19 Қараша, 2022 NEWS
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Konaev CUP - 2022» бірінші халықаралық шахмат туринирі мәресіне жетті. Аталған сайыста Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Грузия, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения және Қазақстаннан 300-ден астам ойыншы бақ сынады.
Спорттық жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
«Қонаев қаласы спорттық ойындардың орталығына айналды. Бұқаралық спортты дамыту-мемлекетіміздің стратегиялық даму жоспарының басым бағыттарының бірі. Болашақта осындай ірі спорттық іс-шара жоғары санатты спортшыларды даярлау мен тәрбиелеуге ықпал етеді деп ойлаймын» деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өзінің құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ іс-шарада Қазақстанды әлемдік аренада танытқан гроссмейстерлер сөз сөйледі. Олардың ішінде: Алматы облысы шахмат және дойбы федерациясының президенті Саят Егенбердиев, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, Азия вице-чемпионы, жылдам шахматтан Азия ойындарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова, шахматтан ҚР құрама командасының капитаны, ҚР және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Ринат Жұмабаев, бірнеше дүркін чемпион ҚР, 18 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қазыбек Нөгербек. Бас төрешілер шахматтан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алма Аширова болды.
Облыстық шахмат және дойбы федерациясының президенті Саят Егенбердиев атап өткендей, мұндай шара өңірде алғаш рет бастау алған жайы бар.
«Облыс әкімі Қапшағай су қоймасының жағасында "шахмат үйін" салу идеясын қолдады. Мұнда coworking-орталық, озық IT-технологиялармен жабдықталған кабинеттер, ойын алаңдары болады деп жоспарлап отырмыз. Мұнда облыстың ең мықты жаттықтырушылары шахматтан сабақ береді» деді Саят Егенбердиев.
«Мен бұл қалада алғаш рет келдім және алғашқы әсерлер ерекше. Облыс басшылығының осындай қолдауын ескере отырып, менің ойымша, шахмат ісі қарқынды дамитын болады. Жаңа облыс орталығы спорттық іс-шаралардың орталығына айналды. Мен жазда «Oceanman Kapchagay» жарысына қатысуға дайындалдым, бірақ кестеге байланысты нәтиже бермеді. Келесі жылға міндетті түрде қатысуды жоспарлап отырмын және жаттықтырушымен бірге дайындаламын», деді Динара Сәдуақасова журналистерге.
Содан кейін күні бойы Швейцария жүйесі бойынша спортшылар арасында ойындар өтті, шахматшылар 9 кезеңнен өтуі керек еді. Жалпы жүлде қоры 4 млн теңгені құрады. 9 кезеңнің қорытындысы бойынша турнирдің бас Кубогының және 500 мың теңгеге ақшалай сертификаттың иегері әзірбайжандық шахматшы Аркадий Найдич атанды.
«Біз түрлі халықаралық турнирлерге қатыстық. Оларды салыстыра отырып, мен турнирді жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Біз ойыннан басқа ештеңеге алаңдамадық және бұл осындай іс-шараны өткізуге атсалысқан барлығының еңбегі. Турнир жыл сайын өтеді деп үміттенемін және осы тамаша турнир туралы естігеннен кейін шахматшылар көбірек қатысады», деп атап өтті турнир жеңімпазы.
Айта кетейік, Халықаралық турнирді өткізу келесі жылға арналған іс-шаралар күнтізбесіне енгені белгілі болды. Ал облыс басшылығы Қапшағай су қоймасының жағасында шахматшылар аллеясын салуды жоспарлап отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір