• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 02:20:09
Алматы
+12°

Қыркүйектің 16-сына қараған түні Шамалған станциясына ондаған адам жиналып, жергілікті биліктен автобус пен пойыз жолы түйіскен тұсқа көпір салуды талап етті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, тұрғындар "мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ, көпірге бөлінген ақша желініп қойды" деп ашуланып, "Көпір! Көпір!" деп айғайлады.

- 11 жылдан бері ылғи көретініміз осы. Азанда да сол, кешке де сол. Жұмысқа барарда, жұмыстан қайтарда екі-үш сағаттап тұрамыз. "Көпір картада бар" деп айтады. Ұзақ жолға жүретін жүргізушілер картадан көреді де осында келеді, бірақ көпір жоқ. Егер келіспесе, күн сайын кешкі 17.00 мен 21.00 арасында пойызды тоқтатсын. Біз үйімізге өтіп алайық. Одан кейін жүргізе берсін. Күн сайын жүз пойыз өтеді. Қаншама адам өліп жатыр. Егер бүгін демалыс болмай, сабақ болғанда не болар еді? Саяжайдан автобус-автобус оқушы келеді. Бұлар солардың өлімін күтіп отыр ма? Жүргізуші кінәлі дейді. Ол қайдан кінәлі болсын? Артында да, алдында да көлік болды. Өздеріңіз көрдіңіздер. Көпір салып берсін! -деді есімін Болат Бөкебаев деп таныстырған Шамалған тұрғыны.

Жанындағы тұрғындар оны қостады. "Көпір мәселесін айтқанымызға қанша жыл болды. Балаларды да басып кетіп жатыр" деді тұрғындардың бірі. "Көпір саламыз деп жүргендеріне жеті жыл болды. 2017 жылы пайдалануға беріледі деді. Сол көпір қайда?" деп айғайлады наразы азаматтардың бірі.

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев "көпірге ақша бөлінгенбегенін, тек схемасы ғана жасалғанын", өзінің бұл қызметке бір жыл бұрын ғана келгенін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды. "Сейсенбі күні таңертең келіңіздер, мәселені талқылайық" деген ұсыныс айтты ол. Ақырында тұрғындар мен билік қыркүйектің 17-сі күні таңертең аудандық әкімдік алдында кездесетін болып келісіп, тарасты.

Жол апаты жайлы алғаш хабарламалар пайда болған кезде ресми орындар апаттан зардап шеккендер туралы қарама-қайшы ақпарат таратты.

Әуел баста Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі "апаттан екі адам қаза тапты, 9 адам зардап шекті" деп хабарлады. Ізінше бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның себебін Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел былай деп түсіндірді:

- Екі көлік екі адамның мәйітін әкелді. Бәрі жол апатынан қайтыс болды деген. Оның біреуін мүлде басқа жол көлік оқиғасынан жеткізген болып шықты. Екіншісі - Шамалғандағы апатта қаза болған автобус жүргізушісі. Ал "9 адам зардап шеккен" дегенге келсек, әуел баста 9 адамға медициналық көмек көрсетіледі деген. Бірақ нақты үшеуі ғана қазір ауруханада жатыр.

Бұған қоса, соғылған автобустағы жолаушылар санына байланысты да қарама-қайшы дерек болды. Облыстық төтенше жағдай департаменті Азаттық тілшісіне автобуста 45 адам болғанын айтты. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында автобуста 67 адам болған деп жазды.

Соңғы ақпарға сай апаттан бір адам қаза болған. Ресми орындар ауруханаға түскен үш адамның халі ауыр екенін айтады. 

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір