08 Қараша, 2022 NEWS
Фото: qamshy.kz
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.
Петерфельд ауылына барған Штаб мүшелері жергілікті шаруалармен кездесті. Кездесуде Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында ауылды дамыту жөнінде нақты және жүйелі шаралар қамтылғанын атап өтті.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында ауыл және аграрлық сектор – еліміздің орнықты экономикасының негізі екені атап көрсетілген. Ауылда тұру, жұмыс істеу жайлы әрі тиімді болуы үшін ауылдық жерлерді және ауыл шаруашылығын жандандыру басым міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Соның аясында ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыруға арналған ауқымды жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, шағын несие алу және ірі қаладағы өткізу нарығына қол жеткізу үшін жеңілдіктер беріледі. Сондықтан солтүстікқазақстандықтар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламасын қолдап, 20 қарашада біздің кандидатқа дауыс береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сайлау алдындағы бағдарламада кооперативтік кәсіпкерлікке барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын тарту жөнінде айтылған. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орны пайда болады.
Сондай-ақ ұзындығы 3,5 мың шақырым болатын суару каналдары қайта жөнделеді. Жаңа 25 су қоймасы салынып, қолданыстағы 16 су қоймасы жөндеуден өткізіледі.
РҚШ мүшелері Бескөл ауылында да жұртшылықпен кездесіп, кандидаттың бағдарламасында көрсетілген өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға қатысты шараларды талқылады. Мәселен, алдағы 7 жылда елді мекендердің 100 пайызы сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожол сапалы салынып, жөнделеді.
Петропавл қаласында Kozybayev University университетінде жастармен кездесу өтті. Іс-шара барысында Штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қоғамдағы өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретінде үлкен сенім артатынын және еліміздің барлық жас азаматын өз қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ететінін айтты.
Сонымен қатар өңірге келген РҚШ мүшелері жергілікті сарапшылармен бірге азаматтардың құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға қатысты бастамаларды талқылады. Ал «Raduga KDR» өндіріс компаниясының және «Alageum Electric» электротехникалық зауытының ұжымдарымен кездесуде Штаб мүшелері сайлау алдындағы бағдарламада айтылған жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті әрі қауіпсіз еңбек ортасын құру мәселесіне назар аударды.
Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб
Астана қаласы, Қонаев 12/1.
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір