• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 17:57:54
Алматы
+12°

18 Маусым, 2019 Әлеумет

Жасқайрат Сүндетұлы: Ауылшаруашылығын дамыту - кезек күттірмейтін мәселе

Ауылдың бәсекелестік деңгейін көтеру үшін өзге шаралардан бұрын өндірісте инновациялық технология, жаңа техника қолдану қажет.

Strategy2050.kz

Экономика ғылымының докторы, профессор, ауылшаруашылығы академиясының академигі Жасқайрат Сүндетұлымен ауыл шаруашылығы саласында қордаланып қалған мәселелер жайында сұхбаттастық.  

– Жасқайрат Сүндетұлы, өзіңіз білесіз, біз осы уақытқа дейін елдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында бірнеше мемлекеттік ірі-ірі бағдарламалар жүйесін түздік? Қалай ойлайсыз, қазақтың қаймағы саналатын ауыл тынысын кеңейте алдық па? Агросекторға жасалынған реформа өз үдесінен шыға алды ма? Маман ретінде бұған не айтар едіңіз?

–Еліміздің экономикасындағы ең маңызды саланың бірі – ауыл шаруа шылығы. Ауылда халқымыздың жартысына жуығы тұрады және оның үштен бір бөлігі еңбек етеді. Әр жыл сайын нақ осы секторда елдің ұлттық байлығының 7 пайызы жасалады. Меніңше, біздің мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласын реформалауда өзіндік жетістіктерге жете алды. Осы саланы зерттеп жүрген ғалым ретінде мұны айқын айта аламын.  Тіпті реформалар легін кезең-кезеңімен жіктеп айтуға да болады деп есептеймін...

– Өзіңіз білесіз, қазірде ауыл шаруашылығы саласын зеттеп жүрген ғалымдар тарапынан Қазақстанға жаңа агросаясат қажеттігі баса айтылады. Сіз мұндай пікірлермен келісесіз бе?

– Рас, қазірде статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашы лығының дамуының біраз көрсеткіштері 1990 жылмен салыстырғанда әлі де кемдеу. Өткен  мол астық (30 миллион тоннаға жуық) жиналды деп қуанудамыз. Егістіктің әр гектарынан орта есеппен 18,5 центнерден өңделмеген өнім алынды. Тазартқан кезде оның 10-15 %-ы өлі және басқалай қалдықтарға жатады. Біразы ашық токтарда қардың астында қалып шіруі мүмкін. Экспортқа жіберілетін астықтар да Ресей мен Украина порттарында әртүрлі себептермен тежеліп те жатады.  Сондықтан жиналған астықтың біразын жергілікті тұрғындарға тамақтық ұн-нан өнімдерін өндіру және жем-азық үшін арзандау бағамен сатқан дұрыс. Соңғы алты жылда жалпы өнімнің 70%-дан астамын шағын бизнес субъектілері (жеке қосалқы және шаруа қожалықтары) береді. Солай бола тұрса да кішігірім шаруашылықтарға мемлекет тарапынан лайықты қолдау болмай отыр. Шағын шаруашылықтарды (шаруа қожалығы, үй шаруашылығы) несиелендіру көбі несе олардың кепілдіктерінің болмауы салдарынан жетімсіз болады. Алдағы уақытта осындай шаруашылықтар өзара бірлесіп, өндірістік және қызмет көрсету кооперативтерін ұйымдастырулары қажет. Қаржыландырудың бірлескен тәсілін, яғни шағын шаруашылықтар өз құралдары есебінен несиенің – 30%-ын мемлекет – 50-60%-ын, банк 10-20% мөлшерінде енгізудің маңызы зор. Ол тәуекелдіктің әділ бөлінуіне мүмкіндік берер еді. Міне, агросаясатқа осындай жаңашылдық енгізсек, ауылдағы шаруалар қолдауды анық сезінер еді.

 – Бүгінде ауылға несие беру жүйесі, жерді несиеге беру әдісі, мал басын несиеге беру әдісі қайта жандана бастады ғой. Жалпы, осы шаруаларды банкке борышкер ету қаншалықты жемісін бермек? Бұл тәсіл ауыл шаруашылығын өркендете ме?

– 90-жылдардағы жекешелендіру кезінде елді мекендердегі тұрғындар өздеріне тиесілі үлестерге бөлінген шартты жер телімдерін, күрделі құрылыстар мен іске жарамды техникаларды қалай пайдалануды білмеді. Олар көбінесе бұрынғы директорлар мен мамандар ұйымдастырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге жалға берілді. Жалдау ақысы келісімшарт бойынша жыл аяғында жалпы өнімнің 3-5 пайызы мөлшерінде нақтылай (бидай, көмір, сабан т.б.) өтелді. Осы жылдары (1994-1998) ауа райының қолайсыздығынан егін шықпады, инвесторлар салған қаржы қайтарылмады және оның өсімдік төлемдері көбейе түсті. Қарыз берушілер (инвесторлар) техника және басқа негізгі қорларды төлемақыға талап етіп, алып қойды. Шартты жер телімдері де оларға екінші жалға берілді. 2003 жылы қабылданған Жер кодексі бойынша жерді жалға беру тоқтатылды. Ал шартты жер телімдері бар ауыл адамдары оларды сол ауылдағы инвестордың кәсіпорынының жарғы қорына ең төменгі бағамен (1 гектар жер – 5-10 теңгеден) қосылды. Нәтижесінде жаңадан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) құрылып, орталықтандырылған холдингілерге бірікті. Олардың құрылтайшылары сол инвесторлар – өздері кәсіпорынның жұмысына тікелей басқару-бақылау жұмыстарын жүргізеді, өндірілген өнімдер мен түскен пайдаға толық иелік етеді, атқарушы директорларды тағайындайды. Бірқатар инвесторлар көптеген астық қабылдау пункттері мен элеваторларды, ұн комбинаттары және басқа да өңдеу кәсіпорындарын сатып алып, ірі астық компанияларына, яғни холдингілерге айналды. Қазіргі кезде Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында астық шаруашылығындағы ірі компаниялардың үлесіне дәнді дақылдардың – 36,6%-ы, ал экспортқа кететін астықтың 50- 55%-ы тиесілі. Әрине, ірі компанияларда агроөнеркәсіп кешенінің үш құрамдас бөлімінің кәсіпорындары интеграция негізінде бірігіп, орталық басқару органы құрылады, білікті менеджерлер келеді. Қаржылық көздері артып, жаңа техника мен технологияларды қолдану мүмкіндігі туады, еңбек өнімділігі өседі, өнімдердің өзіндік құны азайып, табыс көбейеді, нәтижесінде құрылымның бәсекелестік қабілеті күшейіп, ішкі және сыртқы рыноктарды игеруге болады. Сондықтан өз басым ауылды несиелендіру ісін сауатты жүзеге асыра білу керек деп санаймын. Бұл – қолында қаражаты жоқ шаруаға табыс көзін беретін бастама.

– Қайсыбір ғалымдар «біз ауыл шаруашылығына жан бітіру үшін алды мен ішкі миграциямызды реттеп алуымыз керек» деседі. Олардың пайымдауынша, Қазақстанда 72 аудан бар болса, олардың үштен бірі – өмір сүруге қолайсыз аймақтар. Бұл аймақтарда қуаңшылық, егістік жерлердің сортаңдануы басым. Сіз ішкі миграцияны ретке келтіру туралы пікірлерге қалай қарайсыз?

– Қазірде ауылдың байырғы тұрғындарының шамамен үштен бірі шаруа қожалықтарын құрып, бөлініп кетті. Қалғандары шартты жер телімдерінің иелері құқығынан айырылды, көпшілігі жұмыссыз қалды. Оларға бұрынғыдай нақтылы көмек (көмір, жемшөп, тіпті сабанның өзі) берілмейді. Ауылдағы жалданып істейтін жұмысшылардың жалақысы республикалық орташа деңгейден екі еседен аса кем. Ауыл тұрғындары, әсіресе жастар жан-жаққа, көбінесе қалаларға көшуде. Мемлекеттік саясат бойынша экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әлеуеттері төмен ауылдардың тұрғындарын көшіру көзделіп отыр. Статистикалық деректер бойынша, елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 ауылдық аудан осындай сипаттама алған. 2010 жылы ауылдық елді пункттердің саны соңғы он жылда (2000- 2010) 7863-тен 7031-ге дейін, яғни 832-ге азайған. Бұрын мал жайылымы есебінде пайдаланатын 90 миллион гектардан астам жайылымдық жер мемлекеттік қордың есебіне көшкен. Жер байлығы – ел байлығы. Әлемдегі барлық соғыс көбінесе жер үшін жүргізіледі. Біздің есептеуімізше, дүниежүзінің әрбір еліне орта есеп пен 0,6 млн шаршы километр құрғақ жер келеді екен, ал тек Қазақстанда 2,7 млн шаршы километр жер бар. Олай болса, ата-бабала рымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алып қалған осыншама жер мейлінше толық пайдаланылғаны дұрыс және оның жолын (жергілікті жерге бейімделген және жоғары өнімді асыл тұқымды будандастырылған мал мен жаңа жем шөп түрлерін пайдалану, әртүрлі кооперативтік құрылымдар құру, аймақтық агроқалашықтар ұйымдастыру, баламалы энергетикалық көздерді пайдалану, жылжы малы үй-тұрмыс қондырғыларын шығару және т.б.) табуымыз керек. Әйтпегенде ерте ме, кешпе ол жерге көз алартушылар көбейеді, бара-бара оның талауға түсуі де мүмкін. Сол кезде ел болашағы күмәнді.

- Біз біраздан бері агроөнімдердің насихатын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруды әдетке айналдырдық. Осы жәрмеңкенің агроөнім әлеуетін арттыруға жәрдемі қандай деңгейде?

 – Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыру жұмыстары соңғы уақыттары формалды шаруаға айнала бастады. Егер біз әлеуметтік тұрмысы төмен адамдарға көмек жасағымыз келсе, «гигантомания» жасамай, жәрмеңкелерді жылжымалы жасау керек. Қайда тұтынушы көп болса, сонда көбірек аялдайды. Жалпы, алдыға мақсат қою бір де, оны іске асыратын механизмдерді қалыптастыру мүлде бөлек. Ауылдың бәсекелестік деңгейін көтеру үшін, сөз жоқ, қазір өзге шаралардан бұрын өндірісте инновациялық технология, жаңа техника қолдану қажет. Бұрын социалистік қоғамда қызмет еткен техника нарықтық кеңістікке сәйкес келмейтіні баршаға аян. Қалыптасқан бағадағы тепетеңдіктің жоқтығы, ауыл өніміне бағаның төмендігі инновациялық технологияға, қуатты техникаға қол жеткізуге мүмкіндік тудырып отырған жоқ. Сапалы технология санаулы ғана кәсіпорындарда бар. Есіңізде болсын, инвестиция құйылмай, жаңа техника да, жаңа индустриялық технология да келмейді. Сондықтан алдымен баға тепе-теңдігін қалыптастыратын механизмдерді іске асырып барып, ауылды технологиямен қамтамасыз ету жағын қолға алған жөн деп ойлаймын. Сонда ғана ауылдың болашағы кемелді болары даусыз.

Сұхбаттасқан: Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір