• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Желтоқсан, 00:12:15
Алматы

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лион бастаған делегацияны қабылдады. Делегация Астанаға депутаттарды компания қызметімен таныстырып, ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін келген.

 Ерлан Қошанов «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан жетекші халықаралық компания екенін атап өтті. Оның құрылғанына биыл сәуір айында 30 жыл толды.

 – Осы жылдар ішінде сіздің компания мұнай-газ саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруда Қазақстанның сенімді серіктесіне айналды. Еліміздің мұнай өнеркәсібіне озық технологияларды тартуға, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге белсенді ықпал етіп келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

лд

Ерлан Қошанов еңбек адамын жан-жақты қолдау Мемлекет басшысы саясатының басым бағыттарының бірі екенін айта келе, компания тарапынан қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасаудың маңыздылығына, соның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру, әділ еңбекақы және оқыту мәселелеріне тоқталды.

 – Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында біліктілігі жоғары мамандар жеткілікті. Шетелден меңгеріп келген білімі мен трансұлттық компаниялардағы тәжірибесі мол азаматтарымыз көп. Осыған байланысты біз нақты қазақстандық мамандарды, оның ішінде басшылық қызметтерге тартуды ұсынып отырмыз, – деді Мәжіліс төрағасы.

дж

 ТШО басшысы компания қазақстандық мамандардың қатарын арттыруға күш салып жатқанын айтты.

  - Бүгінгі таңда негізгі өндірісті 95 пайыз қазақстандық қызметкерлер құрайды, оның ішінде 87 пайызы жетекші немесе басшылық қызметтегі азаматтар, - деді «Теңізшевройл» бас директоры.

 Сондай-ақ Ерлан Қошанов ТШО-ның Атырау облысының дамуына үлкен үлес қосып отырғанын, түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландырып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымына инвестиция құйып жатқанын атап өтті. Ол сайланымның басында Мәжілісте «Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесу өткенін еске салды. Одан кейін тараптар сайлау науқаны кезінде көтерген Жылыой ауданы, Доссор және Құлсары тұрғындарының мәселелерін талқылады. Спикер ТШО жергілікті тұрғындардың көтерген мәселесіне мұқият болып, оларды шешуге бар күш-жігерін салуы керектігін баса айтты. Бұл сұрақтар Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында. Мәселе, ең алдымен, ауысым мерзімін 28 күннен 14 күнге дейін қысқарту туралы болып отыр.

дж

Өз кезегінде ТШО бас директоры қызметкерлердің қауіпсіздігі компания саясатындағы басымдық болып қала беретінін алға тартты. Атмосфераға шығарындыларды азайту, қалдықтарды тиімді басқару және қоршаған ортаны қорғау бойынша экологиялық жобалар, сондай-ақ «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында өңірді дамыту жобалары туралы айтты.

 – Биыл біз 75 адамға арналған орталық аудандық аурухана, Атырау қаласында 300 орындық бір мектеп және Аққыстау ауылында 350 орындық бір мектепті аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Құлсары қаласында 600 орындық мектеп, Атырауда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жылыой ауданында балабақша құрылысы және Құрсай өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары басталады, – деді Кевин Лион.

Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Жылыой ауданы тұрғындарының өтінішіне орай компания жаңа келісімшарттарға ауысым мерзімін мердігерлердің өздері анықтауға мүмкіндік беретін норманы енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

 Ерлан Қошанов компанияның қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасауының маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру, әділ еңбекақы төлеу және оқыту шеңберінде.

 Сондай-ақ спикер депутаттық корпус пен «Теңізшевройл» ЖШС кіретін әлеуметтік-жауапты компаниялар арасындағы өзара әрекеттестік тұрақты сипатқа ие болуы қажеттігін айтты. Ол депутаттардың өңірдің дамуы мен еңбек жағдайына қатысты мәселелерді Парламенттің жаңа сессиясында көтеруге ниетті екенін атап өтті.

 Кездесуге Қазақстан тарапынан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Атырау облысынан сайланған депутат Әділ Жұбанов, Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қатысты. Делегация құрамында «ТШО» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов, Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджер Дәрмен Аронов және мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі менеджері Ботагөз Құлшаева болды.

 

 Мәжілістің Баспасөз қызметі 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір