешнәрсе кесіп айта алмаймын. Қазақстан үкіметі және атажұрттағы қара орман қазақтың ендігі міндеті әлемде тарыдай шашыраған қазақты қазақ күйінде сақтап қалуға қам жасау. Мұндай қамқорлық әуелі шетелде тұратын жастарға көмек қолын созудан басталуы керек. Жастарды баурымызға тартып, білім алуына, оқып үйренуіне көмектесуге міндеттіміз. Бұл туралы кезінде президент Н.Назарбаев та айтқан болатын. Бірақ тиісті мекемелер, ондағы кейбір азаматтар ізгі ниет танытпай отыр. Айталық соңғы бес жылда жыл сайын шет елдердегі қазақ балаларына берілген оқу грантының 200-300 орыны бос қалып келеді. Биыл 269 орын бос тұр. Бірақ оқу үшін келген 49 бала оқуға түсе алмай сандалып жүр деп естідім. Біз тиісті орындардан жастарды шетқақпай қылмай, жанашырлық танытуын сұраймыз. Біздің балаларымыз бірде-бір қытай иероглифін білмей Бейжиңге барып оқып келіп жатыр ғой. Ал ана балалар өз бауыр етіміз емес пе! Шет елдегі қазақ ағайындарды тығырыққа тіреп отырған және бір мәселе бар. 2011 жылы 22 шілдеде «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заң қабылданды. Заңда кейбір ілгерілеушілік бар екендігін жоққа шығаруға болмас. Бірақ заң азаматтық, меншік және басқадай заңдармен үйлестірілмегендіктен кейбір қателіктер кеткен. Мысалы атажұртқа келемін деушілер және келіп алсада ҚР азаматтығын ала алмай жүргендер үшін ендігі жерде бұрынғы тұрған елінің азаматтығынан біржолата шығып келу немесе анықтама әкелу міндеттелген. Бұл деген БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылдаған «Адам құқығының жалпы ережелерін» былай қойғанда, азаматтардың конституциялық құқығына қайшы келеді. Өздеріңіз білесіздер, ҚР конституциясының ІІ бөлімінің 10 бабында «ҚР азаматтарын Қазақстаннан тыс жерлерге аластатуға болмайды» деп көрсетілген. Әлемнің қай елінің конституциясын алсаңыз да осындай ереже бар. Сонда ҚХР, Моңғолия, Өзбекстан Республикасы өз азаматына «Бұл біздің елдің азаматтығынан шығарылды» деген анықтама қалай бермек?! Осыдан болып әзірге квота және азаматтық алу мәселесі тоқтап тұр. Менімше осы мәселелерді реттемей қазақ көші көлікті бола алмайтын түрі бар.

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы

"Түркістан" газеті

Сурет: azattyq.org

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір