• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Желтоқсан, 00:25:02
Алматы

"Қазақстанның бұрынғы диктаторы өзінің отыз жылдық билігі кезінде құрған миллиардтаған долларлық бизнес империясын сақтау үшін Ұлыбританияны пайдаланды" деп жазады ұлыбританиялық "Журналистика зерттеу бюросы" және The Telegraph .

Бюроның мәліментіне сәйкес, 2019 жылға дейін билікте болған автократ Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын қорлар "Jusan Technologies" арқылы 7,8 миллиард доллар активтерді бақылаған. Оның еншілес компанияларының бірі Қазақ Банкі мемлекеттен миллиардтаған долларлық көмекке қол жеткізіп, одан әрі өзінің бас компаниясына дивиденд берген. Ол Ұлыбританияда тіркелген, онда бір ғана қызметкер жұмыс істейді.

2021 жылғы қазандағы құжаттар "Jusan Technologies" компаниясының қазақстандық диктатор элитамен жақсы байланысқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, "Jusan Technologies" Біріккен Араб Әмірліктерінің билеуші ​​​​отбасына жақын бизнес өкілдерінің жеке мүдделері бар кең ауқымды корпоративтік операциясының орталығы болғанын көрсетті.

Олардың активтері Қазақстан, Люксембург, БАӘ, Ұлыбритания және АҚШ-тағы ондаған кәсіпорындарда орналасқан.

"Бұл – олигархтар, диктаторлар және клептократтар Ұлыбританияда оңай бизнес жүргізіп, мүлкін заңдастыра алады" деген түсінікті күшейтеді" деп жазады Лондонда орналасқан  Журналистика зерттеу бюросы.

Жуырда Ұлыбритания парламентінде Дэйм Маргарет Ходж Назарбаев қайырымдылық қорлары "Jusan Technologies" компаниясына тиесілі бірқатар активтерді "жасырын бақылау" үшін пайдаланғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Ұлыбритания байлыққа шығу төркіні белгісіз деген күдікпен қарауға мән бермегендіктен, Назарбаев режимі тұсында қазақ элиталарының бір тобы бандиттік капитализм арқылы байыған.

"Біздің шекарамызды, мүлік нарығымызды, қаржылық құрылымдарымызды қазақтың билеуші ​​тобына ашып тастадық, олардың заңсыз байлығын жылыстатуға және оны жұмсауға мүмкіндік бердік. Сорақысы, біз тіпті осы заңсыздықтардың ешқайсысына  қолданыстағы заңдарымызды қолданбадық" деді Ходж парламентте.

Назарбаев Қазақстанда билікте болған 29 жыл ішінде сайлауда 90%-дан астам дауыспен жеңіске жетіп отырды, отбасына орасан зор байлық жинады және жеке тұлғаға табынушылықты қалыптастырды.

Журналистика зерттеу бюросы Қазақстанда өткен айда болған жаппай наразылықты және Қаңтар оқиғасын да тілге тиек еткен. Бюро оқиғада (ресми дерек бойынша) 225 адамның көз жұмғанын, оқиғадан кейін полиция репрессия жасағанын атап өткен.

Соңында жүздеген адам қаза тапқан жаппай наразылықтарға дейін Назарбаев үлкен билікке ие болды деп есептеледі.

Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты хабарлау жобасы өткен айда алғаш рет хабарлағандай, "Jusan Technologies"-ді үш білім беру қоры, соның ішінде Назарбаев Қоры бақылаған. Лондондағы Назарбаев қорының заңгерлері (Бойс Шиллер Флекснер) компанияның меншігі 2021 жылы қайырымдылық көмек ретінде АҚШ-тың коммерциялық емес ұйымына берілгенін айтты. "Нәтижесінде, Назарбаев та, қор да "Jusan Technologies"-ге иелік етпейді немесе басқармайды" дейді олар.

– Жаңа "Jysan Holdings LCC" компаниясы, өз кезегінде "NU Generation Foundation" коммерциялық емес топқа тиесілі, – дейді Бойс Шиллер Флекснер. Ал, "NU Generation" қорының президенті – 2013-2016 жылдар аралығында Назарбаев қорының атқарушы директоры және білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіпов.

Бойс Шиллер Флекснер бұл іске қатысы бар адамдар мен ұйымдар Назарбаевтан тәуелсіз екенін және кәсіпорын мақсаты Қазақстанның Назарбаев Университетін және басқа да білім беру жобаларын қаржыландыру екенін айтты.

Меншіктің өзгеруі Ұлыбританиялық Компаниялар үйінде әлі көрсетілмеген, дегенмен Бойс Шиллер олар акциялар пакетіндегі өзгерістерді ашуға қатысты барлық ережелерді сақтағанын айтты.

– Меншік иесі ауысқанға дейін Назарбаев компаниядан жеке пайда көрмеген, өйткені ол қорды басқарғанымен, оның жарғысында оның активтерін жеке пайдасына пайдалануға тыйым салынады, – дейді Бойс Шиллер.

"Jusan Technologies"-дің 2021 жылғы қазан айында берген соңғы есепшоттары 3 миллиард доллардан астам қолма-қол ақшаны қамтитын жалпы активтердегі 7,8 миллиард долларды көрсеткен, бұлар негізінен Қазақстандағы банк, телекоммуникация және бөлшек сауда бизнестеріне тиесілі. Шоттар 1,6 миллиард доллар таза активтерді және 2020 жылы 550 миллион доллардан астам таза пайданы жария етті.

Назарбаевтың бірнеше ескі серіктерінің де осы дамып келе жатқан бизнес империясымен байланысы болған.

2015 жылға дейін Назарбаев тұсында премьер-министрдің орынбасары және президенттің көмекшісі болған Ербол Орынбаев Jusan Technologies компаниясының директоры болған және 4,6 пайыз акцияға иелік еткен. Ол сонымен қатар Қазақстанның ең ірі банктерінің бірі және компанияның ең құнды бизнесі болып есептелетін "Jusan Bank" төрағасының орынбасары.

Назарбаевтың немере ағасының қызына үйленген олигарх Ғалымжан Есенов өз кезегінде Назарбаев тұсында Қазақстанның ұлттық әл-ауқат қорын басқарған ол "Jusan Bank"-тің 20% акциясына ие. Ол ұлыбританияның түсініктеме беру туралы өтініштеріне жауап бермеген.

"Jusan Technologies"-бен байланысы бар тағы бір көрнекті тұлға - БАӘ президентінің туған ағасы және елдің негізін қалаушының ұлы шейх Тахнун бен Заид әл-Нахян.

Басқа компаниялардың қатарындағы шейх Тахнун  "Jusan Technologies"-дің 3% үлесіне ие болған жасанды интеллект бизнесі "Group 42"-ге төрағалық етеді. Ол БАӘ-нің ең ықпалды шенеуніктерінің бірі, елдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі қызметін атқарады. "Group 42" түсініктеме туралы сауалға жауап бермеген.

"Назарбаев қоры жинаған орасан зор байлық негізінен қазақ мемлекетінің қаржысына сүйенген" деп жазады Журналистика зерттеу бюросы.

Бюроның мәліметінше, "Jusan Bank" соңғы жылдары үкіметтен кем дегенде 2,3 миллиард доллар алған. 2021 жылдың басында банк бұл ақшаның бір бөлігін акционерлерге 430 миллион долларлық дивидендтер ретінде төлеген. Назарбаевтың бірқатар серіктері банктің тікелей және жанама акцияларына иелік ету арқылы қазақстандық мемлекеттік ақшаның құйылуынан пайда көрген.

"S&P Global" несиелік сарапшысы Ирина Велиеваның айтуынша, қазақстандық банктердің иелері мен менеджерлері банктер келтірген қаржылық шығындар үшін әрқашан жауапкершілікке тартылмаған.

"Jusan Technologies" сияқты компаниялар "сахна артында" заңды түрде жұмыс істейтін және кеңес беретін заңгерлер мен бухгалтерлердің көмегі арқасында Ұлыбританияда ішнара жұмыс істей алады.

Бюроның ақпаратынша, компанияны 2020 жылдың наурыз айында АҚШ-тың "Cohen & Gresser" заң фирмасы тіркеген және оның соңғы берілген шоттарына 2021 жылдың тамызында "MHA MacIntyre Hudson" төрағасы және басқарушы серіктесі, Ұлыбритания аудиторы Ракеш Шаунак қол қойған. МакИнтайр Хадсонға компания 2020 жылы аудит және басқа жұмыстар үшін 462 000 доллар төлеген.

"MacIntyre Hudson" 2018 және 2019 жылдардағы басқа компанияға жүргізген аудиті үшін Қаржылық есеп беру кеңесінің тергеуінде. Ол тергеу жұмыстарына ынтымақтасатынын растаған. 

Ұлыбританияның консерватор депутаты Джон Пенроуз "Біз сыбайлас жемқорлыққа және алаяқтыққа қарсы шаралардың алғы шебінде болуымыз керек, бұл экономикалық қылмыс туралы заң жобасына дереу және шұғыл баса мән берілуі керек ... біз (өзіміздің) дамуымызға қауіп төндірмеуіміз қажет. Ол үшн осындай стандарттарды енгізуіміз керек, егер олай етпесек, қауіп көп" дейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір