02 Қазан, 2023 Барлық аймақтар
Сәлде таққанның бәрі Пайғамбар емес
Қоғамда қателігі кешірілмейтін үш мамандық бар: тәрбие мен білім саласындағы мамандар, дәрігерлер мен дін өкілдері.
Фото: ашық дерек көзінен алынған
Дұрыс медициналық көмек көрсетпеді деп дәрігерлерді айыптайды, кешегі Талғар ауруханасындағы жағдай сияқты «тіріден өлікке жеткіздің» деп медицина өкілдерін ұрып-соғады. Балабақшада тәрбиешілердің баланы ұрғаны түсірілген видеолар тарап жатады. Енді қоғамның қызу талқысына ұшыраған жайт мешітте болды. Бейнекамераға түсіп қалған оқиғада бүлдіршін намаз оқып жатқан имамның алдынан өткенде, дін өкілі баланы аяусыз бетінен қағып жіберген екен.
Әлеуметтік желіде видео астына сан алуан пікір жазылған. Көбі Ринат Зайытовтың «намазхандардың 80%-ы алаяқ» дегенін негізге алып, оның растығын тілге тиек етіп жатыр. Алаяқтық пен балаға деген аяусыздық қабыспайтын, екі бөлек іс. Бірақ қоғам санасына сол пікірдің сіңісті болып, қабылданып кеткені соншалық, исламға қатысты әр іске бағаны солай қоймақ.
Депутаттың сөзінде дінді ойыншық еткендерге сілтеме бар. Елімізде я шетелдегі жайттарды алсақ та, күмән туғызбас үшін дін жамылып жүргендердің бары жасырын емес. Теріс бағыт ұстанғандардың бірқатары Сирияға кеткенде, көпшілік қарапайым өз қандастарымызды экстремистей көріп, Қазақстанда діни жағдай ушығып кетті. Міне, ел алдында айтылған бір пікір сондай деңгейде қайта қысым туып кетуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Соның бір көрінісі осы жайт.
«Діншілдер» мен «қарапайым адамдар» деп бөлу ағаттық. Дей тұрғанмен Пайғамбар сүннетін ұстанамын деп, елге үгіт-насихат айтып жүрген молдалардың сөзі мен ісі түзу болмай, көпшілікке не ғибрат береді?! Мешіт өкілдерінің ағаттығы бірінші рет айтылып жатқан жоқ, кейде «түймедейді түйедей» етіп ел асырып қабылдайды, енді бірде адамгершілік шеңберіне сыймайтын істерін ақтауға да негіз болмайды. Тек олардың да қарапайым студенттер сияқты университет оқығанын, басқалардай енді жұмысқа тұрған жас маман екенін көп ескере бермейміз.
Видеодағы жағдайды талдайтын болсақ, намазда адам алдын кесіп өтуге болмайды. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі намаз оқып тұрған адамның алдынан ешбір қажеттіліксіз кесіп өтуге тыйым салынғанын айтады, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз оқушының алдын кесіп өткен адам өзінің қаншалықты күнә жасағандығын білгенде, намаз оқушының алдын кесіп өткенше, қырық тоқтап, күте тұрғаны жақсырақ болар еді», – деген сөзін дәлел ретінде келтіреді. Алайда бұл жағдайда күнәсіз баланың кесіп өтуі қалай болмақ?
Пайғамбарымыздың жұбайы Үмму Сәләмадан (р.а.) жеткен хадис жақсы мысал бола алады:
«Алла елшісі (с.а.у.) Үмму Сәләмәның бөлмесінде намаз оқып жатқан тұста, Абдулла ма, әлде, Омар ибн Сәләмә ма, Пайғамбарымыздың алдын кесіп өтпекші болады. Сонда Алла елшісі қолымен ишара жасап (өтпеуін білдіреді), ол (өтпей) кейін қайтады. Оның артынан Үмму Сәләмәның кішкентай қызы Зәйнәп алдынан кесіп өтіп бара жатады, оған да Алла елшісі қолымен өтпеуіне ишара жасайды, алайда Зәйнәп оған қарамай өтіп кетеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) намазын оқып аяқтағаннан соң Зәйнаптың қайтпай кесіп өткеніне орай: "Олар (ұлға қарағанда) қиқарлау келеді" деген екен».
Хадистен ұққанымыз, намаз оқып тұрғанда алдынан бала өтсе айып емес, бірақ тоқтатуға, белгі беру ләзім. Алдынан адам өтіп кетпеуі үшін жайнмаздың мөлшеріндей бас жағына бір зат қойғаны абзал. Оны «сүтра» деп атайды, яғни, бөгет. Сүтра койылған жағдайда, намаз оқып тұрған кісінің алдынан өте беруге болады деп жазылған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір