• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Қыркүйек, 00:05:15
Алматы
+35°

2024 жылы 1 ақпанда Ұлттық қордан Қазақстандағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі 6 919 131 балалардың шотына 100 доллар 52 цент көлемінде ақша келіп түсті. Компьтерден баласының ЖСН-нін теріп, бұл сомаға куә болған ата-аналар айран-асыр, бастарында сан түрлі сұрақ.

Сол себепті осы ретте жиі туындайтын сұрақтардың бір парасының жауаптарын Qamshy.kz сайты іріктеп, жариялауды жөн көріп отыр.

Менің балам 2009 жылы дүниеге келген. 100 доллар 52 цент 2023 жыл үшін түсіп отыр. Ал алдындағы оның 14 жылына бұл төлем жүргізілмей ме?

Жоқ. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңға ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңына) 2023 жылы 16 қарашада қол қойды. Сондықтан балаларға арналған нысаналы жинақты есептеу осы кезеңнен басталады. Оның үстіне бұл төлем емес, балаға арналған нысаналы жинақ. Оны шоттан бірден шеше алмайсыз, бала 18-ге толғанға дейін ол жинақтала береді. Одан кейін оны тек екі жағдайда қолдана аласыз: балаға баспана алу үшін немесе оқудың ақысын төлеу үшін.

Балам 18-ге толды делік. Сонда 100 доллар 52 центті қайда жұмсаймын, қалай оны алады? Жалпы, бұл сома түкке жарамайды ғой?

18 жасқа толған Қазақстан азаматы Ұлттық қордан бөлінген жинақтарды 2024 жылдың 1 ақпанын бастап пайдалана алады.
Қаражатты пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды БЖЗҚ-дан АҚШ долларымен аударылатын банктік шот ашып, уәкілетті операторларға жүгіне алады. БЖЗҚ-мен келісім жасасқан және "Ұлттық қор - балалар" бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін уәкілетті операторлардың тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған.

Мәселен, «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, яғни 1 ақпанда алғашқы болып екі студент enpf-otbasy.kz платформасын пайдаланған. Олар - Тараз және Шымкент қалаларының студенттері. Оның екеуі де қаңтар айында 18 жасқа толып кеткен. Екеуінің бірі оқу ақысына ішінара төлеу, тағы бірі баспана алу мақсатында «Отбасы банктен» шот ашып, Ұлттық қордан алған қаражаттарын соған аудартқан. Мұндайда алдымен enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, онлайн шот ашуға болады. Ал оған кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Егер жобаға қатысушы осы уақытқа дейін банктің клиенті болмаса, онда ағымдағы шотты Отбасы банкінің жаңа мобильді қосымшасында ашуға болады. Ол үшін App store/Play market дүкенінен «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Сондай-ақ баспана маркет порталында шот ашуға болады (otbasybank.kz), банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің hcsbk.kz сайтына өтіп, бейне-қоңырау арқылы ашуға мүмкіндік бар.

Берілген сілтеме бойынша өтіп, баламның ЖСН-нін тергенде, ешқандай мәлімет шықпаса, яғни бұл төлем менің балама жасалмаған болса қайтемін?

Бұған екі жағдай себеп болуы мүмкін. Мәселен, балада:

  • жеке басын куәландыратын құжат, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн;
  • азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе ол дұрыс көрсетілмеген болса, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.

«Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісі өткізіп алған кезеңді ескере отырып, келесі жылы толық есептелетін болады.

Танысымнан балаларға ақша түсіп жатыр дегенді естідім. Оны қай жерден көруге болады?

Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында тексере алады. Ол арада бірден баланың ЖСН-нін теру сұралады. Сондай-ақ, бұл арадан бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, өзіңізді қызықтырған сауалдарға жауап ала аласыз. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы жеке кабинетінде де тексере алады.

Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.

Еліміздің жасы, жынысы, өңірлері бөлінісіндегі есептеулер бойынша статистикалық есептер enpf.kz сайтында тұрақты түрде орналастырылатын болады.

Енді жылда, яғни балам 18-ге толғанша оның шотына Ұлттық қордан 100 доллар 52 цент келіп түсіп отырады ма?

Жоқ. Жылда бала шотына тура осы сома келіп түседі деу жаңсақтық. Бағдарлама шарттары бойынша қаражат доллармен жинақталады. Жыл сайынғы аударылымдар сомасы тұрақты болмайды және қордың инвестициялық табысына қарай өзгеріп отырады. Жыл сайынғы төлемдер туралы нақты деректер әр жылдың басында белгілі болады.

Ал 100 доллар 52 цент деген қайдан шықты дегенге келетін болсақ, мәселен Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа толмаған балалар арасында бөлінеді. Дәл қазіргі таңда 7 миллион шамасында бала бар делік. Шотқа түсіп тұратын сома Қазақстан азаматтары болып табылатын балалардың санына байланысты болады. Алдын ала есептеулердің қорытындысы бойынша, келесі жылы 18-ге толатын балалар шамамен 160-170 доллар алуы мүмкін, ал 2023 жылы туғандар кәмелеттік жасқа толғанда 3,5-4 мың доллар алып қалады.

Менің баламның үйі бар делік, алдын ала баспанасын алып қойдық. Ол оқуға грантқа түссе, сонда бұл ақшаны біз пайдалана алмаймыз ба? Қалай болады?

Бағдарламаға сәйкес, егер 18 жасқа толған азамат қаражатын рұқсат берілген мақсаттарға қолдануды қаламаса, бұл ақша шотында 10 жыл бойы сақталады. Осы мерзім аяқталған кезде бұл жинақ сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
2023 жылдың соңында, желтоқсан айында балам 18-ге толды. ЖСН бойынша тексерсек, ешқандай мәлімет шықпайды? Ұлттық қордың ақшасынан сонда біз үмітті бола алмаймыз ба?

Өкінішке қарай, солай. «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы 2024 жылдан бастау алады.

Менің кәмелетке толмаған екі балам бар. Екеуі үшін ақша бір шотқа түседі ме?

Жоқ. Әр балаға ақша жеке-жеке түседі. «Жеке тұлға» мемлекеттік мәліметтер базасы деректері негізінде БЖЗҚ-да жеке шот автоматты түрде ашылады. Ақша 18 жасқа толғанда пайдалану үшін қолжетімді болады. 18 жылдық инвестициялық табыстың 50%-ы қатысушылардың санына - 18 жасқа толмаған балаларға бөлінеді, осылайша бір балаға бөлінетін сома есептеп шығарылады. Есептеу әр жылдың басында, жыл сайын жүргізіледі. Бұл сома белгілі бір кезеңдегі балалардың санына және инвестициялық табысқа байланысты өзгеруі мүмкін. Ақша мақсатты шоттарға доллармен аударылып, сол жерде сақталады. Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында тексере алады. Ол арада баланың ЖСН-нін теру сұралады.

Менің кәмелетке толмаған төрт балам бар. Ұлттық қордан бөлінетін ақшаны алу үшін қандай құжаттарды қай жерге өткізуім керек?

Ешқандай құжат өткізбейсіз. Қазірдің өзінде балаларыңыздың әрқайсысына арнайы шотқа алғашқы нысаналы жинақ келіп түсіп тұр. Ол туралы мәліметті ата-ана egov.kz. порталындағы өзінің жеке кабинетінен немесе kids.enpf.kz сайтында тексере алады. Ол арада әр баланың ЖСН-нін теру сұралады. Одан кейін бұл ақшаны ала алмайсыз. Жоба қатысушысы 18-ге толғанда, ақшаны екі мақсатқа аударуға болады: оқу ақысын төлеу немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға. Бұл мақсаттарға тек БЖЗҚ мен «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында өзара мәмілеге қол қойған ЕДБ-де (екінші деңгейдегі банктер) шот ашуға болады. Екінші деңгейдегі банктер тізімін БЖЗҚ өзінің корпоративтік сайтында жарияланған.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ұлттық қор БЖЗҚ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір