• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 23:19:34
Алматы
+12°

19 Маусым, 2019 Саясат

Түркістанның облыс орталығына айналғанына 1 жыл толды: не жасалды, қандай жоспарлар бар?

Қазақияның киелі ордасына айналған көне шаһардың жаһандық даму көшіне қадам басқаны қарға тамырлы қазақты қуантады. Жыл он екі айдың ішінде облыс басшылығы даму көріністерін қаншалықты көрсете алды? Облыс орталығының өне бойына қан жүгірді ме? Қамшыгер талдайды.

nomadasaurus.com

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы болып, облыс орталығының Түркістан қаласына ауысқанына тура бір жыл толды. Оңтүстік өлкедегі тарихи, рухани һәм мәдени  астананың өсіп-өркендеуі қарқын алып, ірі шаһарлардың біріне айналу қажеттілігі бар екенін білеміз. Өйткені, облыс орталығы, оған қоса бұл аймақ оңтүстіктегі туристік орындардың бірі емес пе?!

Назарбаев Түркістанға облыс орталығы статусын берген кезде не айтқан еді?

елбасы

  • "Түркістан қаласы жаңа облыс орталығы ретінде ғана емес, Түркі халықтарының мәдени-рухани орталығына айналуы тиіс", - деген Елбасы.

Облыстың бір жылдығына орай аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев мырза жасалған және жүзеге асқан, жоспардағы жобалармен, міндеттермен таныстырып, ел алдында есеп берді.

  • "Түркістан облысын 2024 жылға дейін қоғамдық-экономикалық дамыту кешенді жоспарына сәйкес, халықтың өмір сүру жағдайын арттыру мақсатында жұмыс жасалып жатыр", - деді әкім.

Осы тұста айта кету керек, жыл басынан бері облысты түрлі салалар бойынша дамыту мақсатында 60 млрд. теңге немесе 156 млн доллар инвестиция тартылған. Бұл қаражаттың пайыздық көрсеткіші – 132,9 пайыз.

Түркістан халқы үшін не жағдай жасалынып жатыр?

Елдің еңірегенде етегі толып, күрсінгенде күн күркірететін мәселесінің бірі – табиғи газдың қолжетімсіздігі. Ауылына, ауданына, қаласына газ келмеген қалың ел отын жағып, түтін будақтатып отыратын заманның келмеске кеткенін айтып шағымданатын.

Ал Түркістан облысының әкімінің айтуынша, 2019 жылдың соңына дейін халықтың 56 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілмек.

Халықтың әлеуметтік жағдайына алаңдаған әкімнің бұл серті соңғысы емес. Сондай-ақ, Шөкеев облыс аумағындағы халықтың 83 пайызына жыл соңына дейін ауыз су мәселесін шешіп бермекші.

әкімдік

Инфрақұрылым

Облыс орталығы статусы берілген шаһардың көркі көз тартарлық болуы шарт. Шығыс үлгісінде салынып жатқан ғимараттардың архитектуралық сұлбасы, биіктігі мен халыққа қажеттілігі бірінші орынға қойылу қажет.

Қазіргі уақытта облыс орталығында 29 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың 17-сі әкімшілік жұмыстар кеңсесіне айналмақ.

Нақтылай кетсек, аталған нысандардың жетеуі биылдан қалмай қолданысқа берілмек. Олар: облыс әкімшілігінің ғимараты, "Астана" алаңы, медиаорталық, олимпиадалық резерві бар спорт мектебі, музыка мектебі және халыққа қызмет көрсету орталығы.

жоба

Туризм жайы не болмақ?

Жалпы көлемі облыс аумағында 57 туристік бағыт жүзеге асырылмақ. Мысалы: экологиялық, тарихи һәм мәдени бағыттағы, танымдық әрі сауықтыру бағыттары бар.

қасқасу

Әсіресе, осы бағыттардың негізгілерінің бірі ретінде туристік-емдік "Қасқасу" кешені айтылуда. Сондай-ақ, Ұлы Жібек жолының сілемдерін дамытып, келер ұрпаққа, шетелден келген қонақтарға ұсыну мәселесі туындап отыр. Шығыс үлгісіндегі базар құрылысын да қолға алу негізгі жоспардың алдыңғы қатарларынан орын алған.

қасқасу

Түркістанды дамытудың идеологиялық маңызы

Ежелден қазақтың ордасы болып, бабадан мұра болған шаһарды дамытудағы мақсат – оның түркітілдес халықтар арасында еңсесін көтеріп, беделін арттыру. Қанша хан мен сұлтанның мәңгілік мекен тапқан орыны жаһандық жаппай дамудан құр қалмаса керек.

Түркістан шаһарын дамыту Қазақстанның туризм саласына айтарлықтай үлес қоспақ. Қазіргі уақытта әлемдік ғалымдар назарын тек тарихи жәдігерлермен және мол мұраны бүлдірмей сақтай алумен таң қалдыруға болады.

Түркістан облысының аумағында хандық дәуірден, ежелгі дәуірлерден бері сақталып келе жатқан мол тарихи мұралар бар. Оның барлығы өз деңгейінде сақталып отырмағандығы еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін аян.

Түркістан шаһарының бірінші нөмірлі бренді – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі мен Арыстан баб кесенесі. Осындай тарихи кешендердің рухани-мәдени, тарихи салмағын арттыра түсіп, дәріптеу жұмыстарымен қажетті деңгейінде айналысуымыз қажет.

Облыста экономикалық, қоғамдық, инфрақұрылымдық мәселелерден бөлек, әлі күнге өз шешімін таппай келе жатқан рухани һәм мәдени түйткілдер бар.

Мысалы, Qamshy.kz ақпарат агенттігі бетінде аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевке ашық хат жарияланды. Жазбаның мазмұнындағы мәселелер күллі түркі жұртының мәдени орталығына айналуды жоспарлап, осы мақсатқа жетуді жеделдетуге ұмытылып отырған шаһардың беделіне сын.

Шөкеев мырза! Түркістанда Абылайдың сүйегін таптап, еврейдің зиратын сақтайтын не күн туды?

"Ұра берсең, Құдай да өледі" дейді қазақ даналығы. 1 жасқа енді толған қарт әрі жас қаланың мінін тере беру мақсат емес. Облыс орталығының гүлденуіне, алға қойған ірі рухани мақсаттарына жетуіне ақ пейілмен тілектестік танытамыз!

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір