• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:55:41
+7°

Білім және ғылым министрлігі арнайы комиссия Алматы қаласындағы балабақшалардың жұмысын тексеретінін хабарлады.

 

 – Балабақшалар 100% қауіпсіз болу керек. Осы күндері Алматыдағы екі мектепке дейінгі ұйымда орын алған оқиғаларға жол беруге болмайды. Балабақшалар әкімдіктердің қарамағында. Заң бұзушылықтардың басым көпшілігі жекеменшік балабақшаларда тіркеледі. Бірақ қауіпсіздікті меншік нысаны мен бағыныстылығына қарамастан қамтамасыз ету қажет. Өкінішке орай, осы жылдың қыркүйегіне дейін мектепке дейінгі ұйымдардың сапасын мемлекеттік бақылау тетіктері мүлдем болған емес. Балабақшалар басқа білім беру ұйымдарына қарағанда, лицензиялаудан босатылып, хабарлама арқылы ашылды.

 

Осы жылы біз балабақшаларға мемлекеттік тексеру институтын заңды түрде енгізе алдық. Осыған байланысты көптеген наразылықтар болды. Бірақ балалардың мәселесіне келгенде, бейжәй қарамау керек. Алғашқы нәтижелер мұндай тексерулердің қажеттілігін көрсетті. Желтоқсан айының басында біз тексерген балабақшалардың шамамен 80%-ы білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты мемлекеттік аттестаттаудан өтпегенін хабарладық. Сондықтан біз бақылау құралын енгіздік, – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамсыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Сондай-ақ комитет төрайымы жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілердің біліктілігіне және қауіпсіздік мәселелеріне қойылатын талаптар күшейтілетінін атап өтті.

 

 – Мектептер мен балабақшаларда педагогикалық жұмысқа алғаш кіретіндердің біліктілігін тәуелсіз тексеру туралы талап енгізіледі. Балабақшалар заңды әкімдіктердің қарауында екенін ескере отырып, біз мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын ерекше бақылауға алу қажеттігін бірнеше рет атап өттік. Әр топқа бейнекамералар берілуі керек. Балалармен жұмыс істейтін кадрларды іріктеу мәселесі де өте маңызды, – деді Гүлзат Көбенова.

 
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды ұрып жатқаны бейнеленген видео тарап, үлкен резонанс тудырған. Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Артынша балаға қол көтерген тәрбиеші өзіне қол жұмсағаны белгілі болды.
 
 

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алматы балабақша

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір