03 Наурыз, 2014 NEWS
Қыршын кеткен қырандар-ай...
Пенденің пешенесіне пішілген қамшы сапты ғұмырдың баянды болғаны бақыт қой..Айтпай келетін ажалдың айтқызбай қоймайтын сөзі қалмайды. Бұрынғылардың «бес күндік...
Пенденің пешенесіне пішілген қамшы сапты ғұмырдың баянды болғаны бақыт қой..Айтпай келетін ажалдың айтқызбай қоймайтын сөзі қалмайды. Бұрынғылардың «бес күндік жалғанның» опасыздығын баян еткендерін бергі жақпен қабылдап жүрген басымыз алдымыздан ақиқи келбетпен жолығатынын сездік пе? Күні кеше арамызда айрықша орны бар асыл азаматтарымыздан айырылып, аза тұтып достары, артында аңырап ата-анасы қалды. Қос бірдей қыранынымыздың ажалы көкте емес жерде, жерде емес, жолда көрінді ғой. Аяулы достарымызға қимас көңілдің қынжылысына боялған қазанаманы қаламым қалтырай жазып отырмын. Арыстар еді-ау... әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің студенттері Айдос Әріпбаев пен Ақжол Ешмат енді арамызда жоқ.
Бір жылдың төлі,бір жылдың түлектері, бір курстың студенттерінің ажалы да бірге бір күнде келгені ме? Ақжарқын қалпынан ажырамаған Айдостың алар асуы әлі алда еді. Айдостың жеке парақшасындағы: «Ата-анамның қасымда аман жүргеніне, Дос-жаранның қадірімді білгеніне, Өмірдің ләззәтін сезіне ойнап-күлгеніме, жеке басымның амандығына, жақын адамдарымның адалдығына шүкір. Барлығы Алланың арқасында. Ойлап қарасам, осы уақытқа дейін талай өлімнен оңай құтылыппын... Бүгін де соның біразы басымнан өтті десем де болады. Тәубе, қанағаттың қашан да жадымызда болғаны жөн. Өйткені, өміріміздің өрнектеліп, жанымызға қуаныш сыйлар дүниелермен көрнекіленіп отырғанының бәрі Алланың шексіз мейірімінің арқасы! Алхамдулиллах», деген екен. Айдостың бұл сөздерінен оның барға қанағат ете алатын адами игі қасиеттері байқалады. Өзінің өмірден ерте кететінін сезді ме екен? Өмірдің мәнін ұқтыратын осындай жазбалар жиі жариялап жүрген-ді.
Хақтың ісіне амал бар ма?
Ал, Ақжолтайдың ойы ұшқыр, арманы алыста еді. Оның үстіне Ақжол үйінің жалғыз баласы, әкесі ертерек қайтқан. Факультетте үнемі ашық-жарқын, үлкенді-кішілердің бәрімен қалжыңдасып жүретін. Ешкімге қабақ шытпай, достың да, ұстаздардың да көңілін таба білетін.
«Құдайға да жақсылар керек» деген бабалар сөзінен байыз тауып, салмақты сабырдың тұтқынында отырудан басқа амал қайда? Енді олар жайлы айтылар сыр, шертілер мұңның басында «көзі тірісінде» деген аяушылықтан жұрдай сөздер тұрғанын көру -аянышты. Айдос пен Ақжол арамызда бірі білімділіктің,білуге құштарлықтың символы болса, бірі ақкөңіл, дархандықтың адамгершіліктің қайталанбас үлгісі еді. Амал не? Алланы ісіне не шара? Олардың біздің жүрегімізде достық жылдары, қашалып жазылған алтын есімдеріне ақыретке дейін аманат ретінде қараймыз.
Мұрат Шаймаран, ұстазы: "Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ" деуші еді ғой... Жүрек ауыртар, көңіл мұңайтар қаза болды. Екеуінің бейнесі көз алдымда тұр әлі... Қабырғам сөгілгендей... Жанайын деп тұрған от сөнді... Жарқырайын деп тұрған жұлдыз ағып түсті.Өлім түгілі, өкпеге қимайтын азаматтар еді ғой... Алланың ісіне не амал. Бақұл болыңдар, бауырларым! Жандарың жаннатта болсын, қыршындарым..
Гүлмира Сұлтанбаева, ұстазы: Кеше кешкісін жайсыз хабар келді. Мен сенерімді сенбесімді білмедім. Мүмкін емес деп шештім. Бірақ тағдырдың жазғанына шара бар ма? 2011 жылы ҚазҰУ, журналистика факультетінің 1 курсына «Мультимедиалық журналистикадан» дәріс оқыдым. Көп студенттердің ішінен Айдостың қабілетті де талапшыл екенін байқап, оны ғылымға баули бастадым. Жазғандары ұнап, ғылым жолына, журналистика әлеміне баулыдым. Бұл үшін мен әлі күнге мақтанам, алла жазса, мақтана берем де. Ұстаз ретінде шәкірттерімнің бойындағы әрбір жетістіктерін көріп қуанатынмын. Бірақ, Алланың жазғанынан озып кете алмаймыз. Айдостан айрылып қалдық деп Арайлым (студент) телефон тұтқасында жылап жібергенде, мен жұбанышқа сөз айта алмадым. Жұбанышқа сөз болмады, сөз табылмады. Менің армандап ғылымға қосқан үш бәйге атымның бірінің омақасып құлап түсіп, ажал құшқанына мойындағым келмеді. Бірақ амал жол. Өтеген батыр ауруханасына барғанда, жігіттерді алып кетіпті. Ақжолдың анасына көңіл айтып, жұбатқанмен не қайыр?! Жалғыз ұлынан айрылған ана көңілі қам. Құрбыларынан оқ бойы озық тұрған Айдос дара еді. Ол қарапайым. Артық сөзі де, қылығы да жоқ. Айтқанды пайыммен қабылдап, орнымен орындап жүреді. Сөзге жоқ, іске шебер. Оның қолынан http://intelligent.kz/ http://youngreporter.kz/ сайттары шықты. Ол журналистика факультетінің 80-жылдық тарихында алғаш жасақталған "Қазақ елі" ғылыми экспедициясының картасын сызды, траекторяисын дайындады. Қазақ халқының тарихи-семиотикалық атласын әзірледі. Фэйсбук желісінде "Ауылға хат" парақшасын құрып, модераторы болды. Ол заманмынан озық тұрды. Қатарластарынан артық ойлады. Өзім қызғыштай қорып, қанатыма тартып жүрген Айдостан осынша ерте айрылып қалам деген менің түсіме де, өңіме де енбеген шындық еді. Ол ізденгіш еді. Талапшыл, бауырмал еді. Анасын, әкесін қолға алып, қала шетінен үй соғам деп жатпай-тұрмай сабақтан, жэұмыстан бос кездері еңбектенетін. тынбайтын. Оқуын тәмамдамастан "Айқын" газетіне веб-редактор болып жұмысқа қабылдануы да оның кәсіби маман болып, ертең еңбекке араласуына мүмкіндік берді. Ол Ыстықкөлде алғаш өткізген журналистика жазғы мектебіне тренер болып қатысты. Өзінен жоғары курс, өзімен курстас студенттерге дәріс беріп, «Интернет-журналистика» саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Жатқан жерің жаннатта болсын, Айдос!
Айдос сызған "Қазақ елі" экспедиция траекториясы. 2013, маусым
Қарлыға Мысаева, ұстазы: Бүгін осы ФБ желіні жек көрдім. Осыған дейн фб-дан шәкірттердің әрбір жетістігін, қуаныштарын көріп, бірге қуанып отырушы едим.... Ал, бірдей екі студентімізден айырылғанымыз туралы осы желі суық хабар жеткізді. Сенбеймін... 2-3 күн бұрын ғана Айдоспен пәндік олимпиада жайлы сөйлескен едік... "Келеси аптада бәрі дайын болады, Апай",-деп еді... Жастығына қарамастан, Айдос ақырын жүріп, анық басып келе жатқан, қазақтың жарқ етіп шығар жарық жұлдыздарының бірі еді, әттең-ай..... Бұл орны толмас қаза...
Рауан Оқасов, журналист: Екі інімнің қазасын естіп, егіліп отырмын. Айдоспен таныс емес едім. Бірақ елдің жазғандарын оқып, оның өте дарынды жігіт болғанын біліп отырмын. Бір үйдің жалғыз баласы болыпты. Өкінішті. Иманы салауат болсын! Ал, Ақжолтайымды өмірге келген күнінен бастап білемін. Бүгін сағат екілер шамасында, біздің үйге анасы хабарласып, "Ақжолдың келін түсірер күнін күтіп жүрмін",- деген тәтті арманын айтып қалып еді. Ехх, дүние-ай! Cол сәтте басқа жақта қайғылы жағдайдың болып жатқанын қарашы... Анасының еркелетіп отырған жалғыз баласы еді. Әкесіз өсті. Қалқаманда анасы екеуі ғана тұратын. Қырықтан асқанында, өмірге әкелген баласы. "Менің әкем де, інім де, қарындасым да, анам дейтін",-Ақжол. Ал, енді анасы, алпыстан асқан шағында жалғыз қалды. Ақжол озат оқушы болған. 11 сыныпта оқып жүргенде, Венгрияда дүниежүзі тарихынан халықаралық Олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанған. Соның арқасында, журфакқа грантқа қиналмай түсті. Кейінгі кездері, бір телеарнадан авто туралы бағдарлама ашсам деген арманын айтып жүруші еді. Сол автодан келді ажалы. Бақұл бол бауырым, інім, алтыным! Жаның жәннатта болсын! АЛЛА Анаңа денсаулық, сабырлық, ұзақ ғұмыр берсін!
Дарын Шөкенов,топтастары: Жаратқан жандарын жәннәттан еткей! Тірілердің қолынан дұға тілеуден өзге не келсін! Екеуі де Сәбит Мұқановша айтсам "Аққан жұлдыздар" ғой. Жарқ етіп келіп, жарқ етіп өтті! Алланың қалауымен екеуі де екі күн бұрын өмір сынағынан сүрінді, ендігі тілерім осы уақытқа дейін жиған сауаптары қабір азабынан құтқарып, жұмақ есігіне жетелесе екен!
Гүлжан Серік, журналист: Айдостың талантты екені 1 курсында-ақ байқалған. 3D фильм түсіріп, таңдай қақтырған. Кейін «Ең дарынды журналист» байқауына бірге қатысқанымызда жақын араласып кеттік. Сол жарыста Айдос өзі қатысқан номинация бойынша ең үздік атанды, жоғары балл жинады. Екінші рет, Айдоспен «І Қожекеев оқуларында» қайта қауыштық. Бәріміз жүлделілер қатарынан орын алдық. Сол жарыстағы оның ашқан «Сатирик.кз» сайты бүкіл қазақ қоғамына қажет еді. Марқұм Қожекеевтің шығармашылығына ғана емес, сатира жанрына арналған тың дүние болды. Үшінші рет, Айдоспен Қырғызстандағы жазғы мектепке бірге бардық. Ол бізге оқытушы ретінде барып, дәріс оқыды. Сайт ашудың қыр-сырын шамасы келгенше үйретті. Төртінші рет, Айдоспен Елбасының шәкіртақысына бірге тағайындалдық. Бірімізді біріміз құттықтап, қуанышты хабарды торт алып, тойладық. Бесінші рет, Айдоспен БҰҰ аясындағы фильмнің тұсаукескерінде кездестік. Онда да марапатталып қайттық. Алтыншы рет, Айдостан газетке сұхбат алдым. «Дарын» деген айдарыма шығарып «Алғыр Айдос» деп мақала жаздым. Сонда бүкіл редакциядағы ұжым Айдостың мықтылығына таңданды. Кейін 2013 жылдың қорытынды газетін шығарған тұста Айдостың қорытынды пікірін жарияладық. Сонда ол «2013 жыл мен үшін табысты болған, әсіресе есте қалатындығы жақындарыммен жақындай түскендігім. 2014 жылдан мұнан да жақсы үміттер күтемін» деген еді.
Иә, Айдос болашағынан үміт күтетін дарынды жас болатын. Қазақ журналистикасы бір ұлынан айрылды. Өмірге күз боп келіп, көктем боп өтті. Жаның жәннатта болсын, Айдос...
(Айдостың дәріс оқуы)
Ермұрат Назарұлы, достары: Алладан бұйрық келсе шыныменен, Ағып түсер жұлдыз да аспандағы... Ажал Алла қаласа біреуге ерте, біреуге кеш келер. Айдос пен Ақжолдың қазасын телефонмен естідім. Аллаһ Тағала ажалы жеткенді кешіктірмей де, ілгерілетпей де барзақ әлеміне бағыттайды. Ақжолмен жақсы араласпасам да сәлеміміз түзу болатын. Ал, енді Айдос Әріпбаевтың жөні бір бөлек. Өзіне қатысы жоқ нәрсеге бас ауыртпайтын асқан дарын иесі еді жарықтық. Жандарың жәннатта болсын, бауырларым!!!
Әйгерім Мақажанова, Айдостың досы: Facebook арқылы танысқан досым. Өмірде көрмесем де, чатта бірталай сөйлесіп бауырымдай болып кеткен еді. «Айқын» газетінде көтерген қоғамдық мәселелерге байланысты пікір алмасқан едік, кейін ол пікірлерді баспасөзге жариялады. «Жасы кіші болса да, ақылы асса ағаңдай болар» демекші, білімділігімен, парасаттылығымен болашағы зор журналист екенін байқатты, өте сыпайы, мәдениетті сөйлесетін. Одан көп нәрсені үйренуге болар еді, әттең ғұмыры ұзақ болмады. Жол апатынан қаза болғанын кеше суреті бар посттардан оқып, жүрегім ауырды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Ата-анасының, туыстарының, жақын достарының қайғысына ортақпын. Иманы саламат болсын!
Осы қайғылы естеліктер екі баланың қаншалықты қымбат, қаншалықты қадірлі болғандықтарын аңғартып тұрғандай. Олардың орны ойсырап қалды. Қу, дүние-ай! Айдос Әріпбаев ВК желісінде: "Бәрі өткінші... Сезім де, сенім де, махаббат та! Бәрі бітеді... Қызық әңгіме де, жылы сөз де, құштарлық та! Бәрінен жалығасың... Жақсыдан да, жаманнан да! Бәрі қалады... Сұлулық та, сымбат та!" деп жазыпты. Мүмкін, ерте кететінін алдын ала сезді ме екен? Неге өмірдің өткінші екенін ерте ұқты? Ерте ұқты да, ерте кетті. Өзі айтқандай, бәрі қалды. Өткінші өмір де, қабырғасы қайысқан ата анасы да, достары, топтастары, мақтан тұтатын ұстаздары... Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Айдос пен Ақжолдың ата-анасына қайғыра көңіл айтамыз. Жандары жәннатта болсын!
Орынбасар Бақытбекұлы
Жания Әбдібек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір