04 Қараша, 2020 Барлық аймақтар
Суретті түсірген Ж.Құспанов
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында мемлекет басшысының биылғы парламенттік сессияның ашылуында жүктеген тапсырмаларын орындауға бағытталған заңнамалық нормаларға назар аударды.
Атап айтқанда, халықтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту.
Осыған орай, мәжіліс депутаттары экономикалық өсуді қалпына келтіру, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты түзетулерді қамтитын заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Отырыс барысында мәжіліс төрағасы қоғамда қызу талқыланған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған нормалар туралы айтты.
Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасының қабылдануымен осы мәселені шешу бойынша Заңнамалық база құрылатынын атап өтіп.
– 2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады, – деді мәжіліс спикері.
Осы норманы талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары заң жобасында көзделген зейнетақы жинақтарының "жеткіліктілік шегін" белгілеу әдістемесіне қатысты мәселені көтерді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері түсіндіргендей, зейнетақы жинақтарының "жеткіліктілік шегін" айқындау әдістемесін Үкімет анықтайтын болады. "Жеткіліктілік шегін" белгілеудің басты мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа толған кезде болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мүмкіндігі.
Сонымен қатар, мәжіліс спикері зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қолжетімді әрі түсінікті болуға тиіс екенін атап өтіп, алдағы уақытта мемлекеттік органдар осы талаптардың жүзеге асырудың нақты тетіктерін қалыптастыруы керек деді.
Сондай-ақ бүгінгі жалпы отырыста қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты нормалар талқыланды.
Атап айтқанда, депутаттар қоғамдық кеңестер қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда ғана емес, квазимемлекеттік секторға да қатысты түзетулер енгізді.
Бұдан басқа, депутаттар қоғамдық кеңестерге квазимемлекеттік сектор субъектісінің даму стратегиялары мен жоспарларының жобаларын, бюджетінің атқарылуын, сатып алу комиссияларының қызметіне қатысумен қатар талқылау функциясын беруді ұсынады.
Осыған қатысты пікір білдірген Нұрлан Нығматулин бұл мәселелер әрдайым қоғамның назарында екенін айтып, аталған норма қоғамдық кеңестердің қызметіндегі елеулі ілгерілеушілікті білдіретінін жеткізді.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірлеушілердің уәкілетті органның қоғамдық кеңестерге "басшылық етуді" жүзеге асыруын көздейтін тұжырымына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.
Мәжіліс спикері атап өткендей, қоғамдық кеңестерде мемлекеттік органнан басшылық болмауы маңызды. Сонда ғана олардың жұмысының дербестік қағидаттары сақталады.
Екінші оқылым алдында жұмыс тобы осы норманың тұжырымдамасын нақтылауы керек.
Осыған қатысты сөзін қорытындылаған мәжіліс төрағасы:
– Осы қоғамдық кеңестер құрылған күннен бастап, республикалық, жергілікті деңгейде барлық мәселелерді тәуелсіз және ашық шешуге зор ықпал етіп келеді. Сондықтан, бүгін біз мақұлдаған заң жобасы, ең алдымен, қоғамдық кеңес жұмыстарын одан әрі күшейтуге серпін береді. Сонымен бірге, қоғамдық диалогтың жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашады деп сенеміз, – деді.
Мәжілістің баспасөз қызметі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір