Фото: Qamshy.kz
Алматыда Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде "Сағадиев оқулары 2022 – ҚР-ның Жаңа экономикалық саясаты: Бүгіні мен перспективасы" тақырыбында халықаралық-ғылыми конференция жұмысын бастады.
Оған шетелдік және отандық ғалымдар, профессорлар, ЖОО оқытушылары, докторанттар, магистранттар қатысып жатыр.
Ғылыми конференция Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің ректоры Анар Махметованың құттықтау сөзімен басталды. Анар Махметова конференция талқылауларының барысында түйінделген ұсыныстар ел экономикасының өсіп-өркендеуіне, отандық өнімді тиімді пайдалану жолында кәдеге асатынына сенім білдірді.
Пленарлық отырыста "Экономикалық-саяси дағдарыс жағдайында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары" тақырыбында баяндама жасаған Білім және ғылым министрлігі Экономика институты басшысының кеңесшісі Найля Нұрланова Қазақстандағы экономикалық қауіпсіздік мәселесіндегі негізгі проблемаларды атады.
Ғалым олардың қатарына шикізат пен оның әлемдік нарықтағы сұранысына деген тәуелділікті, жоғары технологиялық өндіріс үлесінің төмендігін, әлемдік нарықта бәсекелесе алатын тауарларды өндіретін салалардың кенжелеуін, мемлекеттік басқарудағы бюрократизация мен жемқорлықты және өндірістік, көлік-логистикалық, әлеуметтік, коммуналдық инфрақұрылымның жеткілікті дамымауын жатқызады.
Сарапшы экономикалық қауіпсіздікті күшейту үшін оның құрамдас бөліктерінің бірі –технологиялық қауіпсіздікті дамытуға басымдық беру керектігін атап өтті. Ол үшін төмендегідей ұсыныстар білдірді:
♦ Дәстүрлі салалардағы технологиялық модернизация бағытын кеңейту;
♦ Ғылымға негізделген күрделі жоғары технологиялық өнім шығаратын өндірістерді құру;
♦ ІТ қызмет саласын дамыту;
♦ 2050 жылға дейін ғалымға бөлінетін бюджет қаражатын біртіндеп ұлғайту. Қаржыландыру көлемін ЖЖІ-нің 0,5 пайызына, бюджеттің 1,7 пайызына дейін жеткізу;
♦Ғылымды ұйымдастыру мен басқаруға, оның инфрақұрылымдық дамуына, қаржыландырудың ашықтығына, ғылымның кадрлық потенциялын арттыруға, ғалым мамандығының мәртебесін көтеруге жаңаша көзқарас қалыптастыру;
♦ Ғылыми кадрларды даярлауда ғылыми-зерттеу институтының құқығын кеңейту.
Пленарлық отырыс барысында өзге де ғалымдар баяндама жасайды. Олардың арасында Халық Финастың басқарма басшысы Фархад Охонов, IQAA агенттігі Аккредитация кеңесінің академигі Геннадий Гамарник, Management and Statistics of Forlì Bologna университетінің (Италия) профессоры Massimo Bianchi, Нархох университеті Академиялық кеңесі төрағасының орынбасары Самажан Өмірзақов, Қазақстан ғалымдары одағының президенті Оразалы Сәбден, Тұңғыш президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының кеңесшісі Магбат Спанов бар.
Конференция жұмысы бүгін екі секция, ертең бес секция бойынша жалғасып, 22 сәуір күні дөңгелек үстелмен түйінделеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір