• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 22:28:07
Алматы
+12°

Шығыс Қазақстан өзінің табиғи байлықтарымен және табиғаты көз тартар шұрайлы жерлерімен, демалатын туристік аймақтарымен әйгілі өлке. Алайда, стихиялық қоқыстар мен табиғи ресурстарға ұқыпсыз қарау мәселесі осы күнге дейін өзекті болып, қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде.

«Құрметті кездесуге қатысушылар, осы алаңды пайдалана отырып, келесіні айтқым келеді. Сіздің өңіріңіз табиғи байлықтарымен, әсем жерлерімен әйгілі. Бұл Катонқарағай ұлттық паркі, Марқакөл көлі және басқа да жерлер. Осынау сұлулықты көруге сіздерге көптеген туристер келетінін жақсы білеміз. Біздің бірегей табиғи байлықтарымызға ұқыпты қарауға, қоқыс тастамауға, өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырамын. Болашақ ұрпақ үшін табиғи сұлулықты құрметтеп, сақтау керек» деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ШҚО жұртшылығымен кездесу барысында.

Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Министр өңірдің табиғи ресурстары туралы айта келе, су шаруашылығы объектілерінің тозуы және судың үлкен шығыны жайлы сөзге тиек етті. Аталған мәселеге  байланысты, қазір су инфрақұрылымын қайта жаңарту, суару арналарын цифрландыру жүргізілуде.

«2017 жылдың басында елімізде 41 авариялық су қоймасы болды. Соңғы 5 жылда (2017-2021) 16-сы жөнделді.  Биыл тағы 6 құрылыс қалпына келтіріледі, ал 2025 жылға дейін тағы 19 су қоймасын жаңарту жоспарлануда, оның ішінде 2023 жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысындағы 2 апатты су қоймасын жөндеу жоспарлануда. Бұл Зайсан ауданындағы «Үйдене» су қоймасын салу және Тарбағатай ауданындағы Қарғыба өзеніндегі бөгетті қайта жөндеу жұмыстары. Нәтижесінде 3 елді мекенді су басу қаупі төмендейді және суармалы жерлердің ауданы 13 мың гектарға ұлғаяды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа Су кодексінің және ілеспе заң жобасының тұжырымдамалары әзірленді, олар талқылау үшін Ашық НҚА порталында орналастырылған. Су заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз бар ма, оларды бізге жібере аласыз", - деп толықтырды министр.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: шқо экология

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір