28 Желтоқсан, 2021 NEWS
Фото: Видеодан скриншот
Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды ұрып жатқан видео желіде тез таралып, үлкен резонанс тудырды. Аталған оқиғаға қатысты балалардың ата-аналары пікір білдірді. Бұл туралы astanatv.kz арнасы хабарлады.
Ата-аналар бейнебақылау камерасынан тәрбиешінің балаларды оқтаумен ұрып, шашын тартып, басынан тоқпақтап жатқанын көрген.
– Мен немеремнің саны жазда көгеріп қалғанын көргем. Әже: "Ешкімге айтпайсыз ба, Ләззәт апай мені шымшып алды" деді. Сандары көгеріп келеді, иықтары көгеріп келеді. Оқтаумен ұрады деп айтты. Бала өтірік айта береді деп немеремді өтірікші қылды, – дейді шағымданушы ата-аналардың бірі Гүлхан Оспанова.
Балабақша басшылығы оқиғадан кейін тәрбиеші жұмыстан босатылғанын айтты.
– Екінші категориялы педагог өзі. Екі жыл жұмыс істеді. Ата-анадан ешқандай шағым болған емес, бұл бірінші рет тіркеліп тұрған жағдай. Біз шұғыл түрде шара қолданып бұл кісіні еңбек кодексінің 52-бабы бойынша жұмыстан босатып отырмыз, – деді балабақша меңгерушісі Анар Нұрсұлтанова.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-тармағына (кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту) сәйкес, тергеуге алынғанын мәлімдеді.
– Қазіргі таңда ол полицияда түсінік беруде. Тергеу барысында қандай бұлтартпау шарасы қабылданғанын сот шығаратын болады, – деді С. Әзірбек.
Тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ата-аналар бұл балабақшадан баламызды шығарып аламыз дейді. Олар балалық білім басқармасы мен прокуратураға да шағым түсірмек.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір