• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Қыркүйек, 19:57:22
Алматы
+35°

Қазір әлем ашық ақпарат майданына көшкендіктен, мәдениеттер мен өркениеттер «қақтығысы» күн сайын сананы сыналап жаулауда. Бұл әсіресе адамдардың сеніміне шабуылдап, руханиятын лайлап үлгергенін еліміздегі жат діни ағымдардың лаңынан белгілі тәжірибеге айналды. Осы орайда діни сала қызметкерлерінің жат ағымдарды ауыздықтауға пәрмені қаншалықты деген сауал туындайды. Сондықтан еліміздегі жалғыз ислами жоғары білім ордасы Нұр-Мүбарак университеті жанынан «Экстремизмнің алдын алуға байланысты мамандарды қайта даярлау институты» болып ашылған орталық жақында «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясы» болып қайта құрылған. Академия діни оңалту және эксремизмге қарсы сала бойынша негізгі әріптестер Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің  Дін істері комитеті, әкімдіктер, аймақтық діни зерттеу орталықтары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екенін айтады.  

Осы аптада ҚМДБ мамандарына арналған «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курс басталды. 

"Экстремизмнің алдын алу бағыттары бойынша бізде тұрақты жобалар, курстар жыл бойы жалғасып отырады. Соның бірегейі ҚР АҚДМ Дін істері комитетімен үшінші жыл қатарынан «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» атты курс өте жоғары деңгейде өтті. Соңғы рет еліміздің түкпір-түкпірінен діни салаға тікелей қатысы бар 73 маман, яғни теологтар, исламтанушылар, имамдар, дінтанушылар жан-жақты білімдерін жетілдірді. Ал қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандары біліктілігін арттыру үстінде", – деді академия директоры, теолог Тимур Нүсіпханұлы:

Сондай-ақ соңғы 2 жылда ҚМДБ, аймақтық және қалалардағы дін істері басқармалары, оларға қарасты орталықтар, жалпы 700-ден аса маман қамтыған 9 курс ұйымдастырылған. «Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған және деструктивті діни ағым жетегіндегілерді оңалту мақсатында еліміздің әр аймағынан 200-дей адамға курстар өткен. Тек бұл бағытта ғана емес, БАҚ, әлеуметтік желілерде деструктивті санаға насихаттаушы шетелдік уағызшылардың 15 бейнежазбасына сараптама жасалып, нақты жауап берілді. Республикалық «Жетісу» телеарнасымен бірлескен «Бүгінгі дін» телехабарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, дерадикализация бойынша өзекті тақырыптарға 22 хабар көрерменге ұсынылған. Демек еліміздегі діни тұрақтылық жолында біліктілігі мығым мамандар артып қана қоймай, елдің діни сауаты да көтеріліп келеді деген сенімдеміз.

Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір