• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 00:22:56
Алматы
+12°
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ тапсыру, докторантура мен магистратураға түсу ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
 
– Жақында ҰБТ-ны электрондық форматқа көшіру туралы пост жарияладым. Бұл өзгерістерді қоғам жақсы қабылдап, қолдау білдірді. Бірақ, біз тек осы емтиханды ғана емес, барлық іріктеу іс-шараларының форматын ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін өзгертудеміз, – деді Аймағамбетов.
 
Министр осы бастамалардың бірқатарына қысқаша тоқталды:
 
– Біріншіден, оқушылардың пәндік Олимпиадасы.
Біз биыл ақпан айында алғаш рет оқушылар арасында республикалық олимпиаданы электрондық форматта өткіздік. Әр қатысушыға жеке компьютер берілді, әр оқушының іс-әрекетін бейнекамера бақылап отырды. Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер барлық процесті қадағалай алып, прокторинг жүйесі де қолданылды. Әлеуметтік желілерде және арнайы порталда ашық трансляция жүргізілді.
 
Биыл олимпиада тапсырмаларын тексеру жүйесін де өзгерттік. Бұрын қазылар алқасы мүшелеріне балалардың жұмыстары пропорционалды түрде берілсе, енді бағалау кезінде субъективизмді төмендету үшін қазылар алқасының әр мүшесі бір ғана тапсырманы көріп, бағалай алды. Келесі жылдары да олипиаданың облыстық және республикалық кезеңдері тек қана осындай форматта өтетін болады.
 
Екіншіден, докторантураға қабылдау.
Биыл докторантураға түсу емтихандары да ҰБТ-ға қойылған талаптар негізінде және Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пунктерде өтеді.
Бұл бізге "ректорлар тізімі" деген алып-қашпа сөзді және осындай тәуекелдерді ұмытып, докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Эссені де, басқа да тапсырмаларды да осы компьютерлермен бейнекамералардың алдында отырып жазатын болады.
 
Үшіншіден, магистратураға түсу.
Өткен жылы біз магистратураға түсушілердің емтихандарын пилоттық режимде электрондық форматта қабылдадық. Оқуға түскен азаматтар емтиханның расында әділ түрде өткенін айтып жатыр. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Бұдан былай магистратураның емтихандары осы форматта өтеді.  Олимпиадаларды, ҰБТ-ны ұйымдастырудан бастап магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процесті электрондық форматқа көшірдік. Осындай жаңашылдықтар арқылы әділдік пен ашықтыққа бағытталған бастамаларымызды жүзеге асырып жатырмыз. Ашықтықты және нақты бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, білім беру жүйесіне деген сенімді де арттырамыз. Әділдік, ашықтық, академиялық адалдық – бұл біздің жұмысымыздағы негізгі қағидаттар, – деп атап өтті министр.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір