• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Қазан, 01:51:35
Алматы
+8°

Екібастұз қаласында орталық атқарушы органдар, әкімдіктер мен энергетика саласындағы компания басшыларының қатысуымен жылу энергетикасы мәселелеріне арналған көшпелі отырыс өтті. Жиынды Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ұйымдастырды. Депутаттар жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарымен және қаланың жылу магистральдарын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты.

к

Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің басшылығымен өткен көшпелі отырыс «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС жылу-энергетикалық орталығын аралаудан басталды. Бүгінде мұнда бір мезгілде бес қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жылыту маусымы басталғанға дейін багер сорғыларына, құбырларға және басқа да жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Депутаттар мен қоғам белсенділері кемшіліктерге тоқталып, ЖЭО басшылығына сауалдар қойды.

мк

Депутаттар Мәшһүр Жүсіп және Абай көшелеріндегі Екібастұз жылу магистральдарындағы жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Ресми мәлімет бойынша, мұнда анықталған 260 кемшіліктің 178-і жойылды. Жаздың ортасына қарай қаланы ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру көзделіп отыр.

мкц

Талқылау одан әрі «Жылу энергетикасының өзекті мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел аясында жалғасты. Күн тәртібіндегі мәселе – Риддер, Екібастұз, Теміртау, Жезқазған, Ақтау және Кентау қалаларындағы алдағы жылыту маусымына дайындық. Дәл осы аймақтарда жылу электр орталықтарында апат қаупі бар. Жылыту маусымы басталғаннан бері Қазақстан бойынша жылу желілерінің температуралық кестелерін сақтамаудың 403 жағдайы тіркелген.

мку

Отырысқа мәслихат депутаттары, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, облыстық әкімдіктердің, энергетикалық кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Жиынды ашқан депутат Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарастыру қажеттігі туралы айтқанын атап өтті.

мукц

Сенімді әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету азаматтарымыздың әл-ауқатының негізгі көрсеткіші және халықтың өркениетті өмір сүруі үшін маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Петропавл, Теміртау, Степногорск, Риддер қалалары тұрғындарының бірнеше күн бойы жылусыз және ыстық сусыз қалуына әкеп соққан апатты жағдайлар жүйелі проблемаға айналуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Сол себепті, үздіксіз жылумен қамтамасыз ету шараларын дереу қабылдау қажет екені сөзсіз. Қазақстандағы көптеген жылу энергиясы орталықтары елу жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Жылу энергиясы орталықтарының негізгі және қосалқы жабдықтарының, қазандықтардың тозығы жеткен, жылу желілеріндегі және жылуды тұтыну жүйелерінің ескіруі 70%-дан асқан. Бұл қатерлі деңгей болып есептеледі және олар кез келген сәтте істен шығуы мүмкін, – деді комитет төрағасы.

Депутаттардың пікірінше, мұндай жағдайдың себебі жылу энергетикасы саласында бірыңғай саясаттың болмауында.

Өз кезегінде, Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов сыни ескертулермен келісті. Ол Энергетика министрлігі аймақтардағы жұмыстың мерзімінде орындалмауы мен дайындығына жауапты екенін айтты.

мкк

– Министрлік электр станцияларының техникалық аудитін аяқтады. Рейтинг келесі негізгі көрсеткіштер бойынша қалыптастырылды: амортизация, негізгі жабдықтың жұмыс уақыты, отын шығынының нақты көрсеткіштері, штаттық кесте, тиімділік, технологиялық бұзушылықтар және жөндеу бағдарламаларының орындалуы. Көрсетілген критерийлер бойынша электр станциялары рейтинг бойынша бөлінеді. Барлық 37 ЖЭО бойынша әкімдіктермен бірлесіп, алдағы жылу маусымына дайындық бойынша Жол карталары қалыптастырылады. Олар министрліктің бақылауында болады, – деп баяндады ведомство басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, мәжілісмендерді энергетика кәсіпорындарының жылу энергиясын жеткізушілер алдындағы қарызын жою, сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу барысы алаңдатты. Депутат Сергей Пономарев ЖЭО-ға барған соң Екібастұздағы жылу электр станцияларының жұмыс істеу жағдайын экстремалдық деп атап өтті. Ал мәжілісмен Аян Зейнуллин апаттарды тексерудің қорытындысы мен жылу желілерін коммуналдық меншікке беру барысы туралы сауал қойды.

– Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. «Екібастұзтеплоэнерго» компаниясының бүгінде өте үлкен қарызы бар. Сондықтан жөндеу науқанын жүргізу үшін ыстық су қазандықтарын Екібастұз қаласының коммуналдық меншігіне тегін қабылдадық. «Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясы» акционер ретінде ЖЭО жөндеу науқанына тікелей инвестиция салады. Біздің ортақ міндетіміз – 1 қазанда халықты жылы тарату, – деді  Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов.

 «Қазақстан электрэнергетика қауымдастығы» төрағасы Талғат Темірханов саладағы жалақының әділеттілігі мәселесін көтерді. Оның пікірінше, еліміздегі көптеген ЖЭО-да жылу энергиясына бекітілген тарифтер жылу энергиясын өндіру мен тасымалдауға байланысты шығындарды өтей алмайды. Бекітілген тарифтер мен нақты өндіріс шығындары арасындағы алшақтық кейбір жағдайларда 40%-ға жетеді.

Осы және өзге де мәселелер қазір Мәжілістің қарауында жатқан «Жылу энергетикасы туралы» жаңа салалық заң жобасында көрсетілген.

Бүгінде Ақтаудағы МАЭК ЖЭО-да, Қарағанды облысындағы ЖЭО-да қазандықтарды жөндеу әлі басталған жоқ. Екібастұз ЖЭО бойынша біз бұл мәселені қыста көтердік, мен қаланың жылу желілерін реттеу қызметін құру керектігін айттым. Екіншіден, тексеру және бақылау органдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде энергетикалық объектілерге баруға мүмкіндік беру. Үшіншіден, ашық тендерлік рәсімдерді өткізу үшін талап енгізілсін, – деп депутат Дүйсенбай Тұрғанов өз ұсынысын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған Еділ Жаңбыршин мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және компаниялардың акционерлеріне бірлесіп, үйлесімді және жедел әрекет етуді ұсынды. Комитет депутаттары келіп түскен барлық ұсынысты ескере отырып, осы саланың толыққанды жұмыс істеуі үшін заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды.

Өткен қыста орын алған апатты жағдайлар қайталанбауы керек. Жаз уақыты жылдам өте шығып, жаңа жылыту маусымы да келіп қалады. Сондықтан мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, жылу энергетикасы саласының субъектілері жылу энергетикасы объектілерін жаңғырту мен жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу жөніндегі барлық міндеттемелерін орындап үлгеруге тиіс. Қазір естіп отырғанымыздай, бұл жұмыстар басталғанымен, кестеден кешігу орын алуда, кей жерлерде қаржыландыру әлі басталмаған, – деді комитет басшысы.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті жылумен қамту мәселелері бойынша көшпелі отырыстар өткізу тәжірибесін өзге өңірлерде де жалғасады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-01. Фото Ж.Жұмабеков

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір