• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:45:16
Алматы
+12°

24 Қазан, 2012 Саясат

Қытай билігі ауысады. Келесі Президент кім?

Қытай елінде жалпы Орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды зерттейтін бірнеше ғылыми институт жұмыс жасайды. Ал бізде ше? Бұл жағынан ауыз ашып айтарлықтай...

Қытай елінде жалпы Орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды зерттейтін бірнеше ғылыми институт жұмыс жасайды. Ал бізде ше? Бұл жағынан ауыз ашып айтарлықтай ештеңеміз жоқ. Сондықтан, «Қамшы» порталы «Қытайтану» дейтін іргелі саланы да назардан тыс қалдырмайды. Өйтетіні көп дүниеге орыстың көзімен қарап, орыстың ойымен ойласақ, соқыр болғаннан парқымыз жоқ. Сондықтан тәуелсіз ел ретінде көрші жұрттың көкейінде не жатқанын, беталысы қайда бара жатқанын өз әлімізше әр сәт бақылап отырғанымыз абзал.

 Қытай Хылық Республткасының жоғарғы билігі жақында ауысады. Бұл ауыс-күйіс 8 қарашада өтетін Қытай коммунистік партиясының ХVІІІ жалпы құрылтайына жоспарланып отыр. Осыған дейін Қытайды билеп келген Президент Ху Жинтау мен үкімет басшысы Уэн Жиябау биліктен кетіп олардың орнын қазіргі вице-президент Ши Жинпиң мен вице-премьер Ли Кычияң баспақшы.

            Ши Жинпиң, ұлты - қытай, 1953 жылы маусым айында Қытай Халық Республикасының Шәнши провинциясы Фупиң қалашығында туған. 1974 жылдың қаңтарында Қытай Коммунистік партиясына мүше болып қабылданып, Цинхуа университетінің гуманитарлық-әлеуметтік институтында Марксизм теориясы мен Идеа-саяси тәрбие мамандығын бітірген. Заң ғылымдарының докторы.

Ол қазіргі күнде Қытай коммунистік партиясы Орталық саяси кеңес тұрақты комитеті мүшесі,  Орталық хатшылар бөлімінің хатшысы, Қытай Халық Республикасының вице-президенті, Қытай коммунистік партиясы орталық әскери комитеті төрағасының орынбасары, Орталық партия мектебінің ректоры қызметтерін атқарады.

Осыншама билікті бір басына жиған Қытайдың бұл лидері жайлы не білеміз? Ол билікке келуіне қарай Қытайды қандай өзгерістер күтіп тұр? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатымен біз Қытайдың өз ақпарат көздерін және шетелдік ақпарат құралдарын бір шарлап шыққан едік.

Қытайлықтар Ши Жинпиң жайлы не дейді?

Қытай порталы (www.china.org.cn/ www.china.com.cn)Ши Жинпиңнің өмір жолы жайлы «Вице-президент Ши Жинпиңнің талпыныс жолы» атты көлемді мақала жазып, оны жастайынан «еңбекқор, адал, кітап оқуға құмар» деп көрсетеді.

1968 жылы Қытайдың сол кездегі басшысы Мау Зыдұңның «Қалалық зиялы жастардың ауылдық жерлерге барып еңбекпен тәрбиеленуі» делінетін саясаты жолға қойылып, көптеген қала жастары ауылға жіберіледі. Аталмыш мақала Ши Жинпиңнің 1969 жылы Шәнши провинциясындағы бір кішкене ауылға жіберілгені жайлы әңгімемен басталады. Мақала сол ауылдың тұрғындарының естеліктерін арқау етіп, Ши Жинпиңнің жастық өмірі жайлы сөз қозғайды. Ши Жинпиң бұл ауылға келгенде тіпті он алты жасқа да толмапты, бірақ алдына үлкен мақсат қоя білген ол өзімен бірге бір үлкен чемодан кітап ала келген.

Ауылдағы еңбек барысында қаладан келген жастардың ауыл жұмысшыларынан қалыспай, тырысшаңдық танытып үлкендермен иық тіресе еңбекке атсалысқаны жайлы айтылады. Ауыл тұрғыны, қарт Лияң Шинроң былай деп еске алатын көрінеді: «Ол өте еңбекқор болатын! Көк тонын киіп алып, белін метал жіппен қапсыра байлап алатын, тіпті оқу оқитын жастарға мүлдем ұқсамайды». Ауылда жүріп қара жұмыстың бәрін істеген жастар еңбекке әбден пісіп жетілген деседі: олар есек жегіп тиірмен тартқан, су бөгеттерін соғып, үй тұрғызған, малдың тезегін ашытып метан газын өндірген.

Ши Жинпиінің саяси өмірі 1974 жылдың қаңтарынан басталған екен, дәл осы уақытта ол ҚКП-на мүше болып қабылданыпты. Ауылдағы еңбекте үздік болып көзге түскен білімді жастың партияға кіру өтінішін бірінші рет қабылдамай тастаған, себебі оның әкесі сол кездегі бұрқасыны әлі басыла қоймаған «Мәдениет төкерісінде» істі адам болып табылған. Екінше реткі өтініші сәтімен ҚКП-ның орталығы бекіткен «әке-шешесі істі болса да бала-шағасына залалы тимейді» деген қаулысына тура келіп, қабылданған.

1975 жылы ауылда жеті жылға жуық еңбек еткен Ши Жинпиңді басшылары Цинхуа университетіне түсіп оқуға ұсынады. Ауылда біраз жылдар қара халық арасында өмір сүрген болашақ басшы ақыры бағытынан жазбай биліктің биік шыңына қарай қадам тастайды.

Бас билікке бір-ақ қадам:

Қытай Халық Республикасында вице-президент және орталық әскери комитеті төрағасының орынбасары, орталық партия мектебінің ректоры қатарлы мансаптарды атқарған басшы келесі билік ауысар сәтте бас билікке бірден сайланатын дәстүр болған. Мысалы Қытайдың қазіргі президенті Ху Житау билікке дәл осылай келген еді. Ол 1993 жылдан  2003 жылы президент болып сайланар алдында орталық партия мектебінің ректоры, сайланудан бірнеше жыл бұрын вице-президент және орталық әскери комитеті төрағасының орынбасары қатарлы жұмыстарды атқарған.

Шетелдік басылымдар не дейді?

Алайда жақында ғана Қытай билігінің талас-тартысына куә болған шетелдік басылымдар дүркірей шулаған еді.

Қытай экономикасының бүгінгідей зор дамуын алып келген қызыл реформатор, басшы Дың Шияупиң екені көпшілікке мәлім болса керек. Қытайдың қазіргі билігі өзін дәл сол Дыңның ізбасарымыз деп есептейді, яғни олар экономикалық және басқада реформаларды тереңдете түсуге мүдделі. Дегенмен Қытай билігінде терең реформаларға қарсы топтар жоқ емес.  Олар бұрынғы революцияшылдық, социолистік бағытты желеу етіп билікті өз қолына қаратқысы келеді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында әлемді дүр сілкіндірген Қытай билігіндегі талас-тартыс осының айқын айғағы болды.

Чұңчиң қаласының (Қытайдың орталықтан басқарылатын төрт үлкен қалаларының бірі) әкімі Бо Шилай полиция басқармасының бастығы Уаң Лижюнді шапалақпен ұрып және оны қудалап өміріне қауып төндіргені себепті Уаң Лижюн Қытайдағы АҚШ елшілігіне барып паналаған еді. Бұл оқиғадан кейін Қытай билігіндегі былық бірден су бетіне қалқып шыға келді.

Чұңчиң қаласын біраз жыл басқарған Бо Шилай жоғары билікке талпынған анти-реформашылдардың бірі болатын. Ол аталмыш қалада революцияшылдық, қатаң социолистік бағытты ұстанып, еркін нарықтық экономикаға аяусыз соққы берген еді. Яғни Чұңчиң қаласындағы тұрғын үй бағасы Қытайдың басқа қалаларынан көп төмен болды; зат бағасы қолдан күштеп төмендетілді; «парақор» басшылар аяусыз жазаланды. Сонымен қатар, Боның бастамасымен аталмыш қалада революцияшылдық әндер айтылып, жырлар жырланды, бүкіл қала қызыл жалаулармен көмкерілді. Бұл іс-шаралардың барлығы экономикалық дағдарыстан қиналған халық үшін үлкен медет екені айтпаса да белгілі. Осылайша халықты өзіне қаратқан Бо бір кездері революцияшылдық ән-жырларды айтуды астана Бейжиңге де жеткізген еді. Дегенмен бұл ісі реформашыл орталық билікке ұнамаған болса керек, қызыл концертке келген орталық басшылары саусақпен санарлықтай болыпты.

Сөйтіп жүріп Боның шаруасынан ши шықты, өзінің адал көмекшісі, Чұңчиң қаласы полиция басқармасының бастығы Уаң Лижюнді шапалақпен ұрып, оны қудалағаны себепті Уаң Қытайдағы АҚШ елшілігіне барып паналап Боның биліктегі былығын бар әлемге паш етті: Революцияшыл басшы Чұңчиң қаласының әкімі болған кезде және одан бұрындары да көптеген адамдардан пара алған, қолындағы билікті өз мүддесіне пайдаланған, көптеген әйелдермен заңсыз жыныстық байланыста болған, т.б.

Дәл осы оқиғадан кейін, яғни  2012 жылы мамыр айының 14 жұлдызы, АҚШ-тың Таймс журналы өз мұқабасына Бо Шилайдың үлкен портретін салып «The People's Republic of Scandal» (Дау-дамай халық республикасы) деп бүкіл әлемді дүр сілкіндірді.

Уаң оқиғасынан кейін Қытай реформашыл үкіметі Боны қалай басудың әдісін тапқандай болды. 2012 жылдың наурыз айында Қытай премьер-министрі Уэн Жиябаудың шетелдік ақпарат өкілдеріне берген сұхбатында былай делінген:

«Уаң оқиғасы туындаған соң, ол қоғамның зор назарын аударды, халықарада бұған көз тігіп отыр. Менде сеніммен айтайын, бұл іс орталықтың жіті назарында, қатысты орындарға бұл істі тексеруді тапсырамыз... Чұңчиң қалалық комитеті мен басшылығы қайта ойланып, Уаң оқиғасынан сабақ алуы керек».

Қытай билігі Боны мықтап омақастырды. Бо партиядан қуылды және барлық билігінен айырылды.

Боның былығы әшкереленген бастап сотталғанға дейін жарты жылдан астам уақыт өтті. Бұл аралықта Қытай билігі өз ішінде ымыраға келе алмай жатты деп хабарлайды АҚШ-тағы ҚХР-ның оппазициялық күштері топталған ақпарат орталығы VOA china (Америка үні, қытайша). Бір партия билеген ҚХР-да ешқандай оппазициялық күш өмір сүре алмай келеді.  Бұндағы басты себеп Боның қолдаушылары сол орталық билікте ықпады орындарда отырған екен. Боның тағдыры дәл осы өз қолдаушылары мен жаңағы реформашыл биліктің арасында шешілген.

Сонымен бұл былықта жеңіске жеткен реформашыл күштер өз билігін әрмен жалғастыруды көздейтіні даусыз. Ал біздің мақала алдында танысқан әлгі вице-президент Ши Жинпиң дәл сол реформашыл топтың таңдаған адамы деседі. Бо Шилайдың мақсаты халық сенімімен Шидың орнын заңды түрде басу болатын. Дегенмен орта жолда сүрінген Бо енді биліктен мәңгіге мақұрым болды.

Қыркүйек айының адыңғы екі аптасында Қытайдың болашақ президенті Ши Жинпиң ақпарат көздерінен бірден ғайып боп кеткен еді. Бұл өзі де дүркіреп қызып тұрған халықаралық ақпарат әлемін тіпті де дүрліктіріп жіберді. «Нью Иорк Таймс» газеті арнайы мақала жазып «Шидің жоғалып кетуі Қытайлықтар арсында өсек-аяңды өрбітіп жіберді» деген. Аталмыш мақала Қытай ақпарат көздері мен саясаткерлерінің сөздеріне сілтеме жасай отырып, Ши спортық жаттығулар кезінде сіңірін созып алған немесе қастандықпен жасалған жол көлік оқиғасында жараланған деп жазады. Қалай дегенменде биліктегі талас-тартыс қаншама шытырман боланымен, Шидің бас билікке бір-ақ қадам жетпей тұрғаны шындық.

Қытай жұрты Ши Жинпиңді көбірек қолдайтын әрі оған мол сеніммен қарайтын көрінеді, себебі ол жастайынан қарапайым халық арасында өсіп, еңбек етіп жүріп есейген. Халықтың мұң-мұқтажын жақсы біледі. Және кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, Ши футбол жанкүйері екен. Көптеген футбол сүйетін қытайлықтар үшін Шидің билікке келуі сыбайлас жемқорлық жайлаған қытай футболын серпілтуге көмегін тигізеді-мыс.

Ши Жинпиңнің саяси өмір жолына шолу:

1975-1979 ж.ж. Цинхуа университеті химия факультетінде негізгі органикалық синтездер мамандығы бойынша оқыған.

1979-1982 ж.ж. Го-у-юән (Орталық үкімет) қызмет басқармасында, Орталық Әскери Комитетінің қызмет басқармасы хатшысы.

1982-1983 ж.ж. Хыбей провициясы Жыңдиң аудандық комитетінің орынбасар хатшы.

1983-1985 ж.ж. Хыбей Жыңдиң аудандық комитетінің хатшысы, қосымша аудандық қарулы бөлімі саяси комитетінің бірінші басшысы, партия комитетінің бірінші хатшысы.

1985-1988 ж.ж. Фужиән провициясының Шиямін қалалық комитетінің мүшесі, қала әкімінің орынбасары.

1988-1990 ж.ж. Фужиән провициясы Ниңды аумақтық комитеттің хатшысы, қосымша Ниңды аймақтық әскери округы партия комитетінің бірінші хатшысы.

1990-1995 ж.ж. Фужиән провициялық комитеті хатшысының орынбасары, Фужоу қалалық комитеттің хатшысы, қалалық халық кеңесі тұрақты комитетінің бастығы, қосымша Фужоу әскери округы партия комитетінің бірінші хатшысы.

1995-1996 жылдарыи Фужиән провинциясы комитеті бастығының орынбасары, Фужоу қалалық комитетінің хатшсы, қалалық халық кеңесі тұрақты комитетінің бастығы, қосымша Фужоу әскери округы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1996-1999 ж.ж. Фужиән провинциясы комитеті бастығының орынбасары, қосымша провинциялық зеңбірекшіліер дайындық полкы комитетінің бастығы.

1999-2000 ж.ж. Фужиән провинциясы комитеті бастығының орынбасары, провинцияның уақытша сайланған әкімі, қосымша Нәнжиң әскери округы мемлекет қорғанысын ұйымдастыру комитеті бастығының орынбасары, Фужиән провинциялық мемлекет қорғанысын ұйымдастыру комитетінің бастығы, провинциялық зеңбірекшіліер дайындық полкы комитетінің бастығы.

2000-2002 ж.ж. Фужиән провинциясы комитеті бастығының орынбасары, провинция әкімі. (1998-2002 жылдар аралығында Цинхуа университетінің гуманитарлық-әлеуметтік институтында Марксизм теориясы мен Идеа-саяси тәрбие мамандығы бойынша магистратураны қызмет атқара жүріп оқиды, сонымен қатар заң ғылымдары докторы дәрежесін де алады.)

2002 жылы Жыжияң провинциясы комитеті бастығының орынбасары, провинцияның уақытша әкімі.

2002-2003 ж.ж. Жыжияң провинциясы комитеті бастығының орынбасары, провинцияның уақытша әкімі, қосымша провинциялық әскери округы партия комитетінің бірінші хатшысы.

2003-2007 ж.ж. Жыжияң провинциясы комитеті бастығының орынбасары, провинциялық халық кеңесі тұрақты комитетінің бастығы, қосымша провинциялық әскери округ партия комитетінің бірінші хатшысы.

2007 жылы Шаңхай қалалық комитетінің хатшысы, қосымша Шаңхай әскери округы партия комитетінің бірінші хатшысы.

2007-2008 ж.ж. Орталық саяси кеңесінің тұрақты мүшесі, Орталық хатшы бөлімінің хатшысы, Орталық партия мектебінің ректоры.

2008-2010 ж.ж. Орталық саяси кеңесі тұрақты комитетінің мүшесі, Орталық хатшы бөлімінің хатшысы, ҚХР-дың вице-президенті, Орталық партия мектебінің ректоры.

2010 жылдан қазірге дейін Орталық саяси кеңес тұрақты комитеті мүшесі, Орталық хатшы бөлімінің хатшысы, ҚХР-дың вице-президенті, Қытай коммунистік партиясы орталық әскери комитеті төрағасының орынбасары, Орталық партия мектебінің ректоры қызметтерін атқарып келеді.

Мақаланы дайындаған Бибол Әліпбай

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір